ГлавноеГосорганы

Енді электр самокатпен жүргізуші куәлігі барлар ғана жүре алады — Министр заң жобасын таныстырды

ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов электр самокатпен жолда жүру тәртібіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Stan.kzақпарат агенттігі. 

 

Министрдің айтуынша, жол қозғалысындағы жаяу жүргіншілер мен мопед пен самокат жүргізушілерінің қауіпсіздігі үшін нормативтік актілер қабылданып жатыр.

“Қазақстанның инфрақұрылымы велосипед жолағына 500 шақырым ғана беруге арналған. Сондықтан да самокаттарды жолдың оң жолағымен 18-ге толған, жүргізуші куәлігі бар, қорғау шлемі бар жүргізушілер айдай алады. Қалған жерлерде, мысалы, тротуарда жүретін болса, басымдық жаяу жолаушыларға беріледі. Биыл 1 қаңтардан бастап самокат жүргізушілерінің қатысуымен 44 оқиға тіркелді. Былтыр 1 адам қайтыс болды. Осындай статистика бар», — деді Ішкі істер министрі.

Министр заң жобасын депутаттар ұсынып отырғанын айтты.

Бұдан кейін депутат Екатерина Смышляева заң жобасын таныстырды. Айтуынша, заң жобасы екі жыл бұрын әзірленген. Алайда электр самокаттарға қатысты техникалық регламент тек 2022 жылдың шілдесінде қабылданды.

“Бүгін біз электр самокаттардың жүрісін реттеу бойынша алғашқы түзетулер топтамасын ұсынып отырмыз.

Жобаға сәйкес:

— электр самокаттар көлік құралы ретінде танылады;

— жүру жылдамдығы сағатына 25 километрге дейінгі көлік құралдары электр самокаттарға жатады.

Электр самокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады.

Тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі.

Бұл тәсіл көліктің жаңа түрін иеленушілер мен жаяу жүргіншілер үшін ең қолайлы шешім.

Тротуардағы жылдамдықты шектеу – жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Шектеулерді басқару қиын. Бірақ мұндай жылдамдық шамамен жаяу жүргіншілер легінің жылдамдығына тең. Және ол сырттай көзбен шолып анықталады.

Электр самокаттың жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде  автобус жолағымен бір қатарда жүруіне жол беріледі. Алайда, бұл үшін жүргізуші 18 жасқа толуы және шлем киюі керек. Сондай-ақ үстінде жарық шағылыстыратын киім мен кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет”, – делінген министр баяндамасында. 

Жолдың жүру бөлігіне шығатын жүргізушілерге қойылатын талаптар – авариялық жағдайлардың алдын алу мақсатында енгізілді. Өйткені жол жүрісі қағидаларын білмеу – көлік құралының конструкциясын ескерсек, қиын жағдайға алып келуі мүмкін.

“Электр самокатта жүктер мен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады. Электр самокат жүргізушілер жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен жаяу өтуі керек. Жалпы, көліктің осы түрін дамытудағы проблемалардың бірі – арнайы бөлінген жолдар мен жолақтар түріндегі қалалық инфрақұрылымның болмауы. Жекеменшік электр самокаттардың көбеюін, Қазақстан нарығында кикшеринг сервисінің пайда болуын ескерсек, осындай көлікке бейімделмеген, бұрыннан бар инфрақұрылымға түсетін жүктеме жақын арада артады.

Сондықтан, біз қала кеңістігін жоспарлауға, шерингтік компаниялардың жауапкершілігіне, көліктің жаңа түрін тіркеуге жергілікті атқарушы органдардың қатысуын қамтамасыз ету үшін реттеуші құралдардың екінші топтамасын әзірлеуге кірістік”, – дейді депутат. 

Осылайша бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.

Другие новости

Back to top button