Халықпен бірге шықтым – өкінбеймін: Қаңтар оқиғасынан соң үтікпен азапталған Азамат Батырбаев
Қаңтар оқиғасынан кейін азап көргендердің бірі – талдықорғандық Азамат Батырбаев. Оның әбден азапталған, ыстық үтік басылған денесінің фотосуреттері сол тұста бүкіл елге тарап, алабөтен қатігездікті естіп, көрген адамның жағасын ұстатқан. Батырбаевтың азапталуы бойынша іс әлі де Талдықорған қалалық сотында қаралып жатыр.
Ulysmedia.kz тілшісі Азамат Батырбаевтың өзімен, адвокаты Жалғас Сапархановамен сөйлесіп, не себепті оның ісі созбалаңға салынғанын біліп көруге тырысты.
Азамат Батырбаев деген кім?
Азамат Батырбаев Талдықорғанда Қаңтар оқиғасынан кейін «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген күдікпен қамауға алынған. Жергілікті БАҚ оны бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатуға қатысты деп сипаттайды. 2022 жылдың қаңтарының соңында әлеуметтік желіде Азамат Батырбаевтың қолы мен денесі көгерген, күйген ізі көрінетін фотосуреті жарияланған. Оның туыстары Азаматты ұрып-соққанын, денесін үтікпен күйдіргенін мәлімдеген.
Сол тұста адвокат Бауыржан Азанов Азамат Батырбаевты азаптаған күдіктінің тұтқындалғанын хабарлаған. Ол азаптаған адам — Алматы облыстық полиция департаментінің қызметкері екенін мәлімдеген еді.
Талдықорған қаласының соты 2022 жылдың шілдесінде Қаңтар оқиғасынан соң «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген күдікпен қамауға алынған Азамат Батырбаевқа төрт жарым жыл шартты жаза берген. Оның алдында Азамат Батырбаев «кінәсін мойындап», тергеумен келісімге келгені хабарланған.
Азамат Батырбаевты айыптаған іс бойынша сот үкімі шыққанымен, азаптау бойынша іске әлі нүкте қойылмаған.
Азамат Батырбаевтың Қаңтар оқиғаларынан кейін тараған фотосуреті
Батырбаевтың адвокаты не дейді?
Талдықорған қалалық сотында былтыр қазанда басталған сот ісінде Азамат Батырбаевпен бірге бірнеше адам азапталу ісі бойынша жәбірленуші болып танылған. Іс қылмыстық кодекстің 146 бабы (азаптау) бойынша қозғалған. Судья Егеубековтың қарауындағы істе бірнеше айыпталушы бар (олардың кейбірінің ісі әлі де қосымша тергеу әрекеттерінің қажеттілігіне байланысты тергеліп жатыр).
Адвокат Жалғас Сапарханова Азамат Батырбаевтың ісін 2022 жылдың наурыз айынан бері жүргізіп келеді. Оның айтуынша, әуелі тергеу соңына дейін аяқталмай, тоқтап қалған. Адвокат ол кезде басқа жәбірленушілердің жазған арыздары бойынша сотталушыларға қатысты іс сотқа кетсе де, дәл Батырбаевтың ісі тұрып қалғанын айтады.
– Іске үңілсем, тергеудің бірнеше әрекеті толық аяқталмаған болып шықты. Оның ішінде беттестіру, қосымша жауап алу әрекеттері жүргізілмегенін байқадым. Іс бойынша куәгер болған да, сол куәгерлердің жауаптары түсірілмеген. Сот медицина сараптамалары жүргізілмеген. Тергеу материалдарымен таныстық. Қосымша тергеу әрекетін жүргізіп, беттестірдік. Ол жерде бірнеше куәлер болды. Ол кезде Азамат Батырбаевпен бірге бірнеше адам азаптауға ұшыраған болатын. Ішінде Азамат Батырбаевтың арқасына үтік басқан адамды көрген жәбірленуші болды. Сол эпизодтар бойынша куәлерден жауап алу жөнінде өтініш хат түсірдім. Өтініш қанағаттандырылып, куәгерлерден жауап алынып, беттестіру әрекеті, сот медициналық сараптаманы құжатта бойынша жүргізуді ұсындым. Азаматтың өзі 2022 жылдың тамызында ауруханада жатып, тромбалары жарылғандықтан, екі аяғына да ота жасалған, – дейді ол.
Жалғас Сапарханова іс бойынша тергеу әрекетінің бірінде Азамат Батырбаевтың есіне күдіктілер түскенін айтады. Сонымен бірнеше күдікті анықталғанын атап өтеді. “Сотталушылар іспен танысып жатыр” деген хабармен іс созылып кеткенін айтады.
– Азамат Батырбаевтың эпизоды бойынша төрт күдікті бар. Күдіктілердің екеуіне қатысты әлі толық тергеу аяқталмады деп, олармен тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Десе ол екеуінің бірі басқа іс бойынша қамауда. Қалған екі күдіктінің бірі алдыңғы істер бойынша сотталған. Тағы бірі үйқамақта. Батырбаев берген жауабында олардың бәрін толық айтып, көрсетіп отыр. Сот барысында куәгерлер мен жәбірленушілерден барлық эпизод бойынша жауап алынған. 11 қаңтарда сотталушылардан жауап алына бастайды, – дейді Жалғас Сапарханова.
«Халықпен бірге шықтым – өкінішім жоқ»
Бүгін де Азамат Батырбаев Ақсу ауданының Қапал ауылында тұрып жатыр. Ауылда әке-шешесіне қарайды. Малын бағады, тыныш тіршілікте. Ulysmedia.kz тілшісімен әңгіме барысында денсаулығында ақау барын жасырмады.
– Омыртқамның жотасы ісіп кетті. Бір ісік пайда болды. Бір иықты көтере алмаймын. Клинить етіп бір жақ иығым ұстап қалады. Бүйрек ауырады. Белден укол алып жатырмыз. Азаптау кезінде омыртқада трещина болған. Дәрігерлерге оны әлі көрсеткен жоқпын.
Ойланамыз ғой кейде. Ары қарай не болады? Қанша өміріміз қалды екен деп ойланып кетесің. Бәріміз жөн жоқ – азапталып кеттік. Мені «қару алдың» деп азаптап тастады ғой. Жазықсыздан жазықсыз. Соған нетесің де.. Қару алып, мылтық алып көшеде жүрсем, кінәлі болсам бір жөн. Маған «бәләмбай қару алдың» дейді. Алмаған нәрсемді қалай алдым деп айтам? Өкінішім жоқ. Халықпен бірге шықтым, – дейді ол.
Азамат Батырбаев Талдықорғанда халық жиналып, Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандарды еске алып, ас өткізбек болғанын, алайда отырысқа рұқсат бермей жатқанын естіген.
– Бізге де ешқайда шықпаңдар деп жатыр… Біз ештеңе бүлдірмесек, ондай жерге бара беруге болады ғой. Алдында 16 желтоқсанда да ауылдың учасковыйы қайта-қайта тексеріп, үйдесің бе деп сұрап жатыр. Үйдемін, қайда барам енді, – дейді Азамат Батырбаев.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың 2 қаңтарында Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының көтерілуіне қарсылықтан бастау алған жаппай наразылық бірер күнде Қазақстанның барлық өңірін қамтыған еді. Бірнеше қалада наразылықтың аяғы қантөгіске ұласқан. Ресми мәлімет бойынша, 238 адам көз жұмды (оның ішінде күш құрылымдарының 19 қызметкері бар). Алты адам түрмеде азаптаудан көз жұмған.
Қазақстанда Қаңтар оқиғасына байланысты мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адамға «терроризм», «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру», «қару-жарақ сақтау» сынды айыптар тағылды. Ұсталғандардың дені тергеу кезінде азапталғанын мәлімдеген. Кейін ұсталған, сотталғандардың көбіне рақымшылық жасалған.