Выбор редакцииДенсаулық

Энергетик пен вейп. Әуесқойлықтан тәуелділікке дейін

Мамандар бұл өнімдердің зияны туралы айтып берді

Соңғы кезде энергетикалық сусын мен вейп шегу жасөспірімдер арасында трендке айналғандай. Күніне бірнеше шөлмегін тауысатындар да бар. Ол ұйқыны ашып, шаршағанды басып, қуатыңды арттырады дейді.

Алғашқы энергетикалық сусынды 1927 жылы британдық фармацевт Уильям Уокер Хантер жасаған. Өнім Glucozade деп аталды. «Glucose» глюкоза сөзінен шыққан. Бұл өнім планетадағы алғашқы энергетик болды. Құрамы жағынан ол қазіргі заманғыдан әлдеқайда жеңіл болды. Оның құрамына газдалған су, кофеин, глюкоза шәрбаты кірді. Сондай-ақ өнімге бояғыштар, хош иістендіргіштер мен консерванттар қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ал Қазақстан нарығына бұл сусындар осы бертін, XXI ғасырдың алғашқы онжылдығында кірді. Алайда халық арасында тез танылды. Әсіресе жасөспірімдердің тұтынатын сусындары арасында көш бастады.

Вейпингке келетін болсақ, ағылшын тілінен аударғанда ол «булану» дегенді білдіреді. Оның құрамына хош иісті қоспалар мен дәмдеуіштер қосылады. Сондықтан да тәтті түтіннің құмарына қалай кіргенін жастар білмей қалып жатады. Бір реттік темекілер, яғни жастардың тілімен айтқанда «одноразкалар» сананы ғана емес, жасөспірімдердің ағзасын да улап жатыр. Будың уы жайлы көбі біле бермейді. Оның органимзге зияны жоқ деп ойлайды. Тіпті, 2019 жылы вейпті мөлшерден тыс тартқан жасөспірімнің өкпесі трансплантацияланған болатын. Бұл да вейптің зиянсыз емес екенін білдіреді. Кәсіби мамандар да оны растап отыр.

Медицина саласында қызмет етіп жүргеніне 15 жылдан асқан терапевт дәрігер Айсұлу Тоқтыбаеваның айтуынша, энергетикалық сусын жүрекке салмақ түсіреді.

«2018 жылы біздің ауруханаға жағдайы ауыр 1979 жылғы науқас түсті. Оның жүрегі тоқтап, қайтыс болды. Себебі анықталмағандықтан, сараптамаға жіберілді.Оның қорытындысы бойынша ер адамның жүрегі қапқа айналғаны белгілі болды. Анықталғандай, ер адам пластикалық терезені орнатумен айналысқан. Күн-түні жұмыс істегендіктен, ол энергетикалық сусынды жәшіктерімен тұтынған. Мінекей, оның салдары осындай болды», — дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, жастар бұл сусынды ішудің салдарын білмегендіктен бейқам қолданады.

«Сол үшін жасөспірім балаларға ондай сусындардың зиянын, теріс жағын жиі насихаттап тұру керек. Бізде энергетикалық сусынды кез келген адам сатып ала алады. Оны қанша мөлшерде тұтынып жатқанын да ешкім білмейді. Сондықтан бұл қоғамдық деңгейде дабыл қағатын жайт», — дейді дәрігер.

Сондай-ақ маман кальян, электронды темекілердің де зиян туралы айтып өтті.

«Темекі құрамында никотин, токсиндер ең алдымен, адам ағзасындағы басты оорган — өкпеге әсер етеді. Оның әсерін барлығы жақсы түсінсе де, ешкім көңіл бөлмейді. Ол электронды заттар мүлдем әсер етпейтіндей шегіп жүре беретіні қынжылтады. Электрондық темекідегі сұйықтық 5 заттан тұрады», — дейді Айсұлу Тоқтыбаева.

Олар:

Пропиленгликоль;
Глицин;
Никотин;
Ароматизаторлар;
Дистилденген су.
«Менің айымша, жасөспірімдер арасында электрондық темекені шеккендер өзін ересек, ерекше сезінетін сияқты боламын деп ойлайды. Олар ертеңін ойламай, жастықтың буымен жүргені де белгілі. Бірақ ХОБЛ, созылмалы өкпенің қабынуы, бронхиттік демікпе, қатерлі өкпе ауруларына шалдығып қалатынын білмейді. Бұл бойынша да мектептерде насихат жұмыстарын күшейту керек деп ойлаймын», — деді ол.

Сондай-ақ кейбір елдерде энергетикалық сусындарды сатуға шектеулер мен тыйым салулар бар. Мысалы, Литвада кәмелетке толмаған адамдар үшін энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынған, Франция, Дания және Норвегияда энергетиктер тек дәріханаларда сатылады.

Қазақстанда энергетикалық сусындар еркін сату айналымында, яғни алкогольсіз энергетикалық сусындарды сатуға ешқандай шектеулер көзделмеген.

«Тұтынушы осы сусындардың кімге және қандай мөлшерде, ал кімге мүлдем болмайтыны туралы нақты көрсетілген таңбамен ғана қорғалған. Кеден одағының 022/2011 «Таңбалау бөлігіндегі тамақ өнімдері» техникалық регламентінің талаптарына сәйкес адам организміне сергітетін әсерді қамтамасыз ететін құрамында 150 мг/л-ден астам кофеин және (немесе) дәрілік өсімдіктер мен олардың сығындылары жеткілікті мөлшерде бар алкогольсіз сусындар «18 жасқа дейінгі, жүктілік және бала емізу кезінде, сондай-ақ жоғары жүйке қозғыштығы, артериялық гипертензияның ұйқысыздығы бар адамдарды тұтыну ұсынылмайды» деген жазумен таңбалануға тиіс», — дейді Денсаулық сақтау министрлігі.

Энергетикалық сусындардың құрамы мен әсер ету механизмі келесідей: кофеин жүйке жүйесіне тез әсер етеді, жүрек-тамыр жүйесін сергітеді, тұтынғаннан кейін 15 минут ішінде сергіту әсеріне қол жеткізіледі және шамамен 1,5 сағатқа созылады, содан кейін құлдырау пайда болады.

Гиперстимуляцияның орнына қандағы қанттың күрт төмендеуімен бірге келесі белгілер пайда болады: әлсіздік, ұйқышылдық, қатты аштық, жүрек соғысы, терлеу, көздің бұлдырауы, тіпті ессіздікке дейін апаруы мүмкін. Яғни, мұндай сусындардың құрамында қосымша энергия жоқ, тек біздің денеміздегі қорлар көп мөлшерде пайдаланып, оны сарқып алады.

Сондай-ақ энергетиктерді шамадан тыс пайдалану тахикардия, гипертония, жүрек ырғағының бұзылуы, асқазан жарасы, қышқылдықтың жоғарылауы, гастрит, панкреатит, бауырдың майлы дистрофиясы, гепатит, бауыр жеткіліксіздігі, көмірсулар алмасуының бұзылуы, қант диабеті, семіздік, аллергиялық реакциялар, психикалық бұзылулар, агрессия, тітіркену және т.б. сияқты қиындықтарды тудырады.

Психолог Саягүл Шәкәрқызының айтуынша, энергетика ішу мен вейп тартуға жасөспірімдер әуесқой болады.

«Оған себеп отбасында рухани тәрбиенің құлдырап, баланың бос уақытының көптігі болуы мүмкін. Ата-ананың көбі бала немен айналысып, кіммен жүргенін біле бермейді. Рухани тәрбиенің құлдырауына материалдық қызығушылық әсер етіп жатады. Балалар өз құмарлығы мен қызығушылығын тез іске аасырады. Интернет жасөспірімдердің миын жарнама арқылы улап, зиян еместігін жариялап арандатады. Жасөпірім кезінде ішіп-шеккен бала өзін ересек адам ретінде сезінеді. Қоршаған достарынан, ортасынан қалысқысы келмейді. Бұл жерде бәсеке мәселесі де бар. Тағы бір себебі көп шегіп, ішіп жүрген балалар бір-бірін тартады. Оның түрлерін айтып, әсерін айтып, мақтанады», — дейді маман.

Психолог жасөпірімдер отбасындағы назарды өзіне аудау үшін де істеуі мүмкін екенін айтады.

«Сондықтан отбасынан бастап, ақпаратты ертерек беруді бастау керек. Энергетикалық сусын мен вейптердің әсері мен зиянын түсіндіру керек. Бұл заттарды көп мөлшерде қолданса, тәуелді болып қалуы да мүмкін. Өкінішке қарай, энергетика ішу мен вейп тарту енді өсіп келе жатқан организмге қатты әсер етеді. Миды улап, ішкі құрылыстарды зақымдап, созылмалы ауруларға алып келуі мүмкін», — дейді ол.

Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы аясында салауатты өмір салтын насихаттау тұрақты түрде жүргізілетінін айтты.

Білім беру ұйымдарында «Ойланатын уақыт: 16 жасқа дейін және ол жастан үлкен» интерактивті оқу бағдарламасы енгізілген.

Бұл оқу бағдарламасы темекі шегудің алдын алу, нашақорлықтың оқушылар арасында болуы туралы жалпы білім беретін мектептер, кәсіптік мектептер мен колледждерде бар.

Мектеп бағдарламасына «Нашақорлықтың, алкоголизм мен шылым шегуді алдын алу» атты оқу құралы 2012-2013 оқу жылдан бастап білім беру ұйымдарындарында пайдалануға рұқсат етілген қосымша әдебиеттердің тізіміне енгізілген екен.

«Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы мектепке дейінгі ұйымдардан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі білім беру жүйесінің барлық деңгейінде іске асырылады.

Өз дамуында бірқатар дәйекті кезеңдерді өтіп, «Өзін-өзі тану» бағдарламасы балалар мен жастарға адамгершілік-рухани тәрбие беруді қамтамасыз ететін Ұлттық білім беру ресурсының заманауи мәртебесіне ие болды. Мектепке дейінгі ұйымдардан бастап білім берудің барлық деңгейінде дене шынықтыру сабақтары аптасына кемінде 3 сағат көлемінде өткізіледі.

Ал Ішкі істер министрлігі хабарлағандай, 2020 жылғы 7 шілдедегі заңмен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне тыйым салынған бұйымдардың тізбесін кеңейту бойынша түзетулер енгізілген.

«21 жасқа толмаған адамдарға темекіні және темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянға арналған темекіні, кальян қоспасын, темекіні қыздыруға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды сату бойынша» 423-1-бабы енгізілді.Қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянға арналған темекіні, кальян қоспасын, электрондық тұтыну жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды 21 жасқа толмаған адамдарға сатқаны үшін 15-тен 200 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделген», — деп хабарлады ІІМ.

Сондай-ақ полиция аталған бап бойынша 500-ден астам құқық бұзуды анықтаған көрінеді.

ӘҚБтК-нің 441-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салу белгіленген орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянға арналған темекіні, кальян қоспасын, темекіні қыздыруға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелерін және олар үшін сұйықтықтарды тұтынғаны үшін 16 жасқа толған жеке тұлғаларға 15 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген. Егер 16 жасқа толған, кәмелетке толмаған адамның дербес табысы болмаса, онда айыппұл заңды өкілдерге салынады. Жыл басынан бері аталған бап бойынша 12,5 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды. Сондықтан жасөспірімдердің вейп тартуын көрсеңіз, құзырлы органдарға хабарласа аласыз.

Другие новости

Back to top button