Выбор редакцииСоциумСпорт

Ғалымбек Жақсылықов: «Мақсатымыз – халыққа қамқорлық»      

Өткен аптада «Халық» қорының #АуылФутбол жобасына бас демеуші болып, республика бойынша жобаның ауқымын кеңейтуі елді елең еткізер оқиғаға айналды. Осы ретте «Халық» қайырымдылық қорының Алматы облысы филиалының директоры Жақсылықов Ғалымбек Жақсылықұлымен аталмыш жобаға қатысты жоспарын білуге, жалпы қор туралы толық ақпарат алу үшін сұхбаттасқанды жөн көрдік.

 — Ғалымбек Жақсылықұлы, өткен аптада #АуылФутбол жобасын қолдап,  Меморандумға қол қойдыңыздар. «Халық» қоры не үшін нақты осы жобаны таңдады?

— «Халық» қайырымдылық қоры бұған дейін Алматы облысындағы  200-ден астам жас футболшының басын қосқан «Halyk Open Cup» ашық кубогы турниріне демеушілік жасаған болатын.

Турнир қорытындысымен үздік ойыншылардан Алматы қаласы балалар мен жасөспірімдер футбол лигасы мен Алматы балалар лигасына қатысатын команда жасақталды.

Осы шарадан кейін бір реттік қолдаудан гөрі, жүйелі дамыту механизмін қабылдағанды жөн санадық. #АуылФутбол жобасының авторы Серік Мәмбетовтің бірнеше жылдан бері өз күшімен жобаны жүзеге асырып жүргенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Оның үстіне отандық футболдың жай-күйі туралы айтылғанда легионерлерсіз, өзіміздің спортшылардан тұратын команданы жасақтау мәселесі қоғамда жиі көтеріледі. Елдің балаларын тәрбиелеуде көбіне инфрақұрылымы дамыған мегаполис, қала, облыс орталығының жастары қамтылып, ауыл балаларының назардан тыс қалатынын ескердік. Яғни қала мен ауыл балаларына жасалған жағдай тең емес.

Осы және өзге де мәселелерді талқылай келе Қордың қамқоршылық кеңесімен #Ауылфутбол жобасының дамуын республика бойынша қаржылай қолдауға шешім қабылданды.

Жоба аясында 3000-нан астам ауыл балаларын қамту көзделуде. Болашақта бұл балалар жаппай спорт саласын таңдамаса да, осы жоба арқылы жауапкершілік, адалдық, еңбекқорлық сияқты сапалы қасиеттерге шыңдалған мықты азаматтар болары сөзсіз.

 — Сіздің ойыңызша #АуылФутбол жобасының күші неде?

— #АуылФутбол жобасының негізгі ерекшілігі – ауылға басымдық беруінде деп айтуға болады. Барлығымызға белгілі әлемдік деңгейге дейін ел үмітін ақтап жүрген спортшылардың басым бөлігі ауылдық жерден шыққан азаматтар. Алайда, жаңа жоғарыда айтқанымдай ауыл балаларының үлкен спортпен шұғылданып, бастапқы кәсіби дәрістен өтуге мүмкіндіктері қалалық жермен салыстыруға келмейді.

Жоба авторларының ауыл балаларына басымдық беріп,  оның ішінде 10 жасқа дейінгі балақайларды ерте жастан спортқа бейімдеу идеясы және жас ұрпақты әділ, таза спортқа баулу идеологиясы қолдауға тұрарлық деп айта аламын.

Жалпы жобаның мықтылығы – жай, әуесқойлық емес, ауылдан болашақ заманауи әдістерді меңгерген кәсіби спортшыларды, жаттықтырушыларды дайындауға деген ұмтылыстары.

— Меморандум аясында қандай іс-шаралар жоспарлануда?

— «Халық» қайырымдылық қоры  #АуылФутбол жобасы аясында — 100 ауылдық жаттықтырушыны  — УЕФА-ның «D» санаты біліктілігіне оқыту,   ауыл балаларынан құралған 100 футбол команданы жаттығуға қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, командалар арасында 17 облыстық және республикалық деңгейде финалдық турнирді өткізу, Алматы облысының құрама командаларының оқу-жаттығу кезеңдерін және олардың беделді жарыстарға қатысу шығындарын толығымен   қаржылай қолдайды.

Бұл жұмыстарды биыл бастап,  2024 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен атқару жоспарланған.

Ең алғашқы кезекте 100 ауылдық жаттықтырушыны  — УЕФА-ның «D» санаты біліктілігіне оқыту үшін алғашқы топ жасақталуда. Жақын күндері алғашқы нәтижелерді көреміз.

— Қордың жалпы #АуылФутбол жобасы сияқты басқа да спорт саласына жасаған қолдаулары бар ма?

— «Халық» қайырымдылық қоры қызметінің  басым бағыттарының бірі — спорт саласындағы жобаларды қолдау.

Атап өтсек:

— 2019 жылы республика бойынша балалар үйлері мен мектеп-интернаттарының 170 тәрбиеленушісі арасында баскетболдан «Үміт кубогы» чемпионатын қолдады;

— 2019-2020 жылдарға арналған «Халық лигасы» қайырымдылық бағдарламасы әзірленіп, бекітілді. Оның аясында спорттық құрал-жабдықтарды сатып алу және жаттықтырушылар құрамын еңбекақы қорымен қамтамасыз ету түрінде көмек көрсетілді;

—        2021 жылы  халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау және балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту бойынша әлеуметтік саясатты белсенді жүргізіп жатқан «Қайрат» ФК-ға демеушілік жасалды.

—        2023 жылы Алматы қаласында каратэден барлық стильдер бойынша халықаралық турнир өткізілді. Татамиге Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түрікменстан, Моңғолия және Қазақстанның әр өңірінен, соның ішінде шағын ауылдар мен аудандардан 500 спортшы шықты. Қатысушылардың ең жасы 5-те, ең үлкені – 17 жаста.

        Осындай жобаларды жүзеге асыру арқылы Қор Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы бұқаралық спортқа қатысты міндеттемені жүзеге асыруға атсалысуда.

Қордың жобалары туралы толығырақ ақпарат беріп өтсеңіз?

 — «Халық» қайырымдылық қоры 2016 жылы құрылған сәттен бастап ең алдымен әлеуметтік жобаларды (көрсетілген көмектің жалпы көлемінде 85%), спорт саласындағы (жалпы көлемде 9%), білім беру саласындағы (4%) және мәдениет саласындағы (жалпы көлемде 2,4%) жобаларды дамытуға және қолдауға бағытталған.

Қордың құрылтайшысы Құлыбаев Тимур Асқарұлының қолдауымен бүгінгі күнге дейін 50 млрд теңгеге жуық қаржы ел игілігіне жұмсалды. Жалпы қор елімізде болып жатқан күрделі кезеңдерде қалыс қалмай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ел бірлігі үшін жасалып жатқан жобалардың көш басында жүр деп айтуға болады.

Мысалы, 2020-2021 жылдары елге COVID-19  салдарымен күресуге көмектесу үшін 12 млрд теңгеден аса қаржы бөлді. Сонымен бірге алапат өрт зардабынан жапа шеккен Қостанай облысына балабақша құрылысын бастады.

«Халық» қоры 2023 жылы қандай әлеуетті жобаларды іске асыруда?

 — Қор Қостанай облысының Әулиекөл ауданы орталығында 280 орындық жаңа балабақша құрылысын салу үшін биыл  1,3 млрд теңге бөліп отыр.

Астана қаласында халықтың әлеуметтік осал топтарына, бюджет қызметкерлеріне — мұғалімдерге, тәрбиешілерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, медицина қызметкерлеріне арналған  580 әлеуметтік тұрғын үй құрылысы қаржыландырылды. Оның алғашқы 65 пәтері әріптестеріңізге Журнистер күні мерекесіне орай табысталды.

Сонымен бірге жақында ғана Маңғыстау облысының әкімдігімен ынтымақтастық туралы үш жақты меморандумға қол қойылды. Бұл облысқа 4 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалмақ.

Бөлінген қаражат Жаңаөзенде дене шынықтыру-сауықтыру орталығы мен 20 аула алаңын салуға, Бейнеудегі астық терминалының жұмысын қалпына келтіріп, жаңғыртуға және су тұщыту зауытын салуға жұмсалады. Оның ішінде заманауи дене шынықтыру-сауықтыру орталығын салуға — 1,4 млрд теңге, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында қуаттылығы тәулігіне 4 мың текше метр су тұшыту зауытын салу — 300 млн теңге,  Бейнеу астық терминалының жұмысын қайта бастау үшін — 1,8 млрд теңге қаралған.

Бейнеу астық терминалының қуаттылығы жылына 90 мың тонна ұн, 30 мың тонна жем өндіруге арналған.  Соңғы жылдары Маңғыстаудағы қуаңшылық салдары өңір экономикасына кері әсерін тигізуде. Зауыт іске қосылысымен ұн, астық  мәселесі шешіледі, халықты жұмыспен қамту деңгейіне оң ықпал етеді деп күтілуде.  Яғни алдағы уақытта 200 -ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады.

«Халық» қорының елге деген қолдауы ауқымды екенін байқап отырмыз. #АуылФутбол жобасы да Қордың қолдауымен үлкен жетістіктерге жетіп, ауылдан шығатын әлемдік футбол спортшыларын дайындайтын үлкен қозғалыс болып қалыптасатынына сенеміз. Сұхбатыңыз үшін көп рахмет!

Әмір Әлімжан, Матрица.kz

Другие новости

Back to top button