«Халық қазір мал болып кеткен»: БҚО-да ауыл әкімі халықтан кешірім сұрады
Бейбіт Аманғалиев шағым айтып келген тұрғындардың ашуын туғызған еді
Бейнежазбада ауыл әкімі алдымен осы жылдың басында Павлов, Горбунов ауылдарына газ кіргізілгенін атап өтті.
«Желтоқсан айының 7-сі күні таңертең 9.40-та Павлов, Горбунов ауылдарында техникалық ақаумен жарық сөнді. Кешкі 18.40-та жарықты жағып қуанып жатқанымызда газ өшті. Осы ауылдарға қызмет етіп жүрген «Алия Сервис» ЖШС тарапынан қателік болып, газды уақытында қоса алмадық. Газ 8 желтоқсан күні 23.30-да қосылды. Қазіргі таңда бәрі жақсы», — деді Бейбіт Аманғалиев.
Видео соңында әкім әріптестерінен, ауыл тұрғындарынан және журналистерден кешірім сұрады.
«Енді олай деп (халық мал болып кеткен – ред.) айтқым келген жоқ. Тоңып, шаршап жүрген кезімде артық сөз айтып қойсам, кешірім сұраймын», — деп сөзін аяқтады әкім.
Айта кетейік, бұған дейін Махамбет ауылдық округінің әкімі Бейбіт Аманғалиев «халық қазір мал болып кеткен» деп шағым айтып келген тұрғындардың ашуын туғызған еді.