Интервью

«Халықты білімге бастау – қиын жұмыс»

Дәулет Мұқаев - экономист

Халыққа қаржы сауаттылығын үйретіп, баспаналы болуға бағыт-бағдар беріп жүрген блогер, экономист Дәулет Мұқаев жақында АҚШ-қа кетті. Кей оқырмандары оны Америка жеріне біржолата көшті десе, кейбірі демалыста жүр деп жорамалдауда. Нақтысын блогер Stan.kz тілшісіне ашып айтты. 

− Дәулет мырза, АҚШ-қа жолға шыққан екенсіз, жолыңыз болсын! Басты мақсатыңыз қандай? Қаншалықты ұзақ болуға жоспар құрдыңыз?

− Мен докторантура оқып жатырмын.  Оқу жоспары бойынша докторанттарға шетелге үш айға тағылымдамадан өту мүмкіндігі қарастырылған. Америкаға сапар шеккендегі басты мақсатым да сол – докторлық тағылымдама. Бұйырса, осы жылдың аяғында елге оралуды жоспарлап отырмын.

− «Бизнеске бағыт» кітабыңыз талайға бизнес бастауда жол көрсетті. Екінші бөлімі несімен ерекшеленбек? 

− «Бизнеске бағыттың» екінші бөлімі алдыңғысынан өзгерек болмақ. Себебі менің оқырмандарым арасында менің бағыт-бағдарым арқылы жеке кәсібін дөңгелетіп отырған жандар өте көп. Олар қарапайым адам болып отырып, көз алдымда өсіп жатыр, арманындағы үйін алып, ойлаған көлігін мініп жүр. Екінші бөлімнің ерекшілігі – солардың «бұл кәсіпті неден бастады?», «қалай бастады?», «қандай кәсіп түрі қоғамға керек?», «қанша ақшамен бастады?» деген мазмұндағы қарапайым мысалдарының негізге алынуы. Мәселен, бар-жоғы бір кәсіпкер 250 мың теңгемен торт пісіріп, кондитерлік кәсіптен нәсіп тауып отырса, қызылордалық Гүлзат есімді оқырманым өзінің морс кәсібін небәрі 50 мың теңгелік бюджетпен бастап, «мүмкін емес» деген тіркесті қолданыстан шығарды. Міне, солардың өмірін өзге оқырмандарға көрсету арқылы, бизнес бастаудың шағын кейстерін түсіндіреміз. Тарауларында «500 мың теңгеге дейінгі бастауға болатын бизнестер», «3 миллионға дейінгі», «5 миллионға дейінгі» деген сияқты шағын бөлімдер болады. Оған қоса өзімнің айналысып жүрген кәсібімді де саламын.

− Соңғы жылдары танымал тұлғалардың кітап жазуы трендке айналып келеді. Әрине, қазақша кітаптардың саны өскеніне қуанамыз. Кітап жазу оңай болып кетті ме әлде авторлар кітап сатуды кәсіпке айналдырды ма? 

− Танымал адамдар бренд, имидж үшін жазатын да шығар. Бірақ кітап сату оңай емес. Өйткені халықты білімге бастау – қиын жұмыс. Өзіңнің тұрақты оқырмандарың, оларды кейде армия деп те жатамын (күліп – ред.) болмаса, кітап басып шығарып, оны сату – жеңіл іс емес. Бәрі, сенің халыққа ұсынатын құндылығыңа байланысты. Әрине, жақсы идеялар мен пайдалы дүниелер жазар болсаң, ол маркетингте ауыздан-ауызға тарап, түбінде саған пайда әкеледі.

− Жазушылар Одағының мүшелері, аға буындар “қазақша кітап саны көбейсе де, ішіндегі сапалысы аз. Сөздік қоры төмен кітапқа жастарды улап жүрміз” деп наразылық танытуда. Жалпы танымал блогер, әнші, тележүргізуші, сарапшылардың кітаптарын сатып алып оқисыз ба?

− Өзінің өмірінен ананы да, мынаны жазып, өсек сияқты қиял әңгімелерін қосқан, жүрген жерлері жайында «далбасаланған» дүниелер көп жағдайда оқылмайды. Халық ақымақ емес қой. Халықты алдау мүмкін емес! Әнші, тележүргізуші, блогерлердің кітаптарын оқымаймын. Қазір ойлансам, ешқайсысы есіме түспей отыр.

− Қазақстандағы қаржы сауаттылығы пен баспаналы болу жолдарын үйретіп жүрген бірден-бір сарапшысыз. Өзіңіз балаларыңызға қаржы сауаттылығын қанша жасынан бастап үйретудесіз?

− Балаларды қаржы сауаттылығына тәрбиелеуді 4-5 жастан бастау керек. Қазіргі балалардың барлығы ақшаның не екенін біледі. Тіпті, жасқа толып, тәй-тәйлап жүрген сәбилердің тұсауын кесіп жатқан да олардың алдындағы ақшаны таңдап жатқанын жиі байқаймыз. Сол кезден бастап ақшаны көрсете білу керек. Сөйлей бастаған кезде дүкенге апарып, ненің қымбат, ненің арзан екенін санасына құя беру қажет. Ақшаның құндылығын, номиналын түсіндіре берген дұрыс. Баланың жасы өскен сайын әр түрлі нәрсе айтылуы керек. Мен балаларымды қаржылық сауаттандыруды 3-4 жасынан бастадым. Сол жастан бері, қайсысы үлкен, қайсысы кіші екенін түсіндірдім. Алды 6-да, екінші ұлым 4-те ғой. Екеуі қазір ақша жинап жүр.

− Бұрынғы ата-әженің тәрбиесімен, қағидасымен балаларды тәрбиелеу мүмкін бе? Әлде расында қызға қырық үйден тыйым салып, ұлды қатал тәрбиелеу ескіліктің еншісінде қалу керек пе?

− Қалай дегенмен де, мен бұрынғы тәрбиені көріп өскендердің бірі шығармын. Заманауи бала тәрбиесінде еркіндік керек деп жатады ғой. Бірақ міндетті түрде бақылау болғаны дұрыс. Бақылауға алынбаған ұл да, қыз да ертеңгі күні есерсоқ болып кетеді. Сондықтан, «тыйым» деген нәрсе болуы тиіс. Ата-әже де, әке-шеше де өскелең ұрпаққа «ненің ақ, ненің қара екенін» түсіндіре білу керек.

− Қазір “табысың артпаса, ақша келмей жүрсе психологқа барып жұмыс жасу, бала кездегі травмаларды еңсеру сәнге айналғандай. Сіздің бұл туралы көзқарасыңыз қандай? Өзіңіз психологқа барасыз ба?

− Шынымды айтсам, өмірімде психологтың қабылдауында болып көрмеппін. Негізі, жаңағы айтқан кішкентай кездегі қадағалаулар мен бақылаулардың болмауынан, ата-ана мен баланың арасындағы диалогтың орнамауынан кейін пайда болатын балалық психологиялық травманың болатынына сенемін. Алайда өзім сіз айтқан психологиялық жұмыстарды бірін де жасап көрмеппін. Барлығы, Алланың қалауымен, қажырлы еңбектің арқасында оңынан орнап келеді. Тек тәуекел ете білу керек.

− Еркек табысқа жетуі үшін әйел қандай болу керек?

− Еркек табысты болуы үшін әйел оған үнемі қолдау білдіруі керек. Бастаған ісіне сенім білдіру қажет. «Сенің қолыңнан келеді», «мен саған сенемін» деген сияқты жылы сөздер айту керек. Еркектер жұмыс бастайын дегенде әйелі артқа тартып отырса, түптеп келген кезде одан ештеңе өнбейді. «Әр мықты еркектің артында бір ақылды әйел тұрады» деген жақсы сөз бар. Әйел адам ана орнына ана, қарындас орнына қарындас, әпке орнына әпке бола алуы керек. Еркек сонда ғана табысты азаматқа айналады.

− Әйел табысты болған сайын еркектің ақша табу энергиясы төмендейді деген сөзбен келісесіз бе? Бұл тұрғыда сіздің айтар қандай кеңес, пікіріңіз бар?

− Менің ойымша, отбасылы өмірде ер адамның табысы әйелден жоғары болуы тиіс. Әйел адам – ол, нәзіктіктің нышаны. Әйел адам ері жұмыстан келгенде тамағын әзір  қылып, жылы шырай танытып, төсегін салып, киімін дайындап қою, бұл – біздің отбасының жазылмаған қағидасы.

− Сұхбатыңызға рахмет!

Другие новости

Back to top button