Госорганы

«Елдегі әр жетінші сәби Түркістанда дүниеге келеді»: Тоқаев өңір халқына қолдау көрсетілетінін айтты

Жастарға кәсіпкерлік бастамалары үшін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы жұртшылығымен кездесу барысында үш ауысыммен оқитын мектептерге қатысты пікір білдіріп, өңірде тағы 59 мектеп салынып жатқанын айтты, деп хабарлайды  Ақорданың баспасөз қызметі.

«Түркістан облысы – еліміздегі халық ең тығыз қоныстанған аймақ. Мұнда 2 миллионнан астам адам тұрады. Әлеуметтік саладағы бастамалар әр азаматтың тұрмысына өзгеріс әкеледі. Облыста апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептер әлі де бар. Мемлекет бұл мәселені шешуге барынша күш салады. Соңғы жылдары 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қазір 59 мектеп салынып жатыр. Себебі, еліміздің әрбір 7-ші сәбиі осы өңірде дүниеге келеді. Оларға сапалы білім ордаларын салып, жағдай жасау – маңызды міндеттің бірі», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ өңірдегі Сарыағаш ауданында перзентханасы бар аурухана салуды тапсырды.

«Оңтүстіктегі 6 ауданда 900 мыңға жуық адам тұрады. Демографиялық өсім бойынша Сарыағаш ауданы көш бастап тұр. Сондықтан осы ауданда перзентханасы бар медициналық кешен салуды тапсырамын. Оған қажетті қаржыны республикалық бюджеттен бөлу керек. Мұның бәрі тұрғындардың денсаулығын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз. Еліміздегі көпбалалы аналардың үштен бірі Түркістан облысында тұратыны белгілі. Сондықтан бұл бастама сіздер үшін де өте маңызды», — деді ол.

Президент сонымен қатар жастарға жан-жақты қолдау көрсету қажеттілігін баса айтты.

«Олардың кәсіпкерлік бастамалары үшін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Жастарымыз осындай мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, өз кәсібін бастайды деп сенемін. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет зейнеттегі қариялар мен бесік тербеткен аналарға қолдау көрсете береді. Ал жалынды жастарға өмірде өзінің лайықты орнын табуға жағдай жасаймыз», — деді Қ. Тоқаев.

Осылай деген Мемлекет басшысы Ұлттық қордың балаларға бөлінетінін қаржысын қалай жұмсауға болатынын айтты.

«Мен «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама қабылдауды ұсындым. Біз қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының тең жартысын балалардың есепшотына аударатын боламыз. Бұл қаржыны олар кәмелет жасына толғаннан кейін баспанаға немесе білім алуға жұмсай алады. Осы шешім ұлттық табысты әділ бөлу қағидатына сай келеді деп есептеймін. Аталған шаралардың бәрі өскелең ұрпақтың болашағына арналады», — деді Президент.

 

Другие новости

Back to top button