Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 2025 жылғы базалық зейнетақы мөлшеріне болжам жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үкіметтегі брифинг барысында еңбек министрінен журналистер келесі жылы Қазақстанда зейнетақы мөлшері қалай өзгеретінін сұрады.
– Бүгін де базалық зейнетақы төлемінің орташа мөлшері шамамен 42 мың теңгені құрайды. Болжам бойынша, келесі жылдан бастап индекстеу 44 мыңға жуық болады. Базалық зейнетақы төлемін ескере отырып, зейнетақының орташа мөлшері бүгінде шамамен 152 мың, ең көбі 197 мың теңгені құрайды. Индекстеуді ескере отырып, бұл барлық көрсеткіште көтеріледі, — деп жауап берді Светлана Жақыпова.
Еске сала кетейік, бұған дейін 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы жарияланған болатын. Құжатта ең төменгі есептік көрсеткіш, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі жалақы және басқа да маңызды көрсеткіштер көрсетілген.
Қаржы министрлігі бұған дейін Ашық НҚА порталында 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын жариялаған еді.
Құжатқа сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап АЕК мөлшері 3 932 теңгеге дейін өседі деп жоспарланған. Қазір ол — 3692 теңге.
Ең төменгі жалақы мөлшері өзгермейді, 85 000 теңге болып қалады, ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28 215 теңгеден 32 360 теңгеге дейін өседі. Елімізде ең төменгі зейнетақы мөлшері 57 853 теңгенің орнына 62 771 теңге болмақ.
Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін өмір сүру шекті сома 46 228 теңгеге дейін өспек, қазір бұл көрсеткіш — 43 407 теңге.