«Ғашығына» 9 млн теңге аударған: Қазақстандағы қыз-келіншектер шетелдік жігіттерге алданып жатыр

Қазақстанның ішкі істер министрлігі ресми мәлімдеме жасап, соңғы уақытта белең алған алаяқтық туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дереккөзге сүйенсек, желіде шетелдік азаматтың рөліне еніп, қыздардың сеніміне кіріп, соңында оны алдап кететін алаяқтар көбейіп жатыр. Көбіне алаяқтар бойдақ жігіттің рөліне енеді де қыздарды арбайды.
«Желі қолданушыларының кейбірі өздерін махаббат іздеп жүрген шетелдіктер ретінде көрсететін алаяқтардың құрығына түсіп қалып жатыр. Мұндай алдамшы онлайн махаббаттың соңы тек жаралы жүрек пен бос әмиянға әкеп соғады», — деп жазады ішкі істер министрлігінің ресми сайты.
Полицияның айтуынша, алаяқтықтың бұл схемасы бір сценарийге ие. Яғни, алдымен олар әдемі танысады, романтикаға толы сөздер айтады, кездесеміз дейді, тіпті, үйленетініне сендіреді.
«Бірақ, келе-келе басында әртүрлі қиындықтар бар екенін айтып, құрбанынан көмек сұрайды, ақша сұрайды. Осындай схемаға алданған Астана қаласындағы әйел өзімен интернет арқылы сөйлескен адамға сеніп, тоғыз миллион теңгесінен айырылған», — деп хабарлайды ІІМ.
Бұл алаяқтардың мынандай негізгі төрт сипаты болады:
- алдымен сізге ессіз ғашық болғандай кейіп танытады;
- бейнеқоңыраудан немесе жеке кездесуден қашады;
- аяныш сезімін тудырып, қиын өмірлік жағдайлар туралы айта бастайды;
- ақша, құжаттар немесе бағалы заттар сұрайды.
«Полиция азаматтарға бейтаныс адамдарға сене бермеуге, күмәнді шоттарға ақша аудармауға, әрдайым ақпаратты мұқият тексеруге кеңес береді», — деп хабарлайды ІІМ.