ГлавноеИнтервью

Халық блогерлерді қаласа, солар депутат болады — Айдос Сарым

Мәжілістің сегізінші шақырымы алғашқы сессиясын өткізгеннен кейін бірден Үкімет жетекшілігіне кандидат ұсынып, алғашқы талқылауда Әлихан Смайыловтың кандидатурасын мақұлдады. Сонымен бірге, жаңа Мәжіліске алты партиядан депутаттар сайланғанын ерекше айта кету қажет. Осы ретте төменгі Палатаның депутаты Айдос Сарым Arbat.mediaға арнайы сұхбат беріп, Үкіметтің қайта жасақталуы, Мәжілістің жаңа құрамы, алда қарайтын жаңа жобалары төңірегінде пікір білдірді.

 

— Әлихан Смайыловтың қайтадан премьер-министр болып тағайындалуы нені көрсетеді? Смайлов басқаратын кабинеттің қайтадан орнында қалуы жұмыстарының нәтижелі болғандығын аңғарта ма?

— Біріншіден, бұл шешімнің астарында рационалды үлкен пайым мен қисын жатыр. Ең алдымен жеңіске жеткен партия ретінде өзіміздің сайлауалды бағдарламамыздың тезірек іске қосылып, Үкіметтің жұмысына дұрыстап кірісуін талап етіп отырмыз және соны қалаймыз. Осы кезге дейін «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасын жасадық. Бес жылдың ішінде «саламыз, құраймыз» дейтін нәрселердің барлығының қаражатын, қаржы көздерін осы Үкіметпен бірге айқындап алдық. Сондықтан  осының тезірек іске қосылғанын қалаймыз және оны біздің сайлаушыларымыз да талап етіп отыр. Бұл бірінші қисын.

Екіншіден, заң жұмысына қатысты сессияның ашылуында президент бірнеше бағыт бойынша жаңа заңдар мен кодекстердің келетінін жария етті. Қазір сонымен айналысып жатқан дәл осы Үкімет. Яғни, бізге осы жақын арада күтіп отырған үш кұжат бар. Олар салық, жаңа бюджет кодексінің жобасы және капиталдарды қайтару деген секілді мемлекеттік саясаттың дұрыс бағытын басталауын қамтамасыз ететін кезек күттірмейтін заңдарды күтіп отырмыз және осы Үкіметтің жұмысының негізі де басқалардан ерекшелігі де осы заңдардың қабылдануында болмақ. Смайылов Үкіметі сайлауда жеңіске жеткен партия ұсынған тұңғыш премьер. Екіншіден, саяси дәстүрді бастаушы. Әр Үкіметтің жұмысын бір жылмен есептеу мен баға оңай шаруа емес.

— Кемі бір жыл отыруы мүмкін бе?

Енді оны уақыт көрсетеді. Ол жағы экономикаға, Үкіметтің команда ретінде істеп кетуіне байланысты. Жылдық өсімді кем дегенде төрт пайызға көтеру міндеті тұр деді. Үкімет енді міндеттеме алып бес пайызға жеткіземіз деп отыр. Екінші мәселе, инфляция, яғни, бағаның, инфляцияның екі есе төмендеуі деген міндеттеме бар. Мысалы, соны біз жарты жыл қалай болатынын көреміз. Егер расымен позитивті динамика болып жатса, онда сөзсіз ол Үкімет ары қарай жұмыс істей беруі ықтимал. Дүйсенбіден бастап министрлер тағайындала бастайды. Олардың кандидатурасы комитеттерде, фракцияларда бекітіледі. Біз Үкіметке “бір нәрсені түсініп алыңыздар. Сізде “Аманат” партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асырушы бізден жалдаған менеджерлерсіздер. Осыны түсініңіздер және біздің талаптарымыздың күшейетінін, біздің тараптан сұраныстың, сұраудың көбейетінін айқын түсініңіздер” деген әңгімені айтып жатырмыз. Өйткені, біз өзіміздің бағдарламамыз үшін сайлаушылардың алдында басымызбен жауап береміз. Ол айналып келгенде біздің болашақтағы, тарихтағы, саясаттағы орнымызды айқындайтын нәрсе болғандықтан сұрауымыз қатал болатыны да анық. Оны кеше премьерге де айттық. Ертең келетін вице-премьер, министрлердің кандидатурасына ұсынылатындарға да қадап айтамыз. Сондықтан, бәрі қисынды нәрселер.

Үкімет құрамында ауқымды өзгеріс болуы мүмкін бе?

— Осында үлкен құжаттардың басын бастап, өзінің қызметкерлерінен талап етіп, философиясын, басқасын қамтамасыз етіп отқан министрлер бар. Олар орнында қалады деп ойлаймын. Қазір Үкімет құрылымы талқыланып жатыр. Яғни, егер жөн деп табатын болса, біз де ұсыныстарымызды айтқан болатынбыз. Мысалы, Қазақстан сияқты елде бөлек су шаруашылығы сияқты министрлігі керек сияқты. Өйткені суды тұтынушы мен оның операторы екі бөлек болғаны жақсы. Екіншіден, аймақты даму министрлігі де қажет те шығар. Аймақтағы әкімдердің рөлі өзгерейін деп жатыр. Мысалы, облыс әкімі қала мен аудан басшыларын шақырып алып басына бұрынғыдай әңгіртаяқ ойната алмайды. Өйткені, екінші жартыжылдықтан бастап Қазақстанда әкімдерді сайлау жүйесіне өтеді. Болашақта облыс және мегаполис әкімдері негізінен президенттің  мемлекеттік саясатын үйлестіруші және жүргізуші болады. Осының өзінде үйлестіру, аймақтардың даму бағдарламаларын жасау үшін, олардың бас жоспарын бекітетін, жасақтауға көмектесетін, агломерацияларды дамыту үшін бәлкім бөлек министрлік керек. Сол сияқты кейбір министрліктер қысқаруы керек немесе олардың құрылымы өзгеруі тиіс. Қазір осылардың бәрі талқыланып жатыр. Дүйсенбіден бастап Мәжілістің әр комитетінде ұсыныстарын айтады.

— Мәжілістің жаңа сайлаған сегізінші шақырылымына бұл жолы алты партия өтті. Алда заң жобаларын талқылауда тартысты дискуссия болуы мүмкін бе?

Қазір жаңадан келген депутаттар Мәжілістің ережелерімен танысуда. Өздерінің болашақтағы депутаттық сауалдарын қалай жолдауды талқылап жатыр. Мәжілістің қоржынында елу бір заң бар. Соған қосымша қандай заңдар ұсынасыз деген сияқты жұмыстармен айналысу үстінде. Бірақ алдағы уақытта нақты мәселелерге келген кезде жұмыс топтарында, комитеттерде, фракцияларда әңгіменің қатал болатыны, халықтың сынының Парламентте естілуі ол заңдылық. Әрбір партия өзінің әлеуетін арттыруға, өзінің мүмкіндігін арттыруға тырысатыны анық қой. Біз өткен жылы Мәжілістің регламентін өзгерттік. Қазір оның ашықтығы деген мәселе алға шықты. Өткенде президент нақты айтып, “Мәжілістің кез келген пленарлық отырысы теледидардан көрсетілуі керек” дегенді айтты. Ішкі талабымыз бойынша кез келген отырыс ашық болуы тиіс.  Екіншіден, Мәжілістегі әрбір дауыс беру сол күні қоғамға жеткізіледі. Қай депутат қай заң бойынша қалай дауыс берді дегенде тұрғыда ашықтық бар. Соның өзі де депутаттарға ой салады. Әсіресе, округтерден келген депутаттар өздерінің сайлаушыларына тікелей тәуелді. Солардың талап тілегін орындап, сөзін жеткізуге мәжбүр болады. Болмаса оларды қайта шақырып алатын да заңдық мүмкіндік бар ғой. Осыны ескеретін болса, күннен күнге Парламенттің жұмысын қыза түсіп, ішіндегі әңгіме де тартысты болады деп ойлаймын.

— Жаңа шақырылымда гуманитарлық бағыттың мамандары көп екені байқалады.

Өз басым Мәжілісте тек заңгерлер, экономистер немесе ақын-жыраулар отырсын деген пікірге қосылмаймын. Бұл біріншіден, халықтың таңдауы. Халық бүгінгі күні блогерлерді қалай ма, солар депутат болады. Ақындар мен журналистерді жақтаса, олардың парламентке кіруі заңды. Мәжілістің негізгі екі функциясы бар. Бірі заң қабылдау болса, екіншісі өкілеттілік. Қоғамның ішінде қалыптасқан белгілі бір идеология саяси ұстанымдардың жиынтығын көрсететін азаматтардың белгілі бір санының келуі. Мысалы, бүгінгі қоғамның келбеті сияқты нәрсе ғой. Мәжіліс қалай десек те қоғамның келбеті. Болашақта жұрттың бәрі цирфлық дамуға өткенде сол саланың мамандары келетін шығар.

— Әсіресе, журналистер көп сияқты.  Ермұрат Бәпи, Нартай Сәрсенғалиев, Мақсат Толықбай, Сергей Пономарев, Жанарбек Әшімжан секілді азаматтар осы жолы Парламентке өтті дегендей…

Біріншіден, саясат деген асқан бәсекелестіктің ордасы ғой. Оған кім имидждік тұрғыдан дайын, кім танымал деген әңгімеден туындайды ғой. Нартай мен Мақсатты алып қараңыз. Олардың әлеуметтік желіде жүздеген мың оқырманы бар деген сияқты. Олардың сондарына ерген электорат, сенетін адамдар бар. Осы кезге дейін үлкен аудитория жинады. Өздерінің танымалдылығын арттырды. Аймақтан келген депутаттарды өздерінің сайлаушылары ғана білсе, бұл азаматтар абсолютті түрде республикаға танымал. Оларға қалай қой деп айтасың? Алғашқы кезде қиындау болатын шығар. Өйткені, заңның тәртібі, Мәжілістің ішіндегі процеуралары бар. Соны түсініп алғаннан кейін басқа жағынан да көріне жатар. Сол кезде көреміз. Қазіргі Мәжілістің бұрынғысынан айырмашылығы толық жұмыс істейтін, күнімен жұмыста болатын режимге көштік. Жетінші шақырылым сол қағидатпен жұмыс істеді. Бұрынғы кездері, депутаттар тек сәрсенбі күні өтетін жиынға ұшып келетін. Сол күні пленарға қатысып, кейін өз өңірлеріне кете беретін деген сияқты әңгімелерді естідік. Қазір ондай жағдай жоқ. Дүйсенбіден жұмаға дейін комитет, фракция отырыстарына қатысады және басшылар талап етіп отырған нәрсе барлығы жұмыс істеп, заң талқысына қатысуы міндетті.

— Кезінде президенттік түскен төрт үміткер қазір Мәжілісте депутат екен. Мәселен, Жигули Дайрабаев, Қарақат Әбден, Нұрлан Әуесбаев, Дания Еспаева… Жалпы, президенттіке кандидат болғандарға алдын ала «депутат боласың» деп кепілдік беріле ме? Мысалы, кезінде Жамбыл Ахметбеков, беріде Тұрғын Сыздықов да президенттікке кандидат болып, кейін депутат атанды…

Біріншіден, партиялар неге ондай азаматтарға арқа сүйеуге тырысады? Өйткені, жақсы болсын, жаман болсын олар белгілі бір саяси сыннан, додадан өткендер. Мейлі оған, 100-200 мың адам дауыс берсін. Бірақ халық сені қалап, дауыс берсе, демек соңында электорат бар деген сөз. Бұл заңмен сайлау комиссиясы бекіткен көрсеткіш. Олай болатын болса, бұл жақсы ырым. Әр партияның белгілі бір кандидаттары болуы тиіс. Кейбір елдерде президент болған азаматтар сайлауға бірнеше рет түскен жағдайлар бар. Мысалы, АҚШ президенті Джо Байден кем дегенде алты рет сайлауға түскен адам. Бәрінің бірдей жолы бола бермейді. Немесе, Бразилияның қазіргі Лула де Сильва деген президентін алыңыз. Сегіз рет сайлауға түскен адам. Сонау сексенінші жылдардан бері саяси додада жүр. Осыған назар аударатын болсақ, біздегі үміткерлердің мұнысы жақсы ырым шығар.

— Мәжілістен босаған әріптестеріңізге қызмет беріле ме? Мысалы, Мәди Ахметовті осы шақырылымда көрмедік…

Ол біріншіден саяси мәдениет пен дәстүр. Жақсы я жаман болсын, ол азаматтар мемлекет үшін жұмыс істеді. Өзінің үлкенді-кішілі үлесін қосты деуге толық негізі бар. Өткен жыл оңай болған жоқ. Тарихи шешімдер қабылданды. Халық ұзақ жылдар күткен заңдар қабылданып, Конституция өзгерді. Олай болатын болса, әртүрлі мүмкіндіктер ұсынылып жатыр. Бұл жылдағы дәстүр. Мәжілістің атқару органдары тиісті мемлекеттік органдарға шығып, ақпарат жинап, “сіздерде қандай вакансия бар, мынадай депутаттар босап жатыр. Оларды орналастыруға мүмкіндік бар ма?” деген секілді сұраныстар бойынша жұмыс жүргізілді. Және кем дегенде босаған азаматтарға белгілі бір альтернативалар ұсынылды. Оларды қабылдау өздерінің шешімі. Өткен шақырылымдағы мен білетін біраз жігіттер бизнеске кетті. «Бизнес бізге дұрыстау, мемлекеттік қызмет бөлек екен» деп өз ойын айтып жатыр. Олардың кім екенін алда естисіздер ғой. Өзінің кәсіптері бар адамдар ғой.

— Әңгімеңізге рахмет! 

Другие новости

Back to top button