Выбор редакции

Енді мемлекеттен көмек алу үшін «көпбалалы отбасы» болу жеткіліксіз: Үкімет нені өзгерткелі жатыр

Қазақстанда отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі өзгергелі жатыр. Енді мемлекеттен көмек алу үшін отбасыларды «көпбалалы» немесе «әлеуметтік осал топ» деп бөлу жеткіліксіз. Ең алдымен әр отбасының тұрмыс жағдайы мен шынайы қажеттілігі ескеріледі. Еңбек министрлігі әлеуметтік саясатқа бекерден-бекер өзгеріс енгізіп жатқан жоқ. Жуырда ғана Парламент депутаты бір басында 12 үйі бар отбасы мемлекетке алақан жайып келгенін айтқан. Яғни, қазір әлеуметтік көмек әділ бөлініп отырған жоқ. Сол себепті Үкімет әр отбасыны табысы мен тұрмыс деңгейіне қарай 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық критерий негізінде бағалап, 6 санатқа бөлуді жоспарлап отыр. Осы ретте көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарға табысына қарамастан төленетін мемлекеттік жәрдемақы тоқтай ма деген орынды сұрақ туады. Толығырақ Azattyq Rýhy материалынан оқыңыз.

Мемлекеттік қолдаудан кімдер қағылады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсіндіргендей, әлеуметтік саясаттың негізгі өзгерісі – категориялық көзқарастан бас тартып, қажеттілік критерийлеріне көшу. Яғни қазақстандықтар арасында мемлекеттік қолдау шараларын бөлген кезде әлеуметтік әділеттілік принципі енгізіледі. Әзірге министрліктің бастамасы екі өңірде пилоттық режимде іске асып жатыр.

«Пилоттық жобаның жаңашылдықтарының бірі – отбасыларды 6 санатқа – төтенше қажеттіліктен (азық-түлікке ақшаның жетпеуі) жоғары әл-ауқатқа (қаржылық қиындықтардың болмауы) дейін бөлетін үй шаруашылықтарының әлеуметтік-экономикалық осалдығы мен тұрақтылығын бағалаудың баллдық үлгісін қолдану. Негізгі мақсат – ресурстарды шынымен мұқтаж азаматтардың пайдасына қайта бөлу, ал отбасының әрбір мүшесіне орташа жан басына шаққандағы табысы 4 еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейінен асатын және басқа да факторлар жиынтығы бар отбасыларды әл-ауқат деңгейі жоғары үй шаруашылықтары қатарына жатқызып, оларға көмек көрсетуден бас тарту», — делінген министрліктің ресми сауалға берген жауабында.

Яғни:

  • 2 немесе одан көп үйі;
  • 1 немесе бірнеше автокөлігі;
  • тіркелген жеке кәсібі (ИП, ЖШС) бар;
  • отбасының табысы жан басына шаққанда 4 ең төменгі күнкөріс деңгейінен асатын (шамамен 200 мың теңге) отбасыларға мемлекеттік көмек көрсетілмейді.

Өйткені олар әл-ауқаты жоғары отбасы қатарына – 6 санатқа жатады. Ал қалған бес санатқа қажеттілік критерийлеріне қарай әлеуметтік қолдау көрсетіле береді. Мысалы, отбасының табысы өте аз болса, оған көп көмек көрсетіледі. Ал табысы жақсы, қолдауға мұқтаж болмаса – көмек берілмейді.

Балдық модель 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық критерий негізінде қалыптасады.

Еңбек министрлігі әлеуметтік қолдаудың жаңа жүйесін Бірыңғай цифрлық платформа арқылы іске асырады. Қазір пилоттық жоба Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында басталған. Бұл екі өңірде білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, тұрғын үй қатынастары және дене шынықтыру салаларындағы 11 мемлекеттік қызмет осы бірыңғай платформа арқылы көрсетіледі. Олар:

  1. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету;
  2. Азаматтардың жекелеген санаттарын, сондай-ақ қорғаншылықтағы (қамқоршылықтағы) және патронаттағы, жоғары оқу орындарының студенттері мен білім алушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету;
  3. Мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу;
  4. Жалпы білім беретін мектептердегі білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарын тегін және жеңілдетілген тамақтандырумен қамтамасыз ету;
  5. Мемлекеттік білім беру ұйымдары студенттері мен тәрбиеленушілерінің жекелеген санаттарына саяжай және мектеп жанындағы лагерьлерде демалуды қамтамасыз етуге құжаттарды қабылдау және жолдамалар беру;
  6. Білім беру ұйымдарының студенттері мен тәрбиеленушілеріне қаржылық және материалдық көмек көрсету;
  7. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларды жатақханамен қамтамасыз ету;
  8. Азаматтардың жекелеген санаттарын, сондай-ақ қорғаншылықтағы (қамқоршылықтағы) және патронаттағы адамдарды, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін тегін тамақпен қамтамасыз ету;
  9. Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауды тағайындау және жүзеге асыру;
  10. Тұрғын үй көмегін көрсету;
  11. Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық көмек төлеу.

Мемлекеттік қолдау шаралары азаматтарды 23 критерий бойынша бағалап, тиісті санатқа жатқызғаннан кейін автоматты түрде тағайындалады. Айта кетейік, әзірге мұның бәрі пилоттық режимде екі өңірде ғана жүріп жатыр. Түпкілікті шешім пилоттық жобаның нәтижесінен кейін ғана қабылданады.

Ал жаңа әлеуметтік саясат аясында «халықтың әлеуметтік осал тобы», «көпбалалы отбасы» деген санаттар болмай ма?» деген сауалымызға Еңбек министрлігі:

«Халықтың әлеуметтік осал топтары туралы түсінік және олардың барлық сала үшін жалпы тізімі қарастырылмаған. Яғни, халықтың әлеуметтік осал топтарының тізімі әр сала үшін жеке болады. Мысалы, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру мақсаттары үшін, салықтар мен шегерімдердің кейбір түрлерінен босату үшін және тағы басқа. Ал бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде кәмелет жасына толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасы көпбалалы отбасы болып саналады. Бұл мәртебе уақытша, төртінші баласы кәмелет жасына (білім алатын бала 23 жасқа) толғанда мәртебесін жоғалтады», — деп жауап берді.

Яғни бұл ұғымдар жойылмайды, әр сала өзіне керек топтарды бөлек анықтайды.

Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы төлене бере ме

Елімізде 2020 жылғы қаңтардан бері көпбалалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында табысына қарамастан сараланған мөлшерде мемлекеттік жәрдемақы төленеді:

  • 4 баласы бар отбасылар үшін – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
  • 5 баласы барлар – 20,04 АЕК немесе 78 797 теңге;
  • 6 баласы барлар – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
  • 7 баласы бар отбасылар – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
  • 8 және одан көп балаларға – әр балаға 4 АЕК-тен немесе 15 728 теңгеден.

Сонымен қатар, «Алтын алқа» алқасымен, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендері және «Батыр Ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға 7,4 АЕК немесе 29 097 теңге, ал 6 бала туып, тәрбиелеген «Күміс алқасы» бар аналарға 6,4 АЕК немесе 25 165 теңге жәрдемақы беріледі.

Еңбек министрлігі жаңа әлеуметтік саясаттың аясында осы мемлекеттік жәрдемақылар қысқартылмайтынын атап өтті.

«Бюджеттен төленетін барлық жәрдемақы қалады. Наградталған аналарға төленетін жәрдемақыны қысқарту жоспарланбаған», — деді министрліктің баспасөз қызметі.

Халықтың басқа санаттарына берілетін әлеуметтік көмек те қысқармайды, бірақ қажеттілік критерийлері ескеріледі.

Другие новости

Back to top button