Образование

«Грантта оқығаныма қатты өкінемін»: Жұмыс мерзімін өтемеген қазақстандықтар миллиондаған айыппұл төлеуге мәжбүр

Әлеуметтік желіде Нұрғаным есімді оқырман 2023 жылы мемлекеттік білім грант мерзімін толық өтесе де, бір жылдан кейін қаржы орталығынан ескерту келген. Егер ол грантты өтемеген жағдайда іс сотқа жіберіліп, одан айыппұл өндірілетінін хабарлаған. Осы сынды мәселемен бетпе-бет келген педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектері Stan.kz тілшісіне сот процесі қалай жүргізілгенін және қанша қаражат төлегендерін айтып берді.

“Грантта оқығаныма қатты өкінемін”

Tik Tok желісінің қолданушысы Нұрғанымға қаржы орталығынан «жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттемелер орындалмаған жағдайда сіз бюджет шығыстарын жұмыс істемеген уақытқа мөлшерлес өтеуіңіз керек» деген хабарлама келген.

«Шынымен, айтарға сөзім жоқ. Грантта оқығаныма қатты өкінемін. Менің грантты жұмыспен өтеу мерзімім 2023 жылы аяқталып қойған. Бірақ қаржы орталығы 1 жылдан кейін қайта ескертуді жөн көріпті. Мемлекеттік мекемелерде 2,5 жыл заңды түрде қызмет атқардым. Кейін талапқа сәйкес декреттік демалысқа шықтым. Жоқ, оларға бұл жеткізіліксіз. Бұған жүйкемді ауыртып, барлық қадамымды хабарлап отыруым керек екен. Босанғанымды да айтуды ұмытып кетіппін. Енді кішкентай баламмен шапқылып жүріп, құжаттарды жинауым керек. Неліктен еGov-ты ойлап тапты, түсінбеймін…», – деп Нұрғаным ренішін айтты.Қаржы ортылығының менеджері Нұрғанымға декреттік демалыста екеніңізді айғақтайтын құжаттарды жіберіңіз деп айтқан.

“Қазір “Қаржы орталығы” АҚ дерекқорындағы мәртебеңіз туралы дерек түскен жоқ. Егер сіз жұмыс істеп жүрсеңіз, жұмыс орныңыздан қызметтің басталу күнін көрсете отырып, анықтамаңызды жаңартып жіберіңіз. Ал ресми түрде декреттік демалыста болсаңыз, осы WhatsApp-қа қазір декреттік демалыста екеніңізді көрсететін PDF форматындағы анықтама жіберіңіз”, – деп жазып жіберген қаржы орталығының менеджері.

Нұрғанымның айтуынша, педагогикалық немесе медициналық мамандық бойынша грантта оқысаңыз, мiндеттi түрде құжаттардың бәрін өткізіп отыру қажет. Декретте шықсаңыз да, іс сотқа кетіп қалу ықтималдығы жоғары, дейді кейіпкер.

Қаржы менеджері оның SMS жіберуге қажет 10 күніңіз аяқталғанын және асығу керектігін айтқан. Қысқа уақыт ішінде қажет мәліметтерді жібермесе, заң бөліміне беругу мәжбүрмін деп қорқытқан.

“Бұл менің кінәм емес. Әсіресе, бұл туралы тек қазір ескертіп отырсыз. Заң бойынша жұмыс істедім, заң бойынша декреттік демалысқа шықтым. Анықтаманы сұрап көруге тырысамын. Бірақ олар құжатты алып кетіңіз деді. Барып алуға мүмкіндігім жоқ. Заң бойынша декреттік демалысқа 3 жыл шығады. Бұған қоса осы уақыт аралығында екінші баламды босандым, – деді Нұрғаным.

Келесі күні оған “жұмысты өтеу мерзіміңіз база бойынша аяқталды” деп хабарлама келген.

(Бірақ оны ресми түрде жабу үшін маған жұмыс орныңыздан соңғы күні көрсетілген анықтама керек. Содан кейін сіздің мәселеңізді жабамын. Заңгерлерге сіздің декреттік демалысқа шыққаныңыз туралы бұйрықты көрсеттім. Олар құжатқа сәйкес 2 жыл толғанын және жұмыстан шығу керек деп айтты. Сол себепті анықтама жібере аласыз ба? Ереже сондай. Мектептің байланыс нөмерін жібере аласыз ба? Өтініш”, – деді менеджер.

Нұрғаным өзіне сол күні «грантты өтеу мерзіміңіз жабылды» деп қаржы менеджерінен хат келгенін айтады.

Фото: gencraft.com

“688 мың теңге берешек төледім”

Ал педагогикалық университеттің бірінің магистрі Сымбат Ержановадан оқу шығындары сот тәртібі бойынша өндіріп алынған.

“Қаржы орталығы маманы маған хабарласып, берешекті төлеу кезінде жас маманның тегін, атын, әкесінің атын, ЖСН дұрыс көрсету қажет деп айтты. Менеджерден қарызды бөліп-бөліп төлеуге бола ма деп сұрадым. Алайда олар өздерінің банкі мекемесі болмағандықтан бірден төлеуіңіз керек анық айтты. Осылайша 688 мың теңге берешек төледім”, – деді Сымбат Ержанова.Сымбат Ержанованың айтуынша, оның педагогикалық салада 3 жыл еңбек өтілі бар.

“Негізі 3 жыл бойы педагогикалық салада жұмыс істедім. Алайда 1 жылын магистратурада оқығаныма байланысты ол мерзім саналмайды екен. Сөйтіп тек 2 жыл ғана өтелді деп келді. Себебі магистратураны бітіргеннен кейінгі жылдар ғана есепке алынады екен. Олар жұмыс істеген айларды есептеп, менен қай уақыт аралығында жұмыс істегенімді білу үшін еңбек кітапшамды талап етіп, жұмысқа кірген және шыққан күннен бастап сұрады. Маманмен тікелей байланыста болып, 1 күн ішінде жұмысымды бітірдім”, – деп түсіндірді Сымбат Ержанова.

Фото: gencraft.com

“Қазір тегін жатқан ешнәрсе жоқ”

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің магистрі Кәмшат Реймова 2022 жылы тәмамдап, 2023 жылы декреттік демалысқа шыққан.

“Магистратураны 2022 жылы маусым айында тәмамдадым. Бүгінде жалпы орта білім беретін мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Диплом алғалы бері екі жыл уақыт өтті. Алғашқы оқу бітірген жылдан бері араға алты ай салып мемлекеттік грантты өтеу мақсатында жұмыс орнымнан анықтама жіберіп отырдым. 2023 жылдың шілде айынан бастап декреттік демалысқа шығуыма орай жұмыс орнымнан бұйрық негізінде бала күтіміне байланысты демалыста жатқанымда растайтын анықтаманы өткіздім. Қаржы орталығы мамыр айының аяғында хабарласып, жұмыс орнымнан жұмыс істейтінімді растайтын анықтаманы 10 жұмыс күн ішінде жолдауымды сұрады. Сұраған құжаттарды дер кезінде электронды пошта арқылы жібердім”, – деді Кәмшат Реймова.Магистр қаржы орталығы өз құзыретіндегі қызметті атқарып жатқанына сенімді екен.

“Қазір тегін жатқан ешнәрсе жоқ. Мемлекеттік грант негізінде білім алғандықтан оның да өтемі болғаны дұрыс. Неге десеңіз, ұлттық қазына есебінен тегін білім алып, оны іске асырмай, басқа салада қызмет етіп жатқан азамат өте көп. Соларға алған білімін тиісті жерде қолдануына мүмкіндік жасау деп білемін. Декреттік демалыста жатсам да, жұмыс орнымнан сол мекемеде жұмыс істейтінімді және бала күтіміне орай бұйрық бойынша демалысқа шыққанымды растайтын анықтама жіберуімді талап етті. Талаптары орынды. Бала күтіміне байланысты демалысқа шықсам да, менің мемлекеттік грантты өтеп жатқаным қуантады”, – деді Кәмшат Реймова.

Қаржы орталығының менеджері Кәмшат Реймованың жұмыс орнынан тек анықтама, соның ішінде қашаннан бастап жұмыс істейтінін, декреттік демалысқа шығу туралы бұйрық нөмірін жіберуді сұрапты.

Фото: gencraft.com

“Грантты жұмыспен өтеуден кімдер босатылды?”

Заңгер Ержан Болатбек грантты өтеуге педагогикалық, медициналық, ветеринариялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша квота шегінде түскен ауыл жастары міндеттелетінін айтты.

“Педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша “Серпін” бағдарламасы бойынша түскен ауыл жастары, бейіні бойынша докторлар бағдарламасы бойынша білім алған докторанттар, философия докторлары бағдарламасы бойынша оқыған докторанттар білім грантын өтеугі міндеттеледі”, – деді заңгер Ержан Болатбек.

Ал “Білім туралы” заңына сәйкес грантты жұмыспен өтеуден кімдер босатылды?

  • жүкті немесе 3 жасқа дейінгі балалары бар;
  • 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • Егер бітірушінің жұбайы/зайыбы тұратын, жұмыс істейтін немесе қызмет өткеретін елді мекенде бос орын болмаса;
  • Одан әрі грантқа резидентураға, магистратураға немесе докторантураға түскен жағдайда.

“Жас мамандар және философия докторлары (PhD) жұмы орнын ауыстырған немесе бөлінген жұмыс орнына келмеген жағдай өз бетінше жұмысқа орналасуға немесе Халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелуге міндетті. Жұмыспен өтеу мерзімдері мен тәртібі заңда, ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2023 жылғы 11 тамыздағы №403 бұйрығымен бекітілген маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан азаматарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидаларында регменттелген”, – деді заңгер.

Другие новости

Back to top button