Интервью

«ГМО өнімдерінің зиянына қарағанда пайдасы көбірек»

Ерлан Раманқұлов - ғалым

Азық-түлік өндіру үшін ГМО (гендік модификацияланған организмдер) пайдалану халық арасында дау тудырып тұрған мәселе. ГМО өнімдерінің денсаулыққа зиян екені жайында пікір өте көп. Десе де ГМО өнімдеріне деген ғалымдардың пікірі мүлде басқа. Azattyq Ruhy тілшісіне сұхбат берген Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры, профессор Ерлан Раманқұлов жұрттың басым бөлігі ГМО өнімдерін өсекке негізделген ақпарат көздерінен білетінін, соның нәтижесінде халық арасында теріс пікір қалыптасып қалғанын айтады. Ол болашақта ГМО әлемдегі ауқымды проблемаларды, оның ішінде аштықтың алдын алуда оң нәтиже беретініне сенімді. Ғалым ГМО өнімдерінің негізгі артықшылығы мен ерекшелігі туралы айтып берді.

– Ерлан мырза, ГМО өнімдері туралы халықтың білетіні аз. ГМО деген не, қалай өндіріледі, оны өндірудегі негізгі мақсат қандай?

– ГМО – гендік инженерия әдісі арқылы генотипі өзгертілген өсімдік, жануар немесе микроорганизм, яғни белгілі бір мақсатта қолдан жасалады. ГМО-ның пайда болуы 60 жылдары алғаш рекомбинантты бактерия пайда болу кезінде басталды. Дәрі құрамына биологиялық молекула енгізген кезде фармацевтикаға да революция келді. Өзіміз қолдан ақуыз жасауды үйрендік. Мысалы, алғашында қант диабетін емдеу үшін адамға шошқа инсулині қолданылған. Одан түрлі қиындықтар туындағаннан кейін адамның өз инсулині алынатын болды. Оны алу үшін қаннан инсулинді алып тірі бактерияға қосады. Бактерия оны өзінікі деп ойлап одан әрі инсулин бөліп шығарады. Нәтижесінде бактерияны жойып тек инсулинді бөліп алуға болады. Бұл ГМО бактериялары деп аталды. Содан кейін осыған негізделген препараттың басқа түрлері пайда бола басады.

– Ауыл шаруашылығындағы күрделі мәселелерді (жыл сайын мол өнім алу) ГМО көмегімен толық шешуге бола ма?

– Адам – табиғатынан өте нәзік жаратылыс. Біз шындығына келгенде жабайы табиғатта өмір сүре алмаймыз. Біздегі басты артықшылық әрі қару ол – ми. Ал өсімдіктерде ондай сана жоқ. Біз өсіретін дәстүрлі өсімдіктердің бәрі жабайы өсімдіктерге қарағанда өте әлсіз. Егін алаңдарында арамшөптер оларды оңай басып тастайды. Сондықтан фермерлер қыстан кейін егін егудің алдында арамшөптерден құтылу үшін жерге химия себеді. Екі аптадан кейін гербицидтің күші жойылады. Артынша егілген бидай тұқымы қиындықсыз, арамшөптермен алыспай өседі. Десе де, бидай толық өсіп шыққанша арамшөптің тозаңы ұшып келеді, бірақ ол негізгі өнімнен бірнеше аптаға кейін өседі. Осылайша, өнім алу деңгейін көтеруге болады.

Ғалымдар осы тұста шешім тауып, өсірілетін өсімдік құрамына гербицид, яғни химияға төтеп бере алатын ген салды. Өсімдікті арамшөптерден қорғау үшін химияны еркін себуге болады. Егін жақсы шығу үшін қарапайым бидай тұқымының орнына жоғарыда айқан ГМО бидайы отырғызылса, өнім көп шығады. Өнім неғұрлым көп болса, азық-түлік бағасы да төмен болады. Бұл қазіргі қымбатшылық мәселесінің шешімі бола алады. Қазір әлем бойынша егістікке қолдануға болатын жердің бәрі пайдаланылуда. Құнарлы жерлер азайып, құрғақшылық қауіп төндіріп тұр. Жерасты суларының мөлшері де төмен. Біздегі фермерлер егін егіп, өнімін алғанымен ол жерді қайта өңдемейді. Егіннен кейін жер кемінде 2 жылдай демалу керек. Сол уақытта жерге түрлі тыңайтқыштар қолданылуы қажет. Өсіп шыққан өнім жердегі органиканы сорып алады. Оның орнын толтыру үшін міндетті түрде жерге күтім жасалу керек.

– Қазір ГМО өнімдерін тұтынуда қандай елдер көш бастап тұр?

– ГМО-ны көп қолданатын елдердің бірі – АҚШ. Олардың азық-түлік түрлерінің басым бөлігі ГМО өнімдерінен тұрады. ГМО өнімдеріне қауіптенетін жандар үшін АҚШ ашық тәжірибе болуы керек. Көбі халқының толық әрі ірі болуы ГМО өнімдерінен деп ойлауы мүмкін, бірақ бұл олай емес. Америкада адамдар өте еркін өмір сүреді. Барлық шаруаны бір орында отырып істеуге ыңғайланған.

Ал олардың толық болуының себебі басқада. Америкада ет өнімдерін алу кезінде малға жоғары эфективті азық беріледі. Жем құрамында түрлі антибиотиктер мен өсіру гормоны бар. Сәйкесінше оның етін жеген адамда тез толу қабілеті жоғары болады. Ал адам толған сайын қимылдауды азайта береді. Бұл тұзақ іспеттес. Сол себепті америкалықтардың басым бөлігі толық әрі ірі болып келеді. Бұған ГМО өнімдерінің еш қатысы жоқ.

– ГМО өнімдері тек аграрлық шаруашылықты дамыту мақсатында ғана алынбайды. Мамандар ГМО дәрі-дәрмектерімен кейбір қатерлі ісіктерді емдеуге болады дейді. Бұл қаншалықты рас?

– Әрине, ГМО барлық бағытта дамып келеді. ГМО препараттарын пайдалану арқылы бала кезден қауіпті арулардың алдын алуға болады. Мысалы, бұрындары ергежейлілер көп болды. Олар өзара көбейіп, еркін өмір сүрді. Солардың барлығы қазір қайда кетті деп ойлайсыз, қазір ергежейлі адамды сирек кездестіреміз. Қолдан жасалған гормондық препараттарды кішкентай кезінен қолдану арқылы олардың бойын өсіріп, қарапайым адамдардың қатарына қосты. Осы секілді түрлі препараттар қазір өте көп. Мұның бәрі ГМО өнімдері саналады.

ГМО бағыттары ұлғайып, өсімдіктерге, жануарларға көше бастады. ГМО-ны ауыл шаруашылығы индустриясында ғалымдар белсенді қолданады. Олар жәндіктерге улы болатын, бірақ адамдарға еш зиян келтірмейтін ақуызды алып, өнімділікті арттырды. Қазір егістікке түрлі жәндіктер түсіп, түк қалдырмағаны туралы жаңалықтарды көп естиміз. Егер өсіп жатқан өнім жәндіктерге төтеп бере алатын болса, бұл мыңдаған адамның өмірін сақтайды. Аштықтың алдын алады.

– ГМО өнімдерінен қауіптенуге еш негіз жоқ дейсіз ғой?!

– ГМО-ның теріс жақтары да бар. Оны жасыруға болмайды. Бірінші кезекте ол экологиялық тұрғыдан зиян келтіруі мүмкін. Қолдан жасаған гербицидке төтеп бере алатын өсімдік егістікте туыс жабайы өсімдіктермен будандасса және сол генді арамшөптерге берсе, биоалуандылық азаяды. Сол себепті биотүрліліктің бастапқы көзіне ГМО қолдануға болмайды.

Адамдарда гені өзгерген өсімдікті тұтыну кезінде қандай қауіп болады деген сұрақ еріксіз келетіні сөзсіз. Бұл дұрыс. Бұған дейін тұтынып келген және ешқандай ауру болмаған нанның гендік құрамын өзгерту денсаулыққа кері әсер беріп, ісік туғызуы мүмкін деген күмән болады. Бұл логиканың кемшілігін айтайын. Ұн өнімдерінің барлық түрі қай кезде де зиян. Біздің жүз не мыңдаған жылдар бойы таңдап алған өнімдеріміздің бәрі жеуге азық болмаған заманнан келген тамақтар, яғни жеуге жарамдының бәрін тұтынған кезең. Ол кезде адамдар ешқандай калория немесе басқа зиянды ойлаған жоқ. Тірі қалу үшін күресті.

Ал қазір біз мүлде басқа әлемде тұрып жатырмыз. Ағзаға зиянды тағамдар өте көп. Кез-келген диетологпен сұхбаттассаңыз ұн өнімдерінің бәрі денсаулыққа зиян екенін айтады. Ата-бабаларымыз ауыр тағам түрлерін қаншалықты көп жесе, соншалықты қозғалыста болды. Үнемі жылқының үстінде жүрді, шаруа істеді. Салқын жерде тұрды. Қазір басқа заман. Сондықтан ата-бабаларымызды мысал етудің қазір еш реті жоқ. Сондай-ақ қазір жейтін тағамдарымыздың бәрінде химиялық қоспа бар. Бірі дәмін арттырғысы келесе, енді бірі түр-түсін әдемі, көзге жағымды ету үшін түрлі қоспалар қолданады. Сондықтан ГМО өнімдерін сынаудан бұрын жеп жүрген тамақтың қоспасын ойлау қажет.

ГМО толық тексерістен өткен және әлі де өтіп келеді. Әзірге оның зияны туралы нақты аргумент табылған жоқ. «Сары басылымдардың» әсерінен жұрт арасында ГМО өнімдерін тұтыну кезінде ағзада жаман өзгеріс болады деген ой қалыптасты. Тұқымсыз қалу, рак тудырады деген шындыққа жанаспайтын ой қалды.

– ГМО өнімдері жайлы жалған пікірлерден қалай арылуға болады?

– Біздің ішегімізде 5 келіге жуық бактерия өмір сүреді. Оның ішінде пайдалысы да, пайдасызы да бар. Жұрт ол туралы білмейді. Бактерия тағамда да, ішектерде де болады және олар өзара көбейеді, яғни ішімізде онсыз да түрлі тірі организмдер бар. Адам ағзасында ішектегі бактерияны ары қарай таратпайтын қамал болады. Қытай, Латын Америкасы, АҚШ сияқты алып елдер ГМО өнімдерін 40 жылдан бері қолданып келеді. Халқының денсаулығын ойлауға қаражаты бар дамыған елдерден бүгінге дейін ГМО өнімдеріне қатысты теріс пікір айтылған жоқ. ГМО өнімдерінің зиянына қарағанда пайдалы жағына көбірек көңіл бөліп, саналы түрде қарау керекпіз.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Айта кетейік, Ұлттық биотехнология оралығы 2005 жылы ашылды. Қазақстандағы жалғыз биотехнологиялық зертхана. Орталықта түрлі бағыттағы 13 зертхана бар және онда 3 мыңнан астам маман жұмыс істейді.

ғалым профессор

 

Другие новости

Back to top button