Госорганы

Еуразиядағы ынтымақтастық экономикалық бағыт бойынша дамуға тиіс — Президент

Еуразиядағы ынтымақтастық экономикалық бағыт бойынша дамуға тиіс. Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ресей Федерациясымен шекара бойында орналасқан Солтүстік Қазақстан облысының стратегиялық маңызы зор. Ресей – біздің серіктесіміз. Біз ЕАЭО аясында да, екіжақты деңгейде де кедергісіз сауда мен тауар алмасу ісін қамтамасыз ету үшін тұрақты келіссөздер жүргіземіз. Жуырда Мәскеуде ЕАЭО Жоғары Кеңесінің отырысы өтті. Жиында, ең алдымен, өзара экономикалық іс-әрекет, интеграция, ынтымақтастық мәселелерімен айналысу қажеттігі туралы айттық. Сауда-саттық кедергісіз жүргізілуі керек. Біз бірыңғай тауар нарығын құруға бар күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз. Қазақстандық жүк тасымалдаушылар тауарды Ресей нарығына да, үшінші мемлекеттердің нарықтарына да кедергісіз және тиімді жеткізу үшін Ресей аумағындағы ішкі теміржол тарифтері қол жетімді болуға тиіс. Тағы да қайталап айтамын: ЕАЭО, ең алдымен, экономикалық интеграциямен, содан кейін басқа мәселелермен айналысуы керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен кездесу барысында.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, идеология, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет салаларындағы мәселелер, әрине, назар аударуды қажет етеді. Бірақ басқа да платформалар бар.

«Онда біз барлық тиісті елдермен табысты ынтымақтастық орнатқанбыз. Сондықтан ЕАЭО, ең алдымен, 2015 жылғы Шартта бекітілген міндетін орындайды деп сенеміз», — деді Президент.

Президенттің пайымынша, кең Еуразиялық аймақтағы немесе үлкен Еуразиядағы ынтымақтастық экономикалық бағыт бойынша дамуға тиіс.

«Оған біз бәріміз мүдделіміз. Нақты ортақ нарық құру керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Другие новости

Back to top button