«Еңбек-Қызылжар» кәсіпорнының басшысы парамен ұсталды
Күдікті Петропавл қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ІІМ ҚАЖК «Еңбек» ШЖҚ «Еңбек-Қызылжар» РМК филиалында жемқорлық фактісінің жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«2022 жылғы 23 тамызда мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша сотталғандар үшін азық-түлікті қабылдау-тапсыру актісіне кедергісіз қол қойғаны үшін осы мекеменің басшысы жеке кәсіпкерден пара алған кезде ұсталды», — делінген ведомство мәліметінде.
Күдікті Петропавл қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Кінәнің толық танылуын және сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеруді жүргізу туралы келіп түскен өтінішхатты ескере отырып, тергеу соты оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
«Кінәлілік дәрежесін сот анықтайды. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды», — делінген хабарламада.