ГосорганыИнтервью

Елімізде синтетикалық есірткіге тәуелді адамдар саны еселеп өсіп келеді

Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес синтетикалық есірткіге тәуелді қазақстандықтардың саны соңғы бес жылда 14 есеге өскен. Мамандар пікірінше, әсіресе синтетикалық психотроптық заттар өте қауіпті. Елімізде есірткіге әуес жасөспірімдерді анықтау үшін жаппай скринигтен өту міндеттелуі мүмкін. Ішкі істер министрлігі осылайша, жеткіншектер жаман әдетке тәуелді болмай тұрып, ерте бастан алдын алуды көздеп отыр. Бұл бастама нашақорлық және есірткі бизнесімен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бағдарлама аясында қолға алынады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

ҚЫЛМЫСКЕРЛЕРДІ ҰСТАУМЕН ЖҰМЫС БІТПЕЙДІ

Жасөспірімдер мен жастарды есірткіден қорғау үшін, алдымен оны табыс көзіне айналдырған қылмыскерлермен күресті күшейту қажет. Солтүстік Қазақстан облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Иван Терзидидің айтуынша, жыл басынан бері есірткіге қатысты 54 қылмыс тіркелген, соның 12-сі сатуға қатысты фактілер.

«Жағдайды бақылауда ұстау үшін облыс, республика көлемінде жедел-алдын алу және қылмыстарды анықтау бойынша шаралар өткізіліп тұрады. Сол жұмыстың нәтижесінде заңсыз айналымнан 5 келі 643 грамм түрлі есірткі заттары тәркіленді. Соның ішінде 1 килограмнан көбі синтетикалық есірткі», – деді басқарма басшысы.

Есірткі тарататындарды ұстау, қылмысты ашу – ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Ең маңыздысы – алдын алу. Сондықтан бұл жерде «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген тәмсілге сай әрекет еткен жөн.

ЖАСТАРДЫҢ АЛДЫНДА ЕКІ ТАҢДАУ БАР

Жеткіншектерді жаман әдеттен ада болуға шақырып, жақсылыққа үгіттеу өте маңызды. Осы мақсатпен Солтүстік Қазақстан облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы біраз іс атқарып жатқанын білдік. Соның ішінде спорттық жарыстар, концерттер өткізілуде. Қазір жастардың назарын әлеуметтік желіден айыру қиын. Осы жайтты да тиімді пайдалануға болады. Мәселен, ақпан айының басында жарыққа шыққан «Сенің таңдауың» атты әлеуметтік бейнероликті айтуға болады. Бұл бейнеролик Солтүстік Қазақстан облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының тапсырысы бойынша түсірілген.

Онда әрбір адамның алдында таңдау тұрғаны көрсетіледі. Спортты, салауатты өмір салтын таңдаған жастардың жолы ашық, ал есірткіге бір рет үйір болған адам одан қайтып шығуы қиын екені көрсетілген. Әсіресе, соңғы кездері кең тарап келе жатқан синтетикалық есірткінің орасан зор зияны туралы айтылады.

ЕҢ ҚАУІПТІСІ – СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІ

Синтетикалық есірткі – психотроптық заттарының ішіндегі ең қауіптісі. Тіпті бір рет тұтынғаннан психологиялық және физикалық тәуелділік тудыруы мүмкін. Танымал синтетикалық препараттардың ішінде тұздар (мефедрон) кең таралған. Бұл – психостимуляторлық қасиеттері бар есірткі. Ол өз атауын тұз кристалдарына сыртқы ұқсастығына байланысты алған. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес синтетикалық есірткіге тәуелді қазақстандықтардың саны соңғы бес жылда 14 есеге өскен.

Басқа есірткілерге қарағанда синтетикалық препараттар адам ағзасына өте зиян. Басты себеп – оның химиялық құрамы. Бұл есірткі түрінен жүрек пен қан тамыры жүйесі зардап шегеді, иммунитет төмендейді. Ине салу арқылы тұтынса қауіпті жұқпалы аурулардың таралу қаупін тудырады, яғни вирустық гепатит, мерез және АИТВ жұқтыруы мүмкін. Нарколог-дәрігерлердің сөзінше, алдымен орталық жүйке жүйесі бұзылады, яғни зейін нашарлайды, ұйқысыздық пайда болып, есте сақтау қабілеті төмендейді, адам ашуланшақ болады. Синтетикалық есірткі ағзасы әлі толық жетіле қоймаған жасөспірімдер мен жастар үшін тіпті қауіпті.

ТҰТЫНУШЫ ДА, ТАРАТУШЫ ДА ӨЗДЕРІ

Есірткіні тұтынушылардан бөлек оны таратушылардың арасында да жастар көп. Бұл да бір үлкен мәселе. Кейбірі тіпті білместікпен немесе жеңіл ақша табу мақсатымен істеуі мүмкін. Бірақ заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды. Оның үстіне Қаақстанда есірткі таратушыларға қатысты заң қатаңдатылды, яғни 10 жылдан 20 жылға дейін темір торға тоғытылады.

«Жасөспірімдер ойнап жүріп от басып алмауы үшін оларға полиция қызметкерлері ғана емес, ата-аналары, оқу орындарындағы ұстаздары, әлеуметтік педагогтар түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. Тек 2022 жылдың өзінде ғана облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 600-ден астам профилактикалық шара өткізді. Бұл – дәстүрлі кездесулер, лекциялар, «дөңгелек үстел» отырыстары, спорттық жарыстар мен шығармашылық байқаулар және түрлі акциялар», – дейді полиция подполковнигі Иван Терзиди.

«Instagram», «Facebook», «Вконтакте» және «Тик-ток» әлеуметтік желілеріндегі басқарманың парақшалары арқылы да алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Соның ішінде есірткі сатушылардың ұсталғаны және сотталғаны туралы сюжеттер көрсетіледі.

ТӘРКІЛЕНГЕН ЕСІРТКІ ҚАЙТАДАН САТЫЛУЫ МҮМКІН БЕ?

Ел арасында тәркіленген есірткі заттары қара нарыққа қайтадан түседі деген пікір бар. Бұған қатысты Солтүстік Қазақстан облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Иван Терзидидің пікірін сұрадық. Тәртіп сақшысы бұл мүмкін емес екенін айтты.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылдың 9 желтоқсанында шыққан № 1291 қаулысы бар. Тәркіленген есірткі заттарын жою сол қаулыда көрсетілген тәртіп бойынша жойылады. Қылмыстық іс тоқтатылғаннан немесе сот үкімі шыққаннан кейін арнайы комиссия құрылады, оның құрамына тергеу бөлімің басшылары, қылмыстық істі жүргізген жауапты қызметкерлер, кеңсе мамандары, есірткіні сақтауға жауаптылар, прокрурорлар, денсаулық сақтау саласының өкілдері және сот орындаушылары мен басқа да мамандар кіреді», – дейді басқарма басшысы.

Алдымен комиссия мүшелері тәркіленген есірткі затын мұқият тексереді. Барлық үрдіс бастан-аяқ бейнекамераға түсіріледі. Есірткі отқа жағу арқылы жойылады. Кейін арнайы акт жасалады.

51 АДАМ МӘЖБҮРЛЕП ЕМДЕУГЕ ЖІБЕРІЛДІ

Есірткі қылмысымен күрес және алдын алу жұмыстарының арқасында есірткі шеккен адамдар жасайтын қылмыстардың саны 35,8 пайызға азайып отыр (134-тен 86-ға азайды).

Жамбыл ауданы Благовещенка ауылындағы мәжбүрлеп емдеу мекемесіне жыл басынан бері 51 адам жіберілді. Бұдан бөлек есірткі шегетін және араққа салынған 476 адам арнайы есепке алынған.

Соңғы екі ай ішінде учаскелік инспекторлар тұрғындармен 184 кездесу өткізіп, атқарылған жұмыстары жөнінде есеп берді. Сол кездесулерде міндетті түрде есірткі шегіп немесе арақ ішіп алып, отбасын ойрандайтындар туралы полицияға хабарласу қажеттігі айтылады.

Жыл басынан бері кәмелекеттік жасқа толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа ата-ана құқығынан айыру туралы 19 іс жіберіліп, 8-і қанағаттандырылды. Сондай-ақ тағы 7 іс бойынша ата-ана құқығын шектеу туралы шешім шығарылды.

Другие новости

Back to top button