Экс-президент Назарбаевтың мейірім-шапағаты: Қазақстанда жемқорлық үшін сотталып, мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан шенеуніктер кімдер
9 қарашада бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді күдікке ілініп, қамауға алынды. Өз жарын өлтірген экс-министр негізінде осы уақытта түрмеде отыруы тиіс еді, алайда 10 жылға бас бостандығынан айырылған шенеунік рақымшылыққа ілініп, небәрі 2 жыл 8 айдан кейін босап шықты. Stan.kz жемқорлық үшін сотталып, кейін кешіріммен босатылған шенеуніктер тізімін дайындады.
Қуандық Бишімбаев –10 жылға сотталып, 2 жыл 8 айдан соң бостандыққа шыққан “вундеркинд”
Қуандық Бишімбаев 2017 жылдың 10 қаңтарында жемқорлық үшін ұсталған. Ол жалпы сомасы 346 миллион теңге пара алып, 1,2 миллиард теңге көлемінде қаржы жымқырғаны үшін 2018 жылдың 14 наурызында 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда Бишімбаев осы әрекеті үшін өкінетінін айтып, Назарбаевтан сенімін ақтамағаны үшін кешірім сұрады.
“Президенттің сенімін ақтай алмағаным әрі жаныма батады, әрі ұят. Кадр таңдауда қателікке ұрындым. Жақын тұтқан адамдар мені және сенімімді пайдаланып кетті. Мемлекет басшысынан, барша халқымыздан бұл үшін кешірім сұраймын», – деген еді Бишімбаев.
Осылайша тұңғыш президенттің кешіріміне іліккен Болашақ түлегі 2019 жылдың 25 қыркүйегінде қамаудан босатылып, жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылды.
“Бишімбаев президенттен кешірім беруді сұрап өтініш жазды, Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындап, ісіне өкінді. Сот белгілеген шығындарды өтеді. Жазасын өтеу кезінде өзін жақсы қырынан көрсетті”, – делінген қылмыстық атқару жүйесі комитеті берген түсініктемеде.
Жалпы Бишімбаев 2 жыл 8 ай (кейбіреуі 2-ден 1-ге дейін деп есептелетін) жазасын тергеу изоляторында өтеген. Бостандыққа шыққан соң бұрынғы әйелі Назыммен ажырасып, Салтанат Нүкеноваға үйленді. Алайда Бишімбаев 9 қарашада елордалық «Bau» мейрамханасында екінші әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталып, екі айға қамауға алынды.
Экс-министрге қатысты бастапқы сот шешімі өзгермегенде ол әлі 4 жылын түрмеде өткізер еді.
Серік Ахметовтің бостандығының құны – 2 миллиард 200 миллион теңге
2014 жылдың қазан айында қорғаныс министрі қызметінен кеткен Серік Ахметов артынша қараша айында үйқамаққа алынды. Ол сыбайлас жемқорлық схемаларына қатысып, аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Кейін қызмет бабын асыра пайдаланды және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу айыптары қосылды.
Осылайша Серік Ахметов 2015 жылы желтоқсанда сыбайлас жемқорлық үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ахметов 2016 жылдың 11 маусымы күні жақсы тәртібі және мекеме қабырғасында тәрбиелік шараларға белсенді қатысқаны үшін жазаны өтеудің жеңілдетілген түріне көшірілді.
Қарағанды облысының Абай аудандық соты 2017 жылдың 19 қаңтарында Ахметовке қатысты «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы» заңға сәйкес рақымшылық жасап, оның жазасының өтелмеген төрттен бір бөлігін 1 жыл 7 ай 11 күнге қысқартты. Сондай-ақ Ахметов мемлекетке келтірген шығын – 2 миллиард 200 миллион теңгені төлеген.
Жақсылық Досқалиев – экс-президенттің мейірім-шапағаты
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен сотталған тағы бір шенеунік – экс-денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев.
Экс-министрге “Қызмет бабын асыра пайдаланды” деген айып тағылып, 2010 жылдың қазан айында ұсталған.
Тергеу мәліметінше, Досқалиев медициналық академияның ректоры қызметін атқарған кезде академияның қарамағындағы жер телімінде тұрғын үйлер салуға заңсыз рұқсат берген. Ол рұқсат бергені үшін салынған үйлерден бірнеше пәтерді пара ретінде алған деген болжам бар. Осы айыппен ол 2011 жылы тамыз айында кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Экс-министрдің адвокаты Ардақ Балпықовтың айтуынша, сотталушы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұраған. Экс-президент өз кезегінде оның өтінішін қанағаттандырып, Досқалиевті босатпай, бас бостандығынан айыру мерзімін жеті жылдан екі жылға қысқартқан.
Осыдан кейін Досқалиев шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш білдірді. Астана соты бұл өтінішті қанағаттандырып, 16 наурызда тиісті қаулы күшіне енген соң бұрынғы министр босатылды.
Қанат Сұлтанбеков: 2,14 миллиард теңге және Америка
«Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары, елорда әкімінің экс-орынбасары Қанат Сұлтанбеков 2017 жылдың ақпанында қамауға алынды.
Ол және серіктесі Талғат Ардан интерполда жеңіл рельсті көлік құрылысы жобасын іске асыру кезінде сыбайлас жемқорлық пен жымқыру ісі бойынша іздеуде болған. Сотқа Сұлтанбековтен басқа тағы сегіз айыпталушы қатысқан еді. Олар – әскерилер, кәсіпкерлер және Израиль азаматы. Сот отырыстары жабық режимде өтті.
2020 жылдың қазанында басталған Astana LRT ісі бойынша жеті сотталушыға жеңіл рельсті трассаны салу кезінде 5,7 миллиард теңгені ұрлады деген айып тағылды.
Тергеу кезінде Қанат Сұлтанбековтың алған пара мөлшері 1 миллиард теңгеден сәл асқаны белгілі болды.
Сот Қанат Сұлтанбековті пара алғаны үшін кінәлі деп танып, жазасын қатаң режимдегі мекемеде өтеу үшін 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Іс бойынша қалған айыпталушылар да түрлі жазаға кесілді.
2018 жылдың ақпанында сот Қанат Сұлтанбековтен бас бостандығынан айыру жазасын алып тастап, мерзімін 2 миллиард 139 миллион теңге айыппұлмен ауыстыру туралы шешім қабылдады.
«Бұрын сотталмағанын, кәмелетке толмаған үш баласының барын және тергеу органдарымен келісімге келгенін ескере отырып, сот оның жазасын 2,14 миллиард теңгеге ауыстырады», – делінген хабарламада.
Ол 2017 жылдың қарашасында сотталған. Сол жылдың 11 желтоқсанында мемлекетке келтірген залалы үшін айыппұлының алғашқы бөлігі ретінде 959 млн теңге төлейді.
Ал 2018 жылдың 5-6 ақпанында қалған 1 млрд 180 млн теңге көлеміндегі қаржыны бес траншпен төледі. Осыдан кейін Сұлтанбеков Америкаға кетіп қалады. Ал 2023 жылдың мамыр айында сот Сұлтанбеков пен серіктесі Талғат Арданды сырттай 7 жылға бас бостандығынан айырды. Судья өз үкімін екі сотталушының да шетелде екенін және сотқа келуден жалтаруымен байланыстырды.
Қайрат Боранбаев – мемлекетке келтірген шығындарды өтеу
Қайрат Боранбаев 2022 жылдың наурыз айында квазимемлекеттік сектордағы аса ірі көлемдегі қаражатты ұрлау фактісі бойынша қамауға алынды. Кәсіпкерге қатысты сот отырыстары бірнеше рет өтіп, ол мемлекетке келтірген шығындарын өтеді.
Боранбаев мемлекетке 90 миллиард теңгенің активтерін қайтарып берді, оның ішінде:
- мұнай кен орны,
- газ тарату компаниясы,
- сервис саласындағы кәсіпорын,
- қонақ үй және сауда-ойын-сауық кешендері,
- фитнес орталықтар желісі,
- кеңсе бөлмелері және басқа активтер бар.
- Сондай-ақ Боранбаев білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды;
- Боранбаев табиғи газ импорты кезінде қаражатты ұрлау эпизоды бойынша тергеу кезінде 14,5 млрд теңге көлемінде материалдық залалды өтеді;
- Қайрат Боранбаев құны 1,4 миллиард теңгелік қонақүй кешенін мемлекетке қайтарды. «Comfort Hotel Astana» Астананың орталығында орналасқан. Кешеннің аумағы 5 мың шаршы метрден асады. Ал жылдық айналымы 900 миллион теңгеге жуық екен;
- Қайрат Боранбаев «Алмалы» мен «Fitnation» фитнес-клубтар желісін мемлекетке қайтарды. Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, аталған нысандар Астана, Алматы және Қостанай қалаларында орналасқан. Жалпы құны 33,75 миллиард теңгені құрайтын ғимараттардың барлығын әлеуметтік мақсаттарға пайдалану жоспарлануда;
- Қайрат Боранбаев құны 35 миллиард теңгеден асатын кен орнын мемлекет меншігіне қайтарды;
- Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, құны 35,4 миллиард теңге «Қаражанбас Северный» кен орны мен құны 14 миллиард теңгеге жуық «Азия Газ Чунджа» газ таратушы компаниясы және құны 9 миллиард теңге «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекет меншігіне қайтарылды.
Мемлекетке келтірген шығынын өтеп болғаннан кейін Қайрат Боранбаевтың жазасы өзгертілді. Сот келесі мән-жайларды ескере отырып, Боранбаевтың арызын қанағаттандырды:
- сотталған адам жаза мерзімінің 1/3 бөлігін (2 жыл 4 ай 5 күн) өтеді;
- мемлекетке келтірілген залалды толығымен өтеп, тергеуге көмектесті және ісіне өкінеді;
- қамауда ұстау кезінде оған оң сипаттама берілді.
Еске салсақ, наурызда Қайрат Боранбаев 8 жылға сотталған. Ал қыркүйекте жаза мерзімі 6 жылға дейін қысқарған еді. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің хабарлауынша, Боранбаевқа бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалғандықтан, тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда болады.
Бұған дейін, ол мемлекетке келтірген шығынын өтеген еді. Сондықтан сот үкімі жеңілдетілді.
Ахметбек Ахметжановтың жазасы 13 жылдан 6 жылға қысқартылған
Қостанайда «үлкен әкімдік ісі» 2015 жылдың жазында қала әкімінің екі орынбасары – Мақсұт Қалиев пен Фрунзик Аракелянның ұсталуынан басталды. Мақсұт Қалиев – 13 миллион теңге көлемінде, Фрунзик Аракелян 300 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікпен қолға түскен еді.
Орынбасарлары ұсталғаннан кейін Қостанай қаласының әкімі Ахмедбек Ахметжанов бұл жағдайды «адам сенгісіз» деп атады. Алайда кейін ол қызметінен босатылып, қамауға алынды.
Фото: 123ru.net
Ахметбек Ахметжановқа 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу туралы үкім шығарылды. Әкімнің орынбасары Мақсұт Қалиев төрт жылға, ал Фрунзик Аракелян жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Кейін сот әкімнің бұрынғы орынбасарына қатысты үкімді жеңілдеткен. Фрунзик Аракелянның жазасы екі есеге, ал Мақсұт Қалиевтің жазасы үш жылға қысқартылып, 2016 жылдың күзінде бостандыққа шықты.
Біраз уақыттан кейін сотталған экс-әкімнің жазасы 13 жылдан алты жылға дейін қысқартылды. 2019 жылдың сәуірінде Қостанайдың экс-әкімі Ахметбек Ахметжанов шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.
Мүсілім Өміряев 10 жылға сотталып, 3 жылда бостандыққа шықты
Тағы бір жемқорлық дерегі бойынша ұсталғандардың қатарында бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өміряев та бар. Ол мемлекеттік сатып алу байқауында ұтуға жәрдемдесемін деп, кәсіпкерден 100 мың доллар сомасында
пара алды деп айыпталған болатын. 2013 жылдың 24 желтоқсанында Астанадағы Алматы аудандық №2 соты Өміряевті қамауға алуға рұқсат берді.
Фото: PrimeMinister.kz
2014 жылғы 16 қазанда Өміряев 311-баптың 5-бөлігімен (аса ірі көлемде пара алды) айыпталып, 10 жыл бас бостандығынан айырылған еді. Сондай-ақ жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтеуге және мүлкін тәркілеуге үкім кесті.
2016 жылдың қарашасында экс-вице-министрдің ісі қайта сараланды. 2016 жылғы 28 желтоқсанда сот сотталған Өміряевтің өтінішін қарап, бұл мерзімді неғұрлым жеңіл жаза – бас бостандығын шектеу жазасымен ауыстырды.
«Сот отырысында сотталушының өзіне тағайындалған жазаның қажетті бөлігін өтегені, жазаны өтеу орнында оң сипатталғаны, сотталғандардың көркемөнерпаздар ұйымдарының мүшесі болғаны және мінез-құлық дәрежесі
бойынша оң нәтиже алғаны анықталды. Іс бойынша залал жоқ. Процессуалдық шығындар өз еркімен толық өтелді», – делінген хабарламада.
Қажымұрат Үсеновтің колонияда жақсы мінез-құлық танытқанын ескеріп, рақымшылық жасалған
Әкесі Мақсат Үсенов 2015 жылы жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталған болатын. Ал 2016 жылы маусымда Қажымұрат Үсенов “ЭКСПО” – 2017 ұлттық компаниясында қаржы жымқырды деген айыппен екі жылға бас бостандығынан айырылды. Ұлттық компанияның құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы кінәсін мойындау туралы мәміле жасады.
Сондай-ақ сот оның қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алған мүлкін тәркілеп, мемлекеттік органдарда және коммерциялық ұйымдарда белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырды. Оны мемлекеттік наградаларынан айыру туралы мемлекет басшысының атына ұсыныс енгізді.
2017 жылы сәуірде оған Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасалды. Содан кейін сот жазаның өтелмеген қалған бөлігін екі есе қысқартты. Содан Үсенов шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Сот бұрынғы шенеуніктің колониядағы белсенділігі мен жақсы мінез-құлқын ескерген.
Серік Баймағамбетов – президент рақымына ілінген шенеуніктердің бірі
2013 жылдың қаңтарында Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Баймағанбетов қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, 80 мың доллар көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталды.
Сот кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Баймағамбетовті қылмыстық кодекстің 307-бабы 2-тармағы («Қызмет өкiлеттiгiн терiс пайдалану») бойынша ақтады, ал 311-бап бойынша («аса ірі көлемде пара алу») айыпты деп тауып,
10 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім бойынша, экс-шенеуніктің дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.
2014 жылдың тамызында экс-кеден бастығының колонияда соққыға жығылғаны туралы ақпарат пайда болды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірақ сараптама сотталушының дене жарақатының бар-жоғын растамады.
Кейін сот Кедендік бақылау комитетінің сотталған бұрынғы басшысы Серік Баймағанбетовке жеңілдік жасап, оның шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандыоды. Бұл туралы судья Рамазан Әлімханов мәлім етті. Ол Серік Баймағанбетовке Қарағанды аудандық соты кешірімділік танытқанын, атап өтті.
Айта кетейік, кеден комитетінің бұрынғы басшысы Серік Баймағанбетов президенттің 2014 жылғы 9 қыркүйектегі жарлығымен жазасы бес жылға қысқартылды.
Айта кетейік, 2020 жылдың 19 тамызында Қасым-Жомарт Тоқаев жемқор шенеуніктерді шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салуды бұйырды.
Тоқаев азаматтардың кірісі азайып, экономиканы қолдауға бөлінген қаражатты ұрлау қаупі артқан пандемия кезінде сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту қажеттігін атап өткен еді.