ГлавноеПавлодарская область

Екібастұздағы ЖЭС-тің табысы станцияны қамтамасыз етуге де жетпеді — Александр Клебанов

Орталық Азия электроэнергетикалық корпорациясының акционері Александр Клебанов Екібастұздағы ЖЭС-те болған апатқа не себеп болғанын айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

 

Instagram-да жариялаған видеода олигарх апат салдарын қалай жойып жатқанын хабарлады.

“Апат болғалы бері мен және өндірістің барлық жұмысшысы оның салдарын жоюға тырысып жатырмыз. Барлық күшімізді соған жұмсадық. Апатқа келер болсақ, айтқым келетін бірінші нәрсе – жылу желілерінде ақау болғандықтан қазандықтар істемей қалды. Жылу тұрбалары жарылып кеткен жерге қолда бар барлық маманды жолдадық. Нысанды қалпына келтіру жұмысын ОАЭК, “Екібастұзжылуэнергия” және мен қадағалап отырмын. Мен бірінші күннен бері осындамын. Басқа жақтан жүздеген қызметкеріміз келіп, тұрғындарға көмек беріп жатыр, – дейді Клебанов.

Оның сөзінше, станцияны корпорация мемлекеттен емес, өзге жеке компаниядан сатып алған. Клебанов станция көріп отырған табыс өндірісті күтіп ұстауға да жетпейді дейді.

 

“Біз бұл мүлікті жеке компаниядан 2008 жылы сатып алдық. Жылу желілері тозғанын, мәселе барын бірнеше рет айтқанбыз. Бірақ жеке компания ретінде тарифті көтере алмаймыз. Сондықтан өндіріс басынан бері тек шығын әкелді. Өндірістің табысы станцияны толықтай не ішінара жаңарту тұрмақ түгілі қамтамасыз етуге де жетпей жүрген. Мұным бос сөз емес. Оның бәрін қаржы есептері дәлелдей алады”, – дейді ол.

 

Олигарх ЖЭС мемлекет меншігі болады деген ақпаратқа қатысты пікірін айтты.

“Маңыздысы, біз бірнеше жыл бойы ЖЭС-ті мемлекетке беру мәселесін қарастырып келдік. Апат қандай жағдайға түрткі болғанын көрдік, сондықтан станцияны қалпына келтіруге және өндіріс капиталына мемлекетті араластыру мүмкіндігін қарастыруға дайынбыз. Жұмыстағы кедергілер туралы көп сөйлемей-ақ қояйын, қазір бастысы – жұрттың жағдайын түзеу. Сол үшін біз жұмыстанып жатырмыз”, – деді Александр Клебанов.

27 қарашада бүкіл Екібастұз қаласы қақаған қыста ЖЭС-тегі апаттың кесірінен жылу және жарықсыз қалды. Ондағы ауа температурасы –31 градусқа дейін төмендеді. 130 тұрғын үй жылусыз қалды. Қалада төтенше жағдай орнады.

 

1 желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовты қызметінен алып тастады.

Другие новости

Back to top button