Главное

Ер мен әйелдің біреуі бедеу болса, шариғат ЭКО-ға рұқсат етпейді: 10 жыл бірге тұрған қазақстандықтар ажырасты

Threads қолданушысы 10 жыл бірге тұрған көршілері ЭКО жасату харам деген имамның сөзінен соң ажырасқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, қазір ер адам ішімдікке салынып кетті, ал әйел күйзеліп жүр. Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұған қатысты пәтуасын білді.

Экстракорпоралды ұрықтандыру – күнә емес, ғылымның ондаған жылдық қаншама еңбегінің жемісі дейді қазақстандық.

“Көршілерім ажырасқанын естідім. Олар 10 жыл бірге тұрды, бірақ бала сүйе алмады. Күйеуі ЭКО-ға дайын еді, бірақ әйелі «Имам харам дегесін және зина деді» деп бас тартыпты. Ақыр соңында ажырасып тынды, күйеуі ішіп кетті, ал әйел тұңғиық депрессияға түсті. Бүгін олардың үйіне бардым, анасымен сөйлестім. Жағдай шынымен қайғылы. Экстракорпоралды ұрықтандыру – күнә емес, ғылымның ондаған жылдық қаншама еңбегінің жемісі. Ғалымдар осындай отбасыларға мүмкіндік беру үшін өмірін арнады. Біреудің ойы басқа адамның тағдырын талқандайтыны қорқынышты», – деп жазды Бек есімді Threads қолданушысы.

Желідегілер жасанды ұрықтандыру харам емес екенін айтып, пікір білдірді. “Жасанды ұрықтандыруды зинаға теңейді да, ал төрт әйелге рұқсат дейді, недеген екіжүзділік?” деп сынады қазақстандықтар. Ал кейбірі “қит етсе исламды сөгесіздер, имамның бұл сөзі тек оның берген жауабы емес, ол шариғаттың берген қорытындысы” десті.

Дегенмен желі қолданушы имамның рұқсат етпеген себебін ер адамның белсіз екенімен түсіндірді.

“Ер адам басқа адамның ұрығын алуға донорлық орталыққа барған. Сол кезде болмайды деген”, – деп қосты ол.

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі ұрық пен жұмыртқа жасуша ерлі-зайыптыға тиесілі болса әрі жұмыртқа жасуша иесі болған әйелдің жатырына енгізілсе ғана ЭКО шариғи тұрғыдан рұқсат етілетінін ескертті.

“Іштей ұрықтандыруда ер адамның ұрығы мен әйел адамның жұмыртқа жасушасы жатырда ұрықтандырылады. Сырттай ұрықтандыру тәсілінде ер адамның ұрығы мен әйел адамның жұмыртқа жасушасы жатырдың сыртында арнайы түтікшелерде ұрықтандырылып, сосын жатырға салынады. Бұл іштей және сырттай ұрықтандыру тәсілдерінің бірнеше көріністері бар. Оның ішінде ұрық пен жұмыртқа жасуша ерлі-зайыптыға тиесілі болса әрі жұмыртқа жасуша иесі болған әйелдің жатырына енгізілсе ғана шариғи тұрғыдан рұқсат етіледі. Ал бұдан басқа көріністерде тектің араласуы және «зина» ұғымы туындағандықтан, тыйым салынады. Сонымен қатар жұмыртқа жасушасы ажырасқан немесе дүниеден өткен күйеуінің ұрығымен арнайы түтікшелерде ұрықтандырып, әйелінің жатырына енгізуге болмайды», – делінген ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің жауабында.

Бөлім маманының айтуынша, шариғатымыз адамда қандай да бір ауру, сырқау болса, емделуге шақырады.

“Шариғат аурудың емін іздеуді бұйырады. Егер ерлі-зайыпты денсаулығына байланысты балалы бола алмаса, некеде болып тұрып жасанды ұрықтандыру жасатуына болады. Ал сырттан басқа бір кісілерді ортаға салуға, басқа ер не әйелдің ұрығын қатыстыруға болмайды. Себебі шариғат бойынша баланы дүниеге әкелу үшін ер мен әйелдің арасында неке болуы шарт. Сондықтан да басқа жолдарына рұқсат етілмейді», – деп қосты Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы.

Другие новости

Back to top button