Выбор редакцииИнтервью

Елімізде психобелсенді заттарды тұтынушылар саны артып, психикалық ауруға шалдыққан науқастар көбейген

«Адамның ақыл-есі қызметінің бұзылуы, психикалық ауытқушылық меңдеген, ой-өрісінің дамуын тежейтін психикалық дерттің бірнеше түрі бар. Солардың арасында психобелсенді заттарды тұтынушылар көш бастап тұр» деп хабарлайды Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталықтың бас директорының орынбасары Нәби Есімов.

Бүгін 10 қазан — Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне орай еліміздегі психикалық денсаулық орталықтарында ашық есік күні өтіп жатыр. Алматы, Тараз, Шымкент және басқа өңірлердегі орталықтарда еңбек ететін кәсіби, білікті мамандар тұрғындарға тегін психологиялық кеңес береді.

Орталықтың бас директорының орынбасары Нәби Есімовтің айтуынша ашық күні кеңес алуға келген барлық азамат жайлы ақпарат құпия сақталады. Маскүнемдік, нашақорлық пен түрлі психикалық дерт мазалаған тұрғындарға орталық мамандары медициналық көмек көрсетіп, кеңес береді.

Елімізде психобелсенді заттарды тұтыну салдарынан психикалық кеселге шалдыққан 108 мыңнан астам науқас динамикалық бақылауға алынған. Психиатрлар олардың денсаулығын жүйелі түрде бақылап, медициналық, психологиялық көмек береді.
76 мыңға жуық науқас ақыл-ой кемістігі , 58 мың тұрғын органикалық психикалық бұзылыстары , 44 мың науқас шизофрения, сандырақтау сияқты дертпен динамикалық бақылау тобына тіркелген.

-Психобелсенді заттарды тұтынған науқастардың жүрісінде , психикасында бұзылыстар пайда болады. Оның бірнеше түрі бар және ағзаға зияны өте орасан зор. Полиорганды потология шақыруы мүмкін, ағзаның улануы, ең бастысы науқас оған тәуелді болып, құлына айналады. Синтетикалық есірткіні күнде іздейді. Сатып алу үшін түрлі айла-амалдарға барады. Сандырақтайды. Түрлі елес көріп, өзінен-өзі үркіп, психикалық ауыр соққылар алады.Сондықтан бұл өте қауіпті кесел,- дейді Наби Есімов.

Өкінішке қарай , мамандар синтетикалық есірткіге тәуелді науқастардың басым бөлігі 25 жасқа дейінгі жастар деп алаңдайды. Денсаулыққа зиян екеніне қарамастан сәнге айналған психологиялық белсенді заттар интернет арқылы сатылады және бағасы арзан.

-Есірткі заттарының барлық түрінің ағзаға зияны көп. Қазір елімізде Денсаулық сақтау министрлігі, ІІМ, Оқу -ағарту министрлігі бірігіп, «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған жоба аясында бұл тажалдың алдын-алу, оның құрығына ілінген азаматтарымызды емдеу, оңалту шараларын нығайту аясында шаралар атқарылу жоспарланған,-дейді Наби Есімов.
Естеріңізде болса, 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Интернет арқылы есірткі тұтынуға икемдеу және өткізу тиісінше ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылды. Сондай-ақ қылмыстың жаңа құрамы – есірткіні жарнамалау және насихаттау енгізілді.

Сонымен бірге орталық бас директорының орынбасары «психикалық денсаулық орталығында науқасты байлап, қамап тастайды» деген ел арасында жиі айтылатын пікірді жоққа шығарды. Кез -келген маман емделушіден жазбаша келісім алғаннан кейін сұхбат, әңгімелесуді бастайды.
Бұған қоса , облыс орталықтарында , ірі қалаларда психикалық денсаулық орталықтары , қалалық , аудандық емханаларда психикалық денсаулық кабинеттері тұрғындарға психологиялық көмек көрсетеді.

-Ал шизофрения ауру жайлы айтатын болсақ, әлем ғалымдары бұл аурудың қалай пайда болатыны , оның тұқым қуалайтыны жайлы әлем зерттеуді тоқтатқан жоқ. Дегенмен биологиялық, қоғамдық , психологиялық әсерлердің ықпалынан ауру дамиды. Дегенмен кез-келген психикалық аурудың алдын-алу үшін салауатты өмір салтын жалғастыру, стресстік оқиғалардан аулақ болуға кеңес береді. Сонымен бірге физикалық тұрғыда белсенді болу да пайдалы,-дейді психиатр.

Мамандар, азғаны шектен тыс қимыл, қозғалыспен мәжбүрлемеуге кеңес береді. Өзіңіз жақсы көретін ортада жағымды қарым-қатынас орнатып, мазалаған ой, түйіткілді біреуге ақтарып айту да психикалық денсаулыққа пайдалы екен. Егер сырыңызды айтатын жақын адамыңыз болмаса, психологтың көмегіне жүгініңіз.

Қазақстанда қалалық, облыстық психикалық денсаулық орталықтарында 303 284 адам динамикалық бақылауда тұр. 200 мыңға жуық (195299) адам психикалық , 35,6% (107985) наркологиялық дертке шалдыққан. 10 қазан дүниежүзілік психикалық денсаулық күні әлемнің психиатрия саласының мамандары психикалық денсаулық мәселелері және бұл аурудың алдын-алу, емделу бойынша жұртшылыққа ақпарат, кеңес береді.

Жазира Бегалы

Другие новости

Back to top button