Атырауская область

Ешкімге қояр талабым жоқ – «Атырау–Астрахан» пойызында қайтыс болған баланың анасы

«Атырау–Астрахан» пойызында қайтыс болған баланың анасы ешкімге талабы жоғын айтып, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атыраудан Ресейдегі лагерьге пойызбен бара жатқан 13 жасар бала көз жұмған еді. Анасы Тамара Цаплинаның айтуынша, баласы бұрыннан сырқат болған.

Оның мәлімдемесін әлеуметтік желі қолданушысы Сандуғаш Кукенова өзінің парақшасына жүктеді.

«Мен пойызда қайтыс болған Святослав Цаплиннің анасымын. Адамдар оның тамақтан уланудан көз жұмғанын айтып жатыр. Олай емес. Оның бала күнінен сырқаты бар еді. Әрине, мұндай жағдай әркімнің басында болуы мүмкін. Атырау облысының, Атырау қаласының әкімдері қаржылай көмек берді. Автобус бөлді. Моралдық қолдауы үшін алғысымды айтамын. Көмек берген, қолдау көрсеткен адамдардың бәріне ризашылығымды білдіремін. Ешкімге ешқандай талабым жоқ», -дейді Тамар Цаплина.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудан лагерьге бара жатқан бала пойызда қайтыс болғаны хабарланған еді.

«Қазақстан темір жолы» ҰК баспасөз қызметі 7 тамызда Атырау облысы аумағында «Атырау-Астрахань» пойызында болған оқиғаны растады.

«7 тамыз күні №625 «Атырау-Астрахань» пойызында 2010 жылғы бала қайтыс болды. Ол бір топ қатарластарымен және 4 тәлімгермен бірге лагерьге бара жатқан. Балалар өз тамақтарын жеген. Пойыз жолға шыққаннан кейін 1 жарым сағат өткенде бала өзін жайсыз сезіне бастаған. Пойыз бригадасы нұсқаулыққа сәйкес әрекет етті. Нарын станциясына жедел жәрдем шақырылды. Медицина қызметкерлері баланың қайтыс болғанын тіркеді», -делінген компанияның ақпаратында.

Кейінннен бала өліміне байланысты арнайы комиссия құрылды.

Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 77 адамнан тұратын топ, оның ішінде 4 тәлімгер, 73 бала «Атырау-Астрахань» бағытындағы пойызбен жолға шыққан.

«Атырау облыстық білім беру басқармасы құзырлы органдармен бірлесіп, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын тексеру үшін комиссия құрды. Пойызда жолаушылар өздер алған тамақты ішкенін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта баланың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Аталған дерекке байланысты қылмыстық іс қозғалды», — деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

 

Другие новости

Back to top button