Енді дәрігерлерді ұрып-соғу полицияның жеке басына қауіп төндірумен тең болады

Үкімет медицина қызметкерлерін қорғауды күшейту жөніндегі шаралар кешенін дайындайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицина қызметкерлерін қорғауды күшейту және денсаулық сақтау мекемелеріндегі қауіпсіздікті арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін премьер-министр Олжас Бектенов шұғыл жиын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиналысқа премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ішкі істер министрі Ержан Сәденов және әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова қатысқан. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, медбикелерге және басқа да денсаулық сақтау қызметкерлеріне жасалған шабуылдардың 170-тен астам фактісі тіркелген.
Жиында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлзанарова дәрігерлерді қорғау үшін нақты қандай өзгерістер көзделіп отырғанын атап айтқан. Нақтырақ айтсақ, заңға мынандай өзгерістер көзделіп отыр:
- дәрігерлерге жасалған шабуылдарды құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жеке басына қауіп төндіру әрекетімен теңестіру;
- медиктерге смарт-бейнежетондар беру;
- ауруханаларда кешенді күзет жүйелерін енгізу және қабылдау бөлімшелерінде тәулік бойғы полиция бекеттерін қою.
Олжас Бектенов медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуын қамтамасыз ету қажет. Дәрігерлерге шабуыл жасалған мұндай оқиғалар құқықтық әдістермен қатаң түрде тоқтатылуы керек. Осыған байланысты денсаулық сақтау, ішкі істер, әділет министрліктеріне он күн мерзім ішінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны үшін қылмыстық жаза қарастыру бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеп, енгізуді тапсырамын», — деді премьер-министр.
Ішкі істер министрінің мәліметінше, елімізде 115 денсаулық сақтау нысанына полиция бекеттері қойылған.