ГлавноеПавлодарская область

«Еш әрекет жоқ». Жылусыз қалған екібастұздықтар наразылыққа шықты

Қиын жағдайға тап болған тұрғындар лайықты деңгейде көмек көрсетілмей жатқанына шағым айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

 

Қыстың көзі қырауда жылудан айырылған шарасыз тұрғындар аптаға жуық уақыт өтсе де жағдайларына дұрыс көңіл бөлінбей жатқанына наразы. Аулаға жиналып, от жағып жылынуға мәжбүр. Олар жергілікті билік өкілдеріне, полицейлерге мұң шақты.

Бізге моральдық шығын өтейтін біреу бар ма? Жылу беру біздің проблемамыз емес. Қызметтің ақысын төлеп отырмыз ғой, түсінесіздер ме? Мұны заңды жолмен шешу керек қой. 5 күн өтті, еш әрекет жоқ. Олардың үйлерді құр аралағанынан не пайда?

— дейді тұрғындар.

Олар құзырлы орындардың әрекетінен берекет болмай отырғанын сынға алды. Қақаған аязда бой жылытар пана таппай жүрген ағайын ахуалдарының елеусіз-ескерусіз қалғанын айтады.

Бүкіл құбыр, су қатып қалды. Қалай өмір сүру керек? Құрығанда биодәретхана неге ұйымдастырмайды? 21 ғасырда өмір сүріп жатыр емеспіз бе?

— деп өкпе айтты тұрғындар.

 

TikTok-та жария болған тағы бір видеода тұрғындардың аулаға көптеп жиналғанын көруге болады. Видео авторының айтуынша, қаланың 90 пайызында жылу жоқ.

 

Қала әкімін осы жерге шақырып, ашынған халық наразылық білдіріп жатыр. Үлкен адамдар амалын қылар, жас балалардың қол-аяқтары үсіп жатыр,

дейді автор.

 

Ал облыс билігі жағдайды ретке келтірудің жолын іздестіріп жатқандарын айтып отыр. Жедел штаб жиынында облыс әкімінің міндетін атқарушы Олег Крук үйді өз еріктерімен жылытуға тырысып жатқан тұрғындарды сынға алды.

 

Түрғындар әрекеті станция жұмысына зиян тигізеді. Бұдан құбырлар жарылып кетуі мүмкін. Жылу болмаған соң адамдардың ашулы екені, алаңдайтыны түсінікті. Бірақ бұл жақсылыққа әкелмейді. Қазір «Су арнасы» мен ЖЭО бірлесіп, мәселені шешу амалын іздеуде,

— деді ол.

 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Екібастұзда үйлер жылу жүйесінен ажырап, жедел штаб құрылғаны туралы жазған едік. Кейін осы оқиғаға байланысты төтенше жағдай жарияланды. Апат болған өңірге арнайы барған Премьер-министр кінәлі адамдардың жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

Другие новости

Back to top button