Госорганы

Халық 7-20-25 бағдарламасына кіргізу үшін ақша сұрағанын айтып шағымданды — Дәулет Мұқаев

Мәжіліс отырысында халықты тұрғын үймен қамту мәселесі тағы қаралды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Менің қозғайтыным – баспана мәселесі. Білесіздер, аталған мәселе қазақстандықтардың бас ауруына айналды. Әсіресе соңғы жылдары мәселе күрт шиеленіскендей. Баспана жайлы Мәжіліс мінберінен бірнеше рет көтерген едік. Үкімет тарапынан мардымды жауап болмады. Маған үнемі сырғытпа жауап келеді. Бүгінгі таңда баспана нарығы тұралап тұр. Үй алудың барлық бағдарламасы тоқырауға ұшырады. Өз депутаттық сауалымда «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларына өзгеріс енгізу, «7-20-25» бағдарламасы бойынша лимитті алып тастау, «Жас отбасы» бағдарламасы жайлы бірнеше ұсыныс айтқан едім. Бұл мәселелер әлі де өзектілігін жоғалтқан емес. «7-20-25» бағдарламасы айналасында жемқорлық аз емес. Бағдарлама арқылы үй алу үшін пара берушілер де көбейіп отыр», — деді Дәулет Мұқаев Мәжіліс отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министріне сауал жолдап.

Сонымен қатар халық қалаулысы жастарды тұрғынды үймен мәселесін де көтерді.

«Республикалық жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаның қажеттігі артуда. Елімізде баспана бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Президентіміз «Отбасы банктің» қызметін қайта қарауды, облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға басымдық беру керек деген еді. Өзгеріс қашан болады? Қашан халыққа тиімді қолжетімді бағдарлама іске қосылады? Бүгін «7-20-25»-ке лимит ашылды. 5 минутта бітті де қалды. Оқырмандардан «Бұл не деген сұмдық» деген хаттар келіп жатыр. «Менен банк менеджері 1 млн 400 мың сұрады», «Менен 700 мың теңге сұрады» деген хаттар жолдады. Бұл қашан тоқтайды?», — дейді ол.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев халықты тұрғын үймен қамтуда мемлекеттік бағдарламалар іске асып жатыр.

«Ең алдымен, мұндай үлкен мәселені бір жауаппен айта алмаймын. Бірақ, сізге бірнеше факті келтірейін. Мысалы, биыл мемлекет 10 мың пәтер берді. Оған 105 млрд теңге бөлінді. Келесі жылға да жоспарымыз бар. Екінші мәселе, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы жалға алуды жеңілдету үшін субсидиялау бағдарламасы іске асырылды. Тағы басқа бағдарлама бойынша мемлекет қаражат бөліп жатыр. Өзіңіз білесіз, барлық халықты баспанамен қамту ету оңай емес. Егер уақытыңыз болса бірге отырып, барлық бағдарламаны бірге қарайық», — дейді ведомство басшысы.

Другие новости

Back to top button