ГлавноеГосорганы

Екі аяғынан айырылған Алуа ауруханадан енді шығады

Маусым айының басында Астанада болған автобус апатының кесірінен екі аяғына ампутация жасалған сегіз жасар Алуа Бекен ауруханадан шыққалы жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy редакциясына қалалық денсаулық сақтау басқармасынан хабарлады.

«Денсаулығы тұрақты, ауруханадан шығару жоспарланып отыр», — деп хабарлады ДСБ баспасөз қызметі.

Оқиға қашан болды

Естеріңізге салайық, Астанада 2 маусым күні жолаушылар автобусы Республика даңғылымен келе жатып, жол жиегіндегі бағанға соғылған. Жол апаты салдарынан 15 адам ауруханаға түскен, оның ішінде алтауы – бала. Ауыр жарақат алған сегіз жасар қыз бала екі бірдей аяғынан айырылды. Зардап шеккен қыз бауырларымен бірге Астанаға қыдырып келген. Көпбалалы отбасы Ақмола облысындағы ауылда тұрады.

9 маусым күні елорда әкімдігі зардап шеккен баланың отбасына қаладағы жаңа тұрғын үй кешенінен төрт бөлмелі пәтердің сертификатын табыстады.

Автобус паркі Алуаның отбасына өмір бойы көмектесе ме

Ал, Астанадағы №1 автобус паркі жол апатынан кейін екі аяғынан айырылған сегіз жасар Алуа Бекеннің отбасына өмір бойы көмек көрсетуге кепіл бола алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұған дейін Алуаның туыстары әлеуметтік желідегі парақшасында №1 автобус паркінің басшысы Мадияр Тұқпатовпен кездескенін және парк басшылығы кішкентай қыз бен оның отбасына өмір бойы материалдық көмек көрсетуге уәде еткенін жазған.

Алайда №1 автобус паркі заңда бекітілген рәсімдерсіз өмір бойы қаржылай қолдау көрсетуге кепіл бере алмаймыз деп отыр.

Бала бірден реабилитация бастайды

Өткен аптада бұрынғы денсаулық сақтау министрі, қазір балаларды оңалтудың Ұлттық орталығын басқарып отырған Ажар Ғиният автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған Алуаның анасымен кездескен еді. Ғинияттың айтуынша, әуел баста балаға протез салынған соң ғана оңалту орталығына жатады деген жоспар болған. Бірақ, анасының уайымы мен Алуаның мазасы күйі шұғыл шешім қабылдауға итермелеген.

«Аталған жағдай орын алған күннен бастап орталығымыз Алуаға қажетті көмекті көрсету жолдарын қарастырып келеді. Бастапқыда протез орнатылғаннан кейін кешенді оңалту курсын ұсынуды жоспарланған едік. Алайда анасы Махаббаттың айтқан уайымдары мен Алуаның мазасыз күйі- көмекті дәл қазір бастау қажет екенін көрсетті. Қазір Алуа қалалық ауруханада ем алып жатыр. Кеше анасы Махаббатпен бала ауруханадан шыққан соң біздің орталықта кешенді оңалту курсынан өтетін болып келістік. Бұл кезеңде мамандарымыз оның физикалық жағдайын қалпына келтірумен қатар, психологиялық және әлеуметтік бейімделуіне де жан-жақты қолдау көрсетеді. Алуаға көмек көрсету- біздің кәсіби борышымыздан бұрын, адами жауапкершілігіміз», — деп жазды Ғиният.

Ұлттық орталықтың мамандары болса «Алуға болашақта да тиісті қолдау мен қажетті медициналық қызмет түрлерін ұсынуға дайын» екенін жазған.

Другие новости

Back to top button