
13 қазанда Дүниежүзілік тромбоз күні — тромбтардың (қан ұйығы) пайда болу мәселесіне және олардың қауіпті салдарына назар аудартуды мақсат ететін күн атап өтіледі. Тромбоз жыл сайын миллиондаған адамның өмірін қияды, оның кең ауқымды көріністеріне қарамастан, жаңа туған нәрестелерде кездесетін сирек формалары әсіресе қитұрқы.
Осы күні «Такеда Қазақстан» фармацевтикалық компаниясы ауыр тұқым қуалайтын С протеинінің тапшылығы (АТҚСПТ) — жаңа туған нәресте өмірінің алғашқы сағаттарында көрініс беруі мүмкін, өміріне қауіп төндіретін, бірақ өте сирек кездесетін генетикалық ауру туралы хабардарлықты арттыру науқанын бастайды.
«АТҚСПТ шұғыл дамитын пурпура тудырады, бұл — жаңа туған нәрестелерде ауқымды тромбтар пайда болуын және тіндер некрозын тудырып, кейіннен ауыр асқыну мен өлімге әкелетін жағдай. Ауру 250 000-2 000 000 жаңа туған нәрестенің біреуінде кездеседі. Қазақстанда соңғы жылдары бірнеше ғана жағдай тіркелді, бірақ олардың әрқайсысы медицина қауымы мен үкімет тарапынан жіті көңіл бөлуді талап етеді. Ерте диагностикасыз және уақытылы емсіз өлім-жітім 60-90% жетеді. Қажетті ем қабылдамаған пациенттерде соқырлық, терең тіндердің некрозына байланысты аяқ-қол ампутациясы, сонымен қатар неврологиялық асқынулармен бірге бассүйекішілік қан кету сияқты ауыр салдар өрбуі мүмкін. Шұғыл дамитын пурпура қауырт шешім қабылдауды қажет етеді. Дәрігерде диагноз қойып, емді бастау үшін небәрі бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін ғана уақыт бар. Ауыр тұқым қуалайтын С протеинінің тапшылығы (АТҚСПТ) бар екені неғұрлым тезірек болжанып, тиісті ем тағайындалса, нәрестенің өмірін сақтап қалу және бақыланбайтын тромб пайда болудан туындайтын ауыр асқынулардың алдын алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Шұғыл дамитын пурпура, кумарин тудырған тері некрозы және көктамырлық тромбоз — дереу шара қолдануды қажет ететін клиникалық көріністер. Дәрігер алғашқы минуттардан бастап-ақ АТҚСПТ ауруын ықтимал себеп ретінде қарастырып, кідіріссіз әрекет етуі тиіс. Бұл жай ғана диагноз емес, бұл — нәрестенің тірі қалуы дұрыс шешім қабылдауға тәуелді болатын сәт», — деп атап өтті Ләзат Нұрбапайқызы Манжуова, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс балалар онкологы және гематологы.
Маман тіпті ең сирек кездесетін аурулардың да медицина қауымының назарынан тыс қалмауы керек екенін айтады. Дәрігерлердің жаңа диагностика және емдеу әдістерімен үнемі танысып, үйренуі өте маңызды. Өйткені, мұндай пациентке кез келген уақытта тап болуға болады, сонда тек білікті маман ғана патологияны уақытында танып, баланың өмірін сақтап қала алады.
«Медициналық қауым пен жалпы жұртшылық арасында АТҚСПТ туралы хабардарлықты арттыру — ерте диагностика мен уақытылы көмек көрсетудің кілті. Тек күш біріктіру арқасында ғана ауру, диагностика және емдеу әдістері туралы білімнің жетіспеушілігінен болатын өлімнің алдын алуға болады. Біздің миссия — әсіресе сирек кездесетін және ауыр сырқаттарға шалдыққан адамдардың өмірін сақтауға септесу. Әрбір жаңа туған нәрестенің өмірі — баға жетпес байлық. Хабардарлықты арттыру арқылы біз АТҚСПТ-дан бірде-бір бала көз жұмбайтын немесе шұғыл дамитын пурпурадан азап шекпейтін болашақ құрамыз», — деді Михаил Владимиров, «Такеда Қазақстан» ЖШС директоры.
Науқанның үндеуі айқын: Баланың өмірін сақтап қалу және болашағын соқырлықтан, ампутациядан, жүйке жүйесі үшін ауыр салдардан қорғау.
АТҚСПТ кезіндегі шұғыл дамитын пурпура күтпейді. Өмірдің алғашқы сағаттарында диагностика жасау және дереу емдеу нәрестені құтқаруға таптырмас мүмкіндік береді.
Анықтама үшін:
- АТҚСПТ — жаңа туған нәрестелерде өлімге әкелетін, тромбозбен ілесе жүретін С протеинінің ауыр туа біткен тапшылығы.
- Ауру өте сирек кездеседі: 250 000-2 000 000 нәрестеге шаққанда 1 жағдай (2).
- Емдеусіз өлім-жітім 90% дейін жетеді.
- Ықтимал асқынулар: соқырлық, аяқ-қол ампутациясы, бассүйек ішілік қан кету.
Компания туралы
«Такеда Қазақстан» — адамдардың денсаулығын жақсартуды және бүкіл әлем үшін жарқын болашақ құруды мақсат тұтатын жаһандық Takeda биофармацевтикалық компаниясының бөлімшесі. Компания пациенттердің өмір сапасын жақсартатын препараттар жасайды, негізгі терапевтік салаларда және бизнес бағыттарда, соның ішінде гастроэнтерология мен қабыну аурулары, сирек кездесетін аурулар, қан плазмасы негізіндегі препараттар, онкология, неврология, сонымен қатар вакциналар саласында емдеуге қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Құндылықтарды басшылыққа алатын және инновацияларға ұмтылатын жетекші биофармацевтикалық компания ретінде Такеда пациенттерге, қызметкерлеріне және бүкіл планетаға қамқорлық көрсету жөніндегі өз міндеттемесін орындайды. 80 ел мен аймақтағы қызметкерлері Такеда компаниясын екі ғасыр бойы айқындап келе жатқан құндылықтарды басшылыққа ала отырып, осы корпоративтік миссияны берік ұстанады.
Қазақстанда компания 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Оның портфелінде 30-ға жуық препарат бар, оның ішінде 10 препараттың инновациялық және өмірлік маңызы зор. «Такеда Қазақстан» пациенттердің өмір сапасын жақсартуға және терапияға қолжетімділікті арттыруға бағытталған инновациялық шешімдерді дамытуға тұрақты түрде инвестиция салады.
Қосымша ақпарат алу үшін www.takeda.com сайтына кіріңіз.