Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы әскери қызметшілердің тамақтану рационына қазақтың ұлттық тамақтарын қосу туралы бастама көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Бұл туралы Ұлттық ұланда өткен дөңгелек үстел барысында айтылған. Ұлттық Ұланның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, рационға ет, сірне, наурыз-көже, нарын, кеспе, бауырсақ және басқа да дәстүрлі тағамдар енеді.
«Әскердегі тамақтану рационына ұлттық тағамдарды енгізу — бұл аспаздық жаңалық қана емес, әскери қызметшілеріміздің жауынгерлік рухын нығайту мен мәдени бірегейлігін сақтаудағы маңызды қадам. Ұсынылып отырған өзгерістер алдын ала Қазақ тамақтану академиясымен келісілген, себебі калориясы мен энергетикалық құндылығы жоғары ұлттық тағамдармен байытылған рацион зат алмасуды, иммунитетті жақсартуға және қарқынды жүктемеден кейін күш-қуатты қалпына келтіруге ықпал етеді», — деген Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары Еркебұлан Хамидуллин.