Instagram мен TikTok артта қалды: әлемде ең көп жүктелген қосымша белгілі болды

2025 жылдың наурыз айында әлем бойынша ең көп жүктелген мобильді қосымша – ChatGPT. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Appfigures Intelligence сарапшыларына сілтеме жасап хабарлайды.
Жасанды интеллектке негізделген бұл қосымша бір ай ішінде 46 миллион рет жүктелген. Осылайша, ол ұзақ уақыт бойы көш бастаған Instagram мен TikTok-ты артта қалдырды.
TikTok наурызда 45 миллион жүктеумен үшінші орынға жайғасты. Бұл көрсеткіш былтырғы наурызбен салыстырғанда төмен. Instagram 46 миллион жүктемемен екінші орынға ие болды, бірақ өткен жылдың көрсеткіштерінен айтарлықтай қалып қойды.
Сарапшылардың айтуынша, ChatGPT-дің танымалдығы өсіп келеді. Ақпаннан наурызға дейін қосымшаның жүктелу саны 28 пайызға артса, 2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңінен 148 пайызға жоғары. Мамандар алдағы уақытта да осылай жалғаса береді дейді.
Facebook пен WhatsApp қосымшалары да үздік бестік қатарынан көрінді. Сарапшылардың болжамынша, алдағы айларда да бұл тізімде айтарлықтай өзгеріс болмайды.
Жалпы, наурыз айында әлем бойынша ең танымал 10 қосымша 339 миллион рет жүктелген. Appfigures мәліметінше, мобильді қосымшаларды жүктеу көрсеткіші жыл басынан бері 14,9 пайызға төмендеген.