«ХАЛЫҚ» ҚОРЫ: UEFA-НЫҢ D САНАТЫ БОЙЫНША ОҚЫТЫЛҒАН АУЫЛ ЖАТТЫҚТЫРУШЫЛАРЫ СЕРТИФИКАТ АЛДЫ
Алматыда #АуылФутбол жобасы аясында UEFA-ның D санаты бойынша жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру курсы өтті. Жобаның бас демеушісі — «Халық» қайырымдылық қоры.
Оқытудың алғашқы легінің ашылуына «Халық» қайырымдылық қоры Алматы облысы бойынша филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов, #АуылФутбол жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов қатысты.
Бірінші лекте Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Жетісу облыстарынан 20 тренер қатысты.
Біліктілік курсы аясында жаттықтырушыларға салаға маманданған профессорлар мен кәсіби тренерлер теориялық біліммен қатар оны практикада қолдану әдістерін үйретеді.
«Алдағы үш айда республика көлемінде ауылдық елді мекендердің 100 жаттықтырушысы оқытылады. Сондай-ақ, ауылдық елді мекендердің 100 командасын қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз», – деді шараның ашылуында Халық» қайырымдылық қоры Алматы облысы бойынша филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Бүгінде 39 командаға керек құралдары тапсырылған.
«Өтіп жатқан семинарымыздың мақсаты — ауыл командалары тренерлерінің біліктілігін арттыру. Көп жағдайда ауылдағы тренерлерге білім, яғни конфиденция, квалификация жетіспейді.Сондықтан біз осыны қолға алып тренерлердің деңгейін көтеру арқылы, балалардың жаттығу процесіне көмектесуді көздеп отырмыз. Бұл балаларға да, тренерлерге де жақсы әсер береді деген ойдамыз»- дейді #АуылФутбол жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов.
Бұдан өзге #АуылФутбол жобасы аясында келер жылы 17 жарыс өткізіледі деп жоспарлануда.
Дидар Шерганаков, Алматы облысы, Енбекшіқазақ ауданы, Алмалы ауылының тренері:
«Бүгін алған біліміміздің нәтижесінде сертификат алып отырмыз. Осындай қолдау көрсеткен #АуылФутбол жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов пен Халық» қайырымдылық қорына рахмет айтқым келеді. Себебі ауылдық жерде көмек болмағандықтан футболмен жаттыққан балалар сыртқа шықпай тек ауыл арасында болатын. Қазіргі таңда #АуылФутбол жобасының арқасында көп мүмкіндіктерге ие болып жатырмыз. Облыс арасында жарыстарға барып, «Халық» қайырымдылық қорының демеушілігімен жаттығуға қажетті құралдар және формалар алдық. Оқуға келсек, екі күн тренерлерді Қазақстан Футбол Федерациясының жетекшісі Ерлан ағамыз оқытты. Сабақ ұнады. Көптеген тәжірибелер мен білім қорын жинадық. Ертеңгі күні жас футболшыларымыз бен жетекшілерімізге барынша үйретіп бөлісеміз».
Келесі оқыту маусымы қаңтар айына белгіленген.
Айта кетейік, қараша айында #АуылФутбол жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов мен «Халық» қайырымдылық қоры Алматы облысы бойынша филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов елде мекендерде футболды дамытуға арналған ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойған болатын. Жоғарыда аталған шаралар осы меморандум аясында «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен ұйымдастырылуда.