ГлавноеНур-СултанРегионы

Есеңгіреп қашып шықтым – сотта куәгер сарбазды офицер қалай өлтіргенін айтып берді

Астанадағы әскери сотта 19 жастағы сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бұған дейін Ulysmedia.kz тілшісі сот отырысының айқай-шумен басталып, әкесі ашық сот талап еткенін жазған еді. Келесі сот отырысында Барқұловпен армияда бірге борышын өтеген сарбаз оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

КУӘГЕР НЕ ДЕЙДІ

Орда.кз басылымының хабарлауынша, Мақсым Даңғаров полигондағы шатырда Марат Барқұловпен оқ тиген кезде бірге болған. Оның айтуынша, киім-кешекті жуып, маңайды тазартатын сенбі күні лейтенант Дамир Досов пен сарбаздар шатырда болған. Даңғаров одан әпкесіне қоңырау шалу үшін телефонын сұраған. Лейтенант оған телефонын беріп, шатырдан шығып кеткен. 10 минуттан кейін шатырға Марат Барқұлов кірген. Барқұлов одан телефонды сұрап, Данил деген бала кезден бірге өскен досына видеоқоңыраумен хабарласқан.

Осы кезде Досов кіріп келді де, бізге қарап: «сендер құтырған екенсіңдер, иттер» (орысшадан аударылған) деп, қынабынан пистолетті алып шығып, талтайып, «ковбойша» тұра қалды. Ол пистолетті нысананы көздемей, оңды-солды тақап тұрды. Содан кейін түсіріп, бекітпесін жылжытып, біз жаққа қарай атып қалды. Барқұлов сұлап түсті. Досов оған жүгіріп келіп «Барқұлов, саған не болды?» деп айқайлап сұрай бастады, — дейді сарбаз.

Даңғаров сол жерде есеңгіреп қалған. Есін сәл жиған соң шатырдан қашып шыққан. Сол кезде Барқұловтың маңдай тұсында тесікті, ол жерден қан ағып жатқанын көріп үлгерген. Даңғаров командирлердің палаткасына дейін жүгіріп келеді. Бірақ болған оқиғаны әуелі полковникке түсіндіре алмапты. Полковник оқ атылған шатырға кіріп барып, бәрін өз көзімен көрген. Дамир Досов та, қатарластары да Марат Барқұловты аман алып қалу үшін алғашқы көмекті көрсетуге тырысқанымен, сарбаз жүріп кеткен. Соттағы куәгер Досов пен Барқұловтың арасында кикілжің болмаған деп айтады. Өз шенінен жоғарылар “ақша жинаған” деген сөзді де жоққа шығарады.

Алайда басқа куәгерлер лейтенанттың бұрын да бірнеше сарбазға қаруды қаратып, қорқытқанын айтады.

СОТ ІСІ

Еске салайық, бірнеше күн бұрын Астанадағы әскери сотта 19 жастағы сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты алғашқы сот отырысы басталды. Сот отырысына қатысып жатқан Ulysmedia.kz тілшісінің хабарлауынша, сот процесі жанжал болған: журналистерді сот залына бірден кіргізбеген. Толығырақ осы тұста.

Другие новости

Back to top button