Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Әли Әлиевке 10 млн теңге заңсыз жалақы төленген

«Қызылжар» футбол клубы бұрынғы бас бапкері Әли Әлиевпен соттасып, еңбек шартын заңсыз деп тануды талап етті. Сот барысында бапкерге ай сайын 10 миллион теңге жалақы белгіленгені анықталып, клуб басшылығы бұл сома штаттық кестеге сай келмейтінін дәлелдеді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Sports.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Даулы келісімшарттар және бюджеттік тәуекел
Әли Әлиев 2023 жылдың 1 маусымынан бастап «Қызылжар» футбол клубының бас бапкері қызметін атқарған. Алғашқы келісімшарт бойынша оның жалақысы 6,5 миллион теңге болып бекітілген және бұл келісім Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) мен QFL-де тіркелген.
Алайда арада алты ай өткен соң клуб пен бапкер арасында екінші еңбек шарты жасалып, жаңа құжатта жалақы сомасы 10 миллион теңгеге дейін көтерілген. Бұл келісім ресми тіркелмеген және алғашқы шарт та заңды түрде бұзылмаған.
Заңбұзушылықтар мен клубтың қаржылық тәуекелі
Сот шешімінде көрсетілгендей, 2024 жылғы штаттық кестеге сәйкес бас бапкердің жалақысы 1 миллион теңге болуы тиіс еді. Алайда сол кездегі клуб президенті Григорий Лория 2023 жылғы 3 маусымдағы шартпен 6,5 миллион, ал 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 10 миллион теңге көлемінде жалақы бекіткен.
«Бұл әрекет клубтың қаржылық тұрақтылығына қауіп төндірді. Себебі «Қызылжар» тек жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады, басқа табыс көзі жоқ», – делінген сот құжатында.
Сот шешімі: екінші шарт жарамсыз деп танылды
Казақстан заңнамасына сәйкес, бір адаммен екі еңбек шарты қатар әрекет ете алмайды. Сот осы норманы басшылыққа ала отырып, 2024 жылғы 3 қаңтарда жасалған екінші шартты жарамсыз деп таныды. Бұл шешімді судья Лариса Кочнева қабылдады.
Айта кетейік, Әли Әлиев қазіргі уақытта Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін атқарып жүр.