Халқының саны 500 адамнан асатын ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункт ашылады — Ажар Ғиният
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қолжетімділігін арттыру үшін тапсырмасын іске асыру мақсатында биыл Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативі бекітілді. Оған сәйкес халық саны 50 адамға дейінгі елді мекендерде медициналық көмекті медицина қызметкері үйде қамтамасыз етеді. Бұрын ауылдарда мұндай мүмкіндік болмаған. Ал халқының саны 50-ден 500 адамға дейінгі елді мекендерде медициналық пункт, ал халық саны 500-ден 1500 адамға дейінгі ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункт ашылады. Бұл халыққа 3 медицина қызметкерінің көмегін тигізуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті еліміздің бас дәрігері.
Айтуынша, өзгерістер елді мекендерде тұратындар үшін медициналық көмекке қол жеткізуге жол ашады.
Сондай-ақ халық саны 1500-ден 5000 адамға дейінгі елді мекендерде дәрігерлік амбулаториялар және халық саны 5000-нан асатынауылдарда алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталықтары ашылады. Бұл өзгерістер ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмек алуының қолжетімділігін береді, — деді министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін ведомство басшысы Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасында алғаш рет әлемдік үздік тәжірибе енгізілгенін айтқан болатын.