Электр станцияларына аудит жүргізу басталды — Үкімет басшысы
Еліміздегі электр станцияларына аудит жүргізу басталды. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдарға техникалық аудит жүргізу бойынша жұмыс басталды. Бұл жұмыс екі кезеңмен: бірінші кезеңде – электр станцияларына және екінші кезеңде электр желілік ұйымдарға аудит жүргізу жүзеге асырылады», — делінген Үкімет басшысының жауабында.
Оның атап өтуінше, бастапқы кезеңде сараптама комиссиясы Қазақстанның барлық станцияларындағы жабдықтың қазіргі жай-күйіне бағалау жүргізіп жатыр.
«Энергия өндіруші ұйымдар бойынша техникалық аудитті 2023 жылғы бірінші тоқсанда аяқтау жоспарланып отыр. Жүргізілген техникалық аудит негізінде жаңғырту және реконструкциялау жөніндегі іс-шараларды жүргізу қажеттілігіне байланысты әрбір станция бойынша техникалық ұсынымдар дайындалатын болады», — деді Премьер-Министр.