Екібастұзда ЖЭО-ның бұрынғы бас директоры сотталып жатыр
Екібастұзда жергілікті ЖЭО-дағы апат бойынша қылмыстық істің соты басталды. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлайды.
«Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Павел Мельничук және «ЭТЭЦ» ЖШС бөлімшесінің бұрынғы басшысы Виктор Вебер мен «Екібастұз жылу желілері» ЖШС басшысы Евгений Горваттың соты өтті. Сотталушыларға ҚК-нің 254-бабы «Міндеттерге жосықсыз қарау» бойынша айып тағылды.
Екібастұз ЖЭО жұмысында технологиялық бұзушылықтар бұрыннан тіркелді, алайда тергеу нұсқасы бойынша станция басшылығы осы жылдың қысына дайындық кезінде жабдықты техникалық куәландырумен және гидравликалық сынақтармен шектелді. Айыптау қорытындысынан жылу станциясында 10 жылдан астам күрделі жөндеу жүргізілмегені анықталған.
«Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС бас директоры Павел Мельничук станцияның негізгі және қосалқы жабдықтары 2022-2023 жылдың күзгі-қысқы маусымына дайын емес екенін біле отырып, дайындық актілеріне қол қойған», – деді мемлекеттік айыптаушы.
Апат салдарынан 149 көпқабатты және 114 жеке үй, сондай-ақ 15 әлеуметтік нысан жылу және ыстық сусыз қалды.
Естеріңізге сала кетейік, Екібастұз ЖЭО апаты өткен жылдың 27 қарашасына қараған түні болған. Бірнеше қазандық агрегаттарының апаттық сөнуі нәтижесінде қаланың бір бөлігі 30 градустық аязда жылу мен ыстық сусыз қалды. Кейін Екібастұзда ТЖ режимі жарияланды.