Выбор редакцииСпорт

«Халық» қорының қолдауымен #АуылФутбол жобасы Алматы облысының футбол құрамасына оқу-жаттығу жиындарын өткізуде

2024 жылдың 2-7 қаңтары аралығында #АуылФутбол жобасы аясында Алматы облысына қарасты Қарғалы ауылындағы BAQSY сауықтыру орталығында оқу-жаттығу жиыны өткізіледі.

Бас демеуші «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен өтетін шараға жобаның командасы 2012 жылы туған балалардан құралған Алматы облысының футбол құрамасы қатысады.

Құрама мүшелері 9 ауылдың, яғни Абай, Райымбек, Қырғауылды, Ащыбұлақ, Алмалы, Ақсай, Жамбыл және Жібек жолы  ауылы командаларынан іріктелген 15 бала.

Оқу-жаттығу жиындары #АуылФутбол жобасы мен «Халық» қайырымдылық қоры арасында жасалған Меморандум аясында өтеді.

Жаттығу бағдарламасына күнделікті екі техникалық және тактикалық сабақ, дене шынықтыру, теориялық сабақтар, сонымен қатар бассейнге, кинотеатрға бару және бос уақытта PlayStation ойнау кіреді.

Команданың барлық мүшелері ойын және жаттығу киімдерімен, сондай-ақ жабдықтарға арналған арнайы спорттық сөмкелермен қамтамасыз етіледі.

Лагерьде күніне 4 мезгіл ыстық тамақ, 2 мезгіл жеңіл тамақ беріледі.

Оқу процесін кәсіби біліктілігі бар 3 жаттықтырушы жүргізеді. Тәулік бойы балалардың қауіпсіздігін қадағалауға, медициналық көмек көрсетуге тиісті жағдай жасалған.

«Осындай жағдайға ауыл балалары да лайық. Сондықтан біз ең алдымен ауыл балаларын спортпен, оның ішінде футболмен белсенді айналысуға ынталандыруға тырысамыз. Екіншіден, бұндай шаралар ата-аналарды ынталандырады. Қолға алған жұмысымыздың нәтижесін көрген олар балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға белсенді қатысады деп сенеміз. Үшіншіден, талантты, үздік балаларды жігерлендіреді. Бұл команданы ауыл балаларының арасынан іріктеп алдық. Іріктеу процесі ашық өтті.  Кәсіби жаттықтырушының пікірін ескердік. Бәрі әділ өтті. Басты қағидамыз да осы. Жобаның әлеуетін, ауыл балаларына оң әсерін көріп, қолдау көрсетіп отырған «Халық» қайырымдылық қорына алғысымыз шексіз», — дейді #Ауылфутбол жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов.

Оқу-жаттығу жиындарын өткізуге кеткен барлық шығындарды «Халық» қоры көтереді. Оқу-жаттығу жиынынан кейін команда түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысады.

«Әрине, футбол – спорт. Мықтылар жеңеді. Бас демеушіміздің қолдауымен жақсы нәтиже көрсете аламыз деп сенеміз», — деп түйіндеді сөзін С.Мәмбетов.

Жалпы, Меморандум аясында 2024 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 2012, 2013 және 2014 жылы туған балалардың қатысуымен 3 оқу-жаттығу жиынын өткізу жоспарлануда.

Меморандум туралы

2023 жылдың қараша айында «АуылФутбол» жобасы мен «Халық» қайырымдылық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында республика көлеміндегі ауылдық елді мекендердің 100 балалар футбол командасы қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады, 100 жаттықтырушы UEFA-ның D санаты бойынша біліктілігін көтереді, облыстық турнирлерлер өткізіледі.

Ерекше атап өткен жөн, «Халық» қайырымдылық қоры осы уақытқа дейін Қазақстанда әлеуметтік жобаларды қолдауға шамамен 50 миллиард теңге бөлген.

#АуылФутбол жобасы туралы

#АуылФутбол жобасы 2020 жылдың қаңтарында іске қосылды. Идея авторы – журналист, қоғам қайраткері Серік Мәмбетов. Жобаның негізгі мақсаты мен міндеттері – ауыл балалар футболын қолдау.

Жобаны жүзеге асыру барысында 100-ден астам командаға қолдау көрсетілді, 40-тан астам түрлі деңгейдегі турнирлер өткізілді, 30-дан астам семинарлар мен тренингтер, жыл сайынғы футбол демалыстары мен фестивальдері өткізілді. Қатысушы командалар республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды.

Жоба Қазақстан бойынша 50-ден астам команданы және 2000-нан астам баланы қамтиды.

Жоба 2024 жылды Білім жылы деп жариялады.

Другие новости

Back to top button