Спорт

FIFA президенті жанкүйерлері расизмге жол берген команданы жеңілді деп санауға шақырды

Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантино жанкүйерлері трибунада қарсыластарына нәсілшілдік сөздер айтқан командаларға автоматты түрде техникалық жеңіліс беруге шақырды, деп хабарлайды ВВС

Инфантино сенбі күні италиялық «Удинезе» және «Милан», ағылшынның «Шеффилд Уэнсдей» және «Ковентри Сити» клубтары арасындағы матчтарда болған «өте жиіркенішті» оқиғалардан кейін осындай мәлімдеме жасады.

Инфантино X әлеуметтік желісінде «жанкүйерлері нәсілшілдік қорлауды қолданатын командаларды автоматты түрде ұтылды деп есептеуді, сондай-ақ мұндай командаларға бүкіл әлем бойынша стадиондарда ойнауға тыйым салуды» қажет деп санайтынын жазды.

«ФИФА мен футбол нәсілшілдік пен кемсітушіліктің кез келген түрі құрбандарымен ниеттестігін білдіреді. Нәсілшілдікке жол жоқ! Кез келген кемсітушілікке жол жоқ! Сенбі күні Удин мен Шеффилдтегі орын алған оқиғалар мүлдем жиіркенішті және мүлдем қабылданбайды. Жәбірленген ойыншыларға менің қолдауым шексіз», — деп жазды ФИФА басшысы.

Итальян клубтары арасындағы матчта «Милан» жеңіске жетті.

Бұл ойын кезінде «Удинезе» жанкүйерлері «Милан» қақпашысы, француз Гвианасының тумасы Майк Мейньянға нәсілшілдік сөздер айқайлай бастағаннан кейін қысқа уақытқа тоқтатылған еді.

Матч шамамен 10 минуттан кейін қайта жалғасты.

Sky Italia телеарнасына берген сұхбатында Меньян «жай айтқанмен нәтиже шықпайтындықтан» қатаң санкция қолданған дұрыс деп санайтынын айтты.

«Біз оларға бұлай істеуге болмайтынын көрсетуіміз керек. Бұл барлық жанкүйерлерге қатысты емес, көпшілігі өз командасын қолдап, қарсылас командаға айдап салады, бұл — қалыпты жағдай. Бірақ нәсілшілдікке жол берілмеуі тиіс», — деді ол.

Другие новости

Back to top button