ГлавноеСпорт

FIFA президенті Джанни Инфантино: «Қазақстанда футболдан жасөспірімдер арасында әлем чемпионатын ұйымдастыруға болады»

Қазақстанда футболдан қыздар арасында «Былғары доп» ұлттық мектеп лигасы ашылды. Салтанатты іс шараға FIFA президенті Джанни Инфантино арнайы қатысты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

 

Джанни Инфантиноның айтуынша, алдағы уақытта Орталық Азияның футбол спортын дамытуда мүмкіндігі мол.

“Беделді футбол ұйымының басшысы ретінде Қазақстанға алғаш рет табан тіредім. Келген бойда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, осы спорт түрінің Қазақстандағы келешегіне қатысты ой-талқымызды ортаға салдық. Бірқатар ұсыныстар айтылды”, – деді Джанни Инфантино.

FIFA басшысының сөзінше, Орта Азия елдері, оның ішінде Қазақстан футболда жақсы нәтиже көрсету үшін сырттан біреудің келуін күтпей өздері әрекет еткені абзал. Әсіресе, инфрақұрылымға екпін қою керек. Өйткені, Қазақстанда кәсіби стадиондар тапшы.

Салтанатты шарада Қазақстан Футбол Федерациясының президенті Әділет Барменқұлов та сөз алды. Айтуынша,  елдегі футбол аяқ алысының сылбырлығы осы саладағы маркетинг, менеджменттің  шикілігінен болып отыр. Сол үшін шетел тәжәрибесін мейлінше молынан енгізу қажет.

“Бағытымыз енді қарқын алып келеді. Оның айқын дәлелі әлем додасында Еуропаның үздік командасы Данияны тізе бүктірдік. Әлбетте алғашқы үлкен жеңісіміз болса да, қазақстандық футболдың мұндай деңгейін ешкім күтпесе керек”, — деді Әділет Барменқұлов.

FIFA ұйымымен бірлесіп бірқатар жоба жүзеге аспақ. Соның бірі – футболды бұқаралық спорт түріне айналдыру. Осы мақсатта еліміздің 20 қаласы мен 50 ауылында футбол алаңдары бой көтереді. Соның нәтижесінде елімізде жасөспірімдер арасында әлем чемпионатын ұйымдастыруға мүмкіндік туады.

Другие новости

Back to top button