Газа халқы ХАМАС-қа қарсы наразылыққа шығып жатыр

Газа секторындағы халық соғысқа қарсы наразылықты жалғастырып жатыр. Олар ХАМАС-қа қарсы екендерін де жеткізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тас талқаны шыққан қала тұрғындарының наразылққа шыққанына осымен екінші күн. Көпшілік қолына ХАМАС-қа қарсы плакаттар ұстаған.
«Біз бейбіт өмір сүргіміз келеді, шаршадық. 15 жыл ұл өсірдім, 10 жыл үй тұрғыздым, бірақ соның бірі де қазір жоқ. Біз өмір сүргіміз келеді», — деді Атиа Әл Барауи деген тұрғын АР— тің сұрағына жауап беріп.
Тағы бірі наразылық білдіруші Жәбер Саид: «Жетер, біз сендерді (ХАМАС-ты) қолдамаймыз. Біз сендерге жеткілікті мүмкіндік бердік, бірақ сендер де бізді саттыңдар. Біз балаларымыздың лайықты өмір сүргенін қалаймыз», — деді.
ВВС-дің жазуынша, бетперде киген кейбір ХАМАС содырлары наразылыққа шыққандарға шабуыл жасап, қуған. ХАМАС-тың жақтастары көпшілікті сатқындық жасады деп айыптап жатыр.
Айта кетсек, соғысты тоқтату туралы келісімнен кейін екі ай өткенде Израиль Газаға қайта шабуыл жасаған еді. Салдарынан жүздеген палестиналық қаза тапты.
ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, соғыс басталғалы 50 мың палестиналық көз жұмды. Газаның 2,1 млн халқы босып кетті, 70 пайыз ғимараттың күлі ғана қалған.