Госорганы

Елімізде салынатын газ өңдеу зауыты 2028 жылы пайдалануға берілуі мүмкін

«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» салатын газ өңдеу зауыты кестеге сай 2030 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Дегенмен, оның құрылысын 2028 жылы аяқтау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы «Ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарында» жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 22-ші және ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін 3-орында. Алынатын қорлар 3,8 трлн м3, оның ішінде ілеспе газ – 2,2 трлн м3, бос газ – 1,6 трлн м3. Барланған газ қорларының шамамен 98%-ы Қазақстанның батысында. Өзінің құрылымы бойынша республикада өндірілетін газ – негізінен ілеспе мұнай газы. Қазақстанда газ өндірудің шамамен 80%-ын Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз және Жаңажол жобалары қамтамасыз етеді», — делінген «Ашық» НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында.

Кешенді жоспарда көрсетілгендей, былтыр Қазақстанда 53,2 млрд текше метр ілеспе газ өндірілген.

«Газдың болжамды балансына сәйкес, 2030 жылға қарай ілеспе газды өндіру көлемі 87,1 млрд м3 болады. Қазақстан экономикасының дамуына қарай ішкі нарықтың газға деген қажеттілігі үнемі артып келеді. Жаңа тұтынушылар санының артуын газбен қамтамасыз етумен қатар, электр энергиясы жобаларын, мұнай-химия саласындағы жаңа инвестициялық жобаларды газбен қамтамасыз ету және өнеркәсіптік кәсіпорындарды газға ауыстыру қажеттілігі де бар. Энергетикалық қауіпсіздікті сақтау және газ саласын одан әрі тұрақты дамыту үшін ресурстық базаны кеңейту қажет», — деп жазылған кешенді жоспарда.

Бұл ретте «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» салатын газ өңдеу зауыты кестеге сай 2030 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Дегенмен, көпшілк талқылауға шығарылған құжатта оның құрылысын 2028 жылы аяқтау мүмкіндігі қарастырылып жатқаны жазылған. Бұл елдегі газ өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік бермек.

Другие новости

Back to top button