Выбор редакцииСоциум

Егер қазақ біріксе…

Соңғы күндері елді дүрбелеңге салып, Украинадағы соғысты қолдаған Кремль жыршысы Григорий Лепстің концерті Қазақстанда өтпейтін болды. Мәдениет министрлігі саяси, идеологиялық салмағы ауыр осы істе үнсіз қалды. Сыртқы істер министрлігі тарапынан да бұл жағдайда мемлекеттің мүддесін қорғап, шетел әншілерінің Ата заңымызда тыйым салынған соғысты насихаттау әрекетіне қарсылық білдіріп ауыз ашқан ешкім болмады.

Еліміздің тыныштығына қауіпті концертті тоқтатқан үкіметтің пәрмені емес, қазақтың басқа жағдайларда байқала бермейтін ұйымшылдығы, бірлігі! Әлеуметтік желілерде қандастарымыз арандатушылардың бұл концертіне бармауға шақырды. Нәтижесі ойдағыдай болды. Қонаев қаласында 8 маусымда өтеді деп жоспарланған концерті өтпей қалғаннан кейін Лепс енді Қазақстанға келмейтінін мәлімдепті. Атамнан әрмен кетсін!

Жасыратын несі бар, Ресейден бір барқыраған әнші келсе есі қалмай концертке жүгіретін ағайындарымыз көп. Аналар сахнада ирелеңдеп, қиралаңдап, шыңғырып, бақырып қалтасын ойсыз қазақтың ақшасына толтырады да кетеді. Өзінің асылынан да өзгенің сасығына құмар санасыз қазақ олар үшін «сүті» үзілмейтін сауын сиырдай табыстың көзі. Әйтпесе өзіміздің Қызылжарда да соларды таза өнерімен он орап алатын әншілеріміз бар ғой.

Шалғай ауылдарда да мәдениет саласындағы шенділердің назарына ілінбей жүрген талай дүлдүлдер бар. Әміре Қашаубаев, Шара Жиенқұлова сияқты ұлттық ән өнері жаухарларынан мирас болып қалған сахнамызға жат пиғылды өзгелерді емес, өз ұл-қыздарымызды шығармаймыз ба?

Қазіргі жағдайда ән жай ғана өнер емес, нағыз саяси үгітке, ой-санаға ықпал ету құралына айналды. Көрші елдің әншілері саяси әрекетін осымен тоқтатады деп ойламаймын. Олар әлі де келер. Бірақ ұлттық санамызға қозғау салып біріксек қас ниетті әншілер қазақ жеріне мүлдем аяқ баспайтын болады. Лепстің орға жығылуынан түйген ойым осы.

 

Марат Ермұқанов

Abai.kz

Другие новости

Back to top button