Выбор редакцииСпорт

Халық қоры: Ауылдағы футболдың жаңа тарихы басталды!

Футбол көп мөлшерде қаржыны қажет ететін ойын. Себебі мықты футболшылар шығару үшін  олардың формасынан бастап  жаттығу жасайтын базасының болуына дейін қамтамасыз ету болып табылады. Бірақ мұндай жағдайға жеткізуге қарапайым адамның қаржысы жетпейді. Осындай кедергіні ойланбастан үлкен іс бастаған  #Ауылфутбол жобасының авторы Серік Мәмбетовтың жұмысы жүйелі орындауының нәтижесінде ауыл балаларын бір ұшпаққа шығарып отыр.

Жоба  іске қосылғанда карантин уақыты болған. Соған қарамастан ауыл балаларының басын жиып бастапқы уақытта ауыл мектептерінің алаңында жаттығуды бастаған. Содан кейін  әлеуметтік желілер арқылы допқа, форма мен ауыл балаларының жаттығуына ақша жинауға кіріскен. Жергілікті әкімдіктер мен тиісті министрліктерден әлеуметтік жобаға көмек болмағандықтан тікелей әлеуметтік желілер арқылы халыққа жүгініп, демеушілер іздеген.

Төрт жыл ішінде жеке меценаттар мен демеушілер жеке турнирлер мен  жобаларды қолдап, көп көмегін тигізген. Былтыр қараша айында жоба «институционализация» деңгейіне жетіп «Халық» қайырымдылық қорының нық көмегі бүкіл елдегі ауылдық футбол командаларына көмектесу жөніндегі жұмысты жүйелі әрі нақты құрылымдауға мүмкіндік берген.  Бүгінгі күні «Ауылфутбол»  жобасында – республика бойынша жүз команда бірлесіп жұмыс істеп 3000-ға жуық  ұл мен қызды жаттықтырып отыр.

16 наурыз күні Алматыда #Ауылфутбол жобасының соңғы 4 жылдағы басты оқиғаларының бірі — #Ауылфутбол AWARDS — 2023 үздіктерін марапаттау рәсімі өтті. Сыйлықтың бас демеушісі — «Халық» қайырымдылық қоры.

#АуылФутбол AWARDS ауылдық балалар футболын қолдауға, футболды спорт түрі ретінде кеңінен насихаттауға, сондай-ақ балалардың футбол ойнауға мотивациясын қалыптастыруға бағытталған.

«Бұл шара серіктесіміз – «Халық» қайырымдылық қорының қолдауының арқасында жүзеге асты. Әрине, бұл марапат, ең алдымен, жаттықтырушылар, менеджерлер, балалардың сіңірген еңбегін мойындау болып табылады, бірақ сонымен бірге біз межені белгіледік – бұл балалар мен бала тәрбиесімен айналысатындардың барлығына көбірек мотивация. #АуылФутбол жобасына еліміздің барлық аймақтарынан шын мәнінде жұмыс істеп жатқанымызды сезінген командалар келді. Мұнда басты рөл «Халық» қорына және қордың құрылтайшылары Динара мен Тимур Құлыбаевтарға берілген. Соған рахмет», – деп ерекше атап өтті #АуылФутбол жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов.

# Ауылфутбол AWARDS-2023 марапаттау рәсімі 11 номинация бойынша өтті. Салтанатты шара барысында жүлдегерлерге «Халық» қайырымдылық қорының статуэткалары, дипломдары және ақшалай сыйлығы табыс етілді. Салтанатты шараға танымал футболшылар, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен журналистер қатысты.

«Көптеген балалар теледидарда және әлеуметтік желілерде әлемдік футболдың үздіктерінің қалай марапатталатынын бақылап жүр десем, қателеспеймін — жыл сайынғы беделді «Алтын доп» сыйлығының құны қандай». Енді міне біз #АуылФутбол үздік жобасының төл тарихымыздың бастау алғанына куә болып отырмыз. Бізге осы маңызды жобаны қолдап, бір бөлігі болу мүмкіндігі берілгеніне шын жүректен қуаныштымыз», — дейді «Халық» қайырымдылық қоры Алматы қалалық филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Фото: Сергей Алексеенок

#AуылФутбол AWARDS-2023 шарасында өте жағымды күтпеген  тосын сый  болды.  Шара қонағы, танымал кәсіпкер, сонымен қатар ең танымал футбол жанкүйері, Қазақстандағы ең танымал «Қайрат» командасының иесі — Қайрат Боранбаев ауыл балалары үшін футбол базасы салатынын мәлімдеді. Бұл дегеніміз #Ауылфутбол жобасының деңгейі тағы бір сатыға көтерілгендігін білдіреді. Ауыл балаларының болашақта өздерінің жеке жатттығу базасы болады деген сөз.

Фото: Сергей Алексеенок

Сонымен үздіктермен таныс болыңыздар:

«Үздік жаттықтырушы» номинация бойынша Алматы облысы, Алмалы ауылының команда жаттықтырушысы Шерғанақов Дидар;

«Үздік қақпашы» номинация бойынша Алматы облысы Райымбек ауылы командасының ойыншысы Серікұлы Қайсар;

«Үздік қорғаушы» номинация бойынша Қостанай облысы Тағыл ауылы командасының ойыншысы Жолбарыс Аружан;

«Үздік жартылай қорғаушы» номинация бойынша Ақтөбе облысы Ақкөл ауылы командасының ойыншысы Нұрланұлы Нұрасыл;

«Үздік шабуылшы» номинация бойынша Ақмола облысы Талапкер ауылы командасының ойыншысы Жұмабай Диас;

«Үздік команда» номинация бойынша Маңғыстау облысы Ақшұңқыр ауылының «AQSHUKUR» командасы;

«Үздік клуб менеджері» номинация бойынша Алматы облысы Ащыбұлақ ауылы командасының жетекшісі Хабиева Ажар;

«Үздік төреші» номинация бойынша Сәкенұлы Айбек;

«2023 жылдың үздік футболшысы» номинация бойынша Маңғыстау облысы Ақшұңқыр ауылы командасының ойыншысы Қуатқали Адай;

«Әлеуметтік желілердегі үздік парақша» номинация бойынша Маңғыстау облысы Ақшұңқыр ауылының AQSHUKUR(Ақшықұр) командасы;

«Үздік меценат» номинация бойынша Алматы облысы Жібек жолы ауылының меценаты Сарсенбаев Есбол лауреат атанды.

Фото: Сергей Алексеенок

Айбек Сакенұлы «Үздік төреші» номинация иегері:

Мен балалар турнирлерінде төреші болып жұмыс істеймін. Қазақстан құрамасының Талғардағы базасында Серік ағамен таныстық. Содан  бері Алматы облысы бойынша #AуылФутбол жобасының турниерлерінде бас төреші болып жүрмін. Бүгін міне  «Үздік төреші» номинациясына ұсынған екен алғысымды білдіремін. Төреші болғандықтан ойын барысында балалардың техникасына қарап жүресің. Ауыл балаларынан қазақстандық құрамаға емес, шетелдердегі мықты командаларда да ойнай алатын балалар бар деп айта аламын. Ол үшін әлі де профессионалды жұмыс керек. Соның жолында Серік ағамыз үлкен еңбек жасап жатыр.

Футбол көкжиегіндегі жұлдыздарға ұқсауды, оның орнында болуды, осындай үздікке айналуды армандамайтын бала жоқ шығар.  Шәкіртімен бірге жеңіске қол жеткізген «Үздік команда» номинация  иегері «AQSHUKUR» командасы да шарада топ жарды.

Фото: Сергей Алексеенок

Асанғалиев Әділет «Әлеуметтік желілердегі үздік парақша» номинация бойынша Маңғыстау облысы Ақшұңқыр ауылының AQSHUKUR(Ақшықұр) командасының жаттықтырушысы:

Маңғыстаудан бізді үздік деп таныған соң келіп қалдық. Жеті жыл еңбегімізді бағалап марапаттағандарына ризамыз. Тек менің ғана емес клубтағы ауыл балаларының бірлескен жеңісі. Клубтағы бір шәкіртім «Алтын Доп» иегері атанып қос бірдей марапатқа лайықты деп таныған екен. Алғысымызды # Ауылфутбол жобасына және «Халық» қайырымдылық қорына білдіреміз! Бұл біздің одан ары жоғары деңгейде жұмыс істеуімізге үлкен серпін бермек!

Еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауыл балаларына «Халық» қайырымдылық қоры мен «Қайрат» жеке командасы сияқты демеушілер мен жанашырлар көп болғай! Ауыл футболын дамыту арқылы Қазақ елінің футболын өркендетуге үлкен жолдың бастамашысы болары анық.

Анықтама

#АуылФутбол жобасы 2020 жылы іске қосылды. Идея авторы журналист және қоғам қайраткері Серік Мәмбетов. Жобаның негізгі мақсаты ауылдағы балалар футболын қолдау. Оның қызметі барысында 100-ден астам команда қаржылай қолдауға ие болды, екі ауылда алаң салынып, жаттықтырушылар үшін ондаған семинар-тренингтер өткізілді.

2023 жылдың қараша айында #АуылФутбол жобасы «Халық» қайырымдылық қорымен бірге ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Меморандум аясында футболға икемі бар 3000 жасқа қолдау  көрсету көзделуде. Оның ішінде еліміз бойынша 100 ауылдық балалар футбол командасы қажет форма мен құрал-жабдықпен қамтылып, 100 ауыл жаттықтырушысының УЕФА-ның D санаты бойынша біліктілігі көтеріледі. Үш команда арнайы кәсіби оқу-жаттығу жиынынан өтеді. Барлық өңірлердің қатысуымен «Halyk Open Cup — 2024» турнирі ұйымдастырылады.

 

Автор: Мадина Сарбалаева

Другие новости

Back to top button