Шымкентте жетім балаларды жылдар бойы қорлап, мысықтың еті мен зәрін берген Ұлықбек Сманов деген емшінің 6 баланы қалай және қайдан асырап алғаны туралы Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің редакциясына сұмдық мәліметтері бар құжат келіп түсті. Айта кетейік, бала асырап алған кезде есі дұрыс болған Ұлықбек Сманов дәл қазір жындыханада жатыр.
БАЛАЛАРДЫ ДЕРЕКТЕР БАНКІНЕН ТАПҚАН
Шымкент қаласының тұрғындары, ерлі-зайыпты Ұлықбек Сманов пен Индира Сманова 2021 және 2023 жылдары кәмелетке толмаған 6 баланы қамқорлыққа алған. Балалардың екеуін асырап алған, ал төртеуі қамқорлықта тәрбиеленді.
Қолымызға түскен құжат бойынша Сманов 3 баланы Шымкент қаласынан қамқорлығына алса, ал, 3 баланы Астанадан алып кеткені белгілі болып отыр. Ол бұл бүлдіршіндерді жетім балалардың базасынан тапқан көрінеді.
«Сманов жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және балаларды өз отбасына алуға тілек білдірген азаматтарға арналған Республикалық деректер банкі арқылы осы кәмелетке толмаған балаларды қорғаншылыққа және қамқоршылыққа алды», — делінген дереккөзде.
СМАНОВТАР ҚАМҚОРЛЫҒЫНА АЛҒАН БАЛАНЫҢ ЕҢ КІШІСІ НЕБАРЫ 1 АЙЛЫҚ НӘРЕСТЕ БОЛҒАН
Сонымен, Ұлықбек Сманов 2021 жылы 17 мамырда Астана қаласы білім басқармасы басшысының 7 шілдедегі бұйрығымен туғанына небары 1 ай 20 күн болған қыз баланы қамқорлығына алған. Кейін, екі жыл өте Шымкент сотының шешімімен осы қызды толықтай асырап алған. Ал, 2021 тамыз айында қатігез отбасы Астанадан егіз баланы (бір ұл, бір қыз) қамқорлыққа алған. Яғни, 2021 жылы Астана қаласы білім басқармасы Смановтарға бар-жоғы 3 айлық егіз балаларды қамқорлығына алуға рұқсат берген.
Айта кетейік, 2021 жылы ақпан-қазан айларында Астана қаласының білім басқармасын қылмыскерді жұмысқа алам деп қызметінен босатылған Шәкәрім Сейсенбай басқарған.
Ұлықбек Сманов асырап алған төртінші бала 2008 жылы туған ұл. Бұл баланы да Шымкент сотының рұхсатымен толық асырауына алған. Біздегі дерек бойынша дәл осы жасөспірім бала 2024 жылдың 12 ақпаны күні Смановтың үйіндегі тозақ туралы хабарлаған.
Сманов сондай-ақ 2023 жылы Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының бұйрығымен 2019 және 2020 жылы туған екі баланы бағып алған.
Айта кетейік, Шымкент қаласы білім басқармасын 2021 жылы Жанат Тажиева басқарса, 2023 жылдан бастап Нұргүл Шамшиева басқарған.
«САНДЫРАҚ СИНДРОМЫ» БАР СМАНОВ БІРНЕШЕ ЖЫЛ БОЙЫ ҚҰЖАТ БОЙЫНША САУ БОЛҒАН
Күні кеше хабарланғандай, Сманов қазір «сандырақ синдромы» диагнозымен Талғардың психикалық ауруханасында жатыр. Смановтар балаларды асырап алмас бұрын 3 ай бойы балалар үйіне барып, арнайы психологиялық дайындықтан толықтай өткен және соны растайтын сертификат алған. Одан кейін е.gov.kz порталы арқылы бала асырап алуға үміткерлікке тіркелу үшін өтінім жіберген. Басқарманың қамқоршылық пен қорғаншылық бөлімінің қызметкерлері тапсырған құжаттарын толық қараған және соттылығын ресми түрде тексерген. Барлық құжаттары заң талабына сай келген соң тұрғын жайын тексерген. Акт жасалған.
ӘРУАҚ ҚОНҒАН ЕМШІ КЕЗІНДЕ МУЗЫКА ПӘНІНЕН САБАҚ БЕРГЕН
Қазір әлеуметтік желіде шымкенттік емші туралы әртүрлі ақпараттар желдей есіп жүр. Бұған дейін журналист Гүлмира Әбіқай желідегі жазбасында 51 жастағы Ұлықбек Смановтың бойында жастайынан ауытқу пайда болып, есейе келе психикалық диспансерде жатып ем алғаны туралы жазған еді. Бұл туралы емшінің қарындасы журналистке айтып берген.
«Әруақ қонды деп, арқасы қозып, өздігінен сағаттап сөйлей бастайды. Зікір оқып, қамшымен дем саламын деп жүрді өзі. Арасында қазақ-араб университетін оқыдым деп, 2010-шы жылдары Отырар колледжінде музыкадан сабақ та берген. Кейін үйленіп, мал бағып, малды-жанды болып тұрмысы көтерілді. Индира жеңгеміз біртоға, жуас, тек бала көтере алмады», — депті қарындасы.
Қазір жауыздықтан жапа шеккен ересек екі бала бейімделу орталығына орналастырылып, тағы төртеуі балалар үйіне бағытталды. Ер адамның өзі «сандырақ синдромы» диагнозымен Талғардың психикалық ауруханасында жатыр. Көкбұлақ ауылында болған бұл жағдайдан ауыл тұтас хабарсыз, бір атадан туған бауырлары да білмеген. Ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған, қазір іс сотқа жолданды.