Социум

«Илон Масктың өзі таңғалар еді»: Ресейлік блогер Қазақстанға келіп, интернет пен архитектураның дамуына қайран қалды

Ресейлік саяхатшы блогер “Дзен” платформасындағы жеке блогында Қазақстанға сапарынан алған әсерлерімен бөлісті. Елордаға табан тіреген азамат жылдам интернет, жаңа қоғамдық көліктер мен архитектураға қарап таңданысын жасырмады. Ол тіпті шалғай ауылдарда да кідіріс жасамайтын желі жұмысына қайран қалғанын айтты.

 

Блогердің бала күнгі досы Қазақстанға бір жыл бұрын жұмыс бабымен көшіп келген. Кейін өзін қонаққа шақырған. Мұнда келер алдында Польшаны аралаған азамат Қазақстанды мүлде басқаша елестеткенін жасырмайды. Айтуынша, шөл даланың ортасында кеңестік мұраның қалдықтары мен 80-жылдардан қалған ғимараттарды көреміз деп топшылаған екен. Алайда елге келіп, бәрін өз көзімен көрген кезде таңданарлық дүниелерге тап болған.

Блогер ең алдымен жоғары жылдамдықтағы интернет сапасы қайран қалдырғанын айтады. Ол тіпті шалғайдағы ауылдарда да кідіріссіз ұстайтын желі жұмысын Ресеймен салыстырып, әлдеқайда жақсы екенін алға тартты.

“Тіпті Польшаның астанасы Варшавада да интернет сапасының мұншалықты жақсы екенін көрмеппін. Ал құнының арзандығы тіптен таңдандырады”, – деді ол.

Блогер әлемде ғаламтор құнының арзандығына байланысты Ресей сегізінші орында болса, Қазақстанның бұл тізімде төртінші тұрғанын тілге тиек етті.

Әуежайдан қала орталығына дейін автобуспен қатынаған азамат электр қуатымен жүретін қоғамдық көлік жағдайы да өзін таңырқатқанын алға тартты.

“Бұл ескі, кеңестік көліктер емес, зарядтау розеткалары, карта көрсетілген экрандары мен ішкі интернеті бар заманауи троллейбустар болды. Жолда кездескен автобустардың барлығы дерлік электромобильдер. Бәлкім, тіпті Илон Масктың өзі мұны көрсе таңғалар ма еді!” – деп қосты ол.

Көзіне көшпенділер мен ескі үйлерді, кеңестік ғимараттарды елестеткен блогер елорданың зәулім ғимараттарына да оң баға бере кетті.

“Астана – небәрі жиырма жыл бұрын Қазақстанның бас қаласы атанған. Қазір мұнда бір жарым миллионға жуық адам тұрады. Ресейдегі төртінші үлкен қала, менің туған жерім Екатеринбургте де осынша тұрғын бар. Алайда таңданарлығы сол Астана Екатеринбургтен әлдеқайда бай көрінеді. Мұнда зәулім ғимараттар, бизнес орталықтар мен үлкен саябақтар әлдеқайда көп”, – деп қосты ол.

Ал редакция журналистері, блогердің елімізде кеңінен өрістеп жатқан мобильді байланыстың бесінші буыны 5G желілері туралы білсе, таңданысы күшейе түсетінін топшылап отыр.

Другие новости

Back to top button