Елде енді 30 жылда халықтың төрттен бірі ғана ауылда қалады
Қазақстан ауылдарында 31 жылдан кейін халықтың небәрі 28,5%-ы ғана қалуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің бюджеттік тәуекелдер мен қаржының 2056 жылға дейінгі ұзақ мерзімді тұрақтылығы жөніндегі талдамалық есебінде айтылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Болжам бойынша, 2030 жылға қарай халық саны 21,7 миллион адамға жетеді, оның ішінде: ерлер – 10,6 миллион, әйелдер – 11,1 миллион. 2040 жылға қарай халық саны 24,4 миллионға дейін өседі, оның ішінде: ерлер – 12 миллион, әйелдер – 12,4 миллион. Ал 2056 жылға қарай халық саны 29,7 миллионға жетіп, ерлер – 14,6 миллион, әйелдер – 15 миллион болады.
ҚАЛА ЖӘНЕ АУЫЛ ХАЛҚЫНЫҢ САНЫ
Болжамға сәйкес, урбанизация деңгейі 2056 жылға қарай 71%-ға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 9,5%-ға өседі.
Қалалық халық саны 8,9 миллион адамға немесе 71,9%-ға артады, ал ауылдық жерлерде өсім 0,8 миллион адам немесе 11,7% болады.
Есепте урбанизация деңгейінің артуымен қалалық инфрақұрылымды дамытуға жұмсалатын шығындардың көбейетіні атап өтілген. Бұған жолдар, көпірлер, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі және қоғамдық көлік жатады. Сонымен қатар, қалалар денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қызметтерге деген сұраныстың артуы сияқты жаңа әлеуметтік қажеттіліктермен бетпе-бет келуі мүмкін.
Сонымен қатар, урбанизация қалаларда тұратын жеке және заңды тұлғалардан түсетін салық түсімдерінің артуына ықпал етіп, бұл жергілікті бюджет кірістерін ұлғайтуы және төменгі деңгейдегі бюджеттерге республикалық бюджеттен трансферттер қажеттілігін азайтуы мүмкін, делінген есепте.
ЖАС ЕРЕКШЕЛІГІ БОЙЫНША ХАЛЫҚ САНЫ
2056 жылға қарай зейнет жасындағы халық саны (65 жастан жоғары) едәуір өседі: 2023 жылғы 1,7 миллион адамнан 3,8 миллион адамға дейін.
Еңбекке жарамсыз жастағы халық саны (0-15 жас) 42,6%-ға өсіп, 8,3 миллион адамды құрайды, бірақ олардың жалпы халық санындағы үлесі сәл төмендейді.
Еңбекке жарамды жастағы адамдар саны (16-64 жас) 2023 жылғы 12,3 миллион адамнан 2056 жылы 17,5 миллион адамға дейін артады.
Дегенмен, есепте еңбекке жарамды халықтың санының өсуіне қарамастан, оның жалпы халық санындағы үлесі төмендейді, бұл демографиялық жүктеменің артуына әкелетіні айтылған.