Павлодарская область

Екібастұзда кәсіпорын басшылары 45,5 млн теңгенің дүниесін жымқырып келген – ҚМА

Олар өздері құрған қылмыстық схема бойынша әрекет еткен

Қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті Екібастұз қаласындағы «Богатырь Көмір» ЖШС орта буын басшыларының қылмыстық әрекетін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Автобаза директоры ЖШС-да басшылық қызмет атқаратын басқа тұлғамен бірге жүйелі түрде тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлап, 45,5 млн теңге көлемінде материалдық залал келтірген деген күдікке ілінді», — делінген ведомствоның хабарламасында.

Қылмыстық схема көлік құралдарының қосалқы бөлшектерін есептен шығару, жаңасын алу және оларды орнату имитациялап, құжаттарға қол қоюдан тұрған.

«Жаңа қосалқы бөлшектер болмағандықтан арнайы техника істен шығып, ұзақ уақыт жұмыс істемей тұрған. Ал жоғарыда аталған тұлғалар жаңа қосалқы бөлшектерді сатып отырған», — делінген хабарламада.

Аталған тұлғалар ұсталып, ұрланған жүк көліктерінің қозғалтқыштары мен беріліс қораптары тәркіленді. Сот олардың кінәсін толық мойындауына байланысты күдіктілерге қатысты «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді.

Другие новости

Back to top button