Енді дәретханаларға камера қойылуы мүмкін

Мектептерде жасырын орындарда болатын төбелес пен әлімжеттік қоғамды алаңдатып отыр. Заң бойынша дәретханаларға камера орнатуға тыйым салынған. Алайда бұл мәселеге тың шешімді небәрі 7-сыныпта оқитын оқушы ұсынды.
Бір жыл бойы ізденген Әділхан Рүстемұлы әлімжеттіктің алдын алуға бағытталған арнайы құрылғы ойлап тапты. Жүйе адам қозғалысын бақылайды, бірақ тұрақты бақылау жүргізбейді. Тек агрессивті қимыл байқалған жағдайда ғана дабыл береді. Құрылғы қараңғыда да жұмыс істей алады және қосымша қуат көзін қажет етпейді.
Жобаның ғылыми жетекшісі Айдос Басықара «Еуразия» Бірінші арнасына берген сұхбатында бұл технология камера қоюға тыйым салынған аймақтарда қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік беретінін айтты. Қазір жоба жетілдіру кезеңінде. Қолдау тапқан жағдайда, бұл жүйе мектептердегі буллингтің алдын алатын тиімді құралға айналуы мүмкін.
«Еуразия» Бірінші арнасы



