Дүниежүзілік тазалық күні аясында CCI Kazakhstan ұйымдастырған экоакцияларға 2000-нан астам қазақстандық қатысты

Алматы, Астана және Шымкент қалаларында CCI Kazakhstan ұйымдастыруымен Дүниежүзілік тазалық күні аясында ауқымды экологиялық іс-шаралар өткізілді. Үш қалада жиналған қайталама шикізаттың жалпы көлемі шамамен 40 тонна болды. Оның ішінде 1 233,5 кг пластик (896 кг – Алматыда, 150,5 кг – Шымкентте және 187 кг – Астанада) жиналды.
Акция мақсаты – қала тұрғындарын қоқысты бөлек жинау тәжірибесіне тарту және әрбір адамның экологиялық әл-ауқатқа үлес қоса алатынын көрсету. Іс-шараға екі мыңнан астам қала тұрғыны, студенттер мен еріктілер қатысты.
Алматыда компания кеңсесінің аумағында Recycle Бірге ұйымының қолдауымен ауқымды акция өтті. Онда қала тұрғындары төрт жарым тоннадан астам қайталама шикізат тапсырды. Оның ішінде пластик (ПЭТ-пластик – 327 кг), әйнек, картон, макулатура, алюминий, консерві банкілері, батареялар, пенопласт, медицина қалдықтары, электронды қалдықтар, ескі маталар болды.
Тақырыптық аймақтар жұмыс істеді: кітап алмасу, өсімдік алмасу, тегін жәрмеңке және гараждық сатылым. Дәстүрлі қалдық түрлері – пластик, әйнек пен макулатураға қоса сирек кездесетін қалдықтар да қабылданды: электроника, сынапты шамдар, мерзімі өткен дәрілер, пенопласт және консерві банкілері. Қонақтарға шеберлік сабақтары мен компания сыйлықтары ұсынылды. Шамамен 50 өсімдік пен көшет тегін берілді, 80-ге жуық өсімдік алмасылды, қатысушылар 20-дан астам гүл құмырасын, кашпо, әйнек ыдыстарды және көптеген пластик стақандарды тапсырды.
Кітап алмасу аясында ауыл кітапханаларына 180 кітап жиналды, 250-ден астам кітап пен оқулық Наурызбай аудандық мүгедектер қоғамына берілді, 6 қалта макулатура қайта өңдеуге жіберілді.
Астанада экосенбілік Қосшы қаласындағы Қарасу өзенінің жағасында өтті. Іс-шараға Астана Халықаралық университеті мен Esil University студенттері – компания экожобаларының бірінің серіктестері, сондай-ақ CCI Kazakhstan қызметкерлерімен қоса 200 ерікті қатысты. Бастапқыда қоқысты бөлек жинау бойынша тренинг өткізілді. Акция барысында 35 тонна қалдық жиналды. 187 кг пластик қайта өңдеуге жіберілді.
«Біз үшін тұрақты даму туралы айта беру жеткіліксіз, адамдарды нақты әрекетке тарту маңызды. Дүниежүзілік тазалық күніне арналған экоакция сынды бастамалар қоқысты саналы басқару мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі және әрбір адамның үлесі шын мәнінде маңызды екенін көрсетеді. Серіктестерімізбен және еріктілерімізбен бірге қоғамға оң өзгерістер әкелетінімізді мақтан тұтамыз», — деді CCI Kazakhstan компаниясының Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі үкіметпен байланыс, коммуникациялар және тұрақты даму жөніндегі директоры Әлима Исембаева.
Шымкентте сенбілікке «Жастар ресурстық орталығының» 100-ден астам еріктісі және CCI Kazakhstan зауытының қызметкерлері қатысты. Жалпы 344 кг қалдық жиналды, оның ішінде 150,5 кг пластик қайта өңдеуге жіберілді.
Іс-шараның құрметті қонағы – экобелсенді, «3.2.1 Start!» жобасының алдыңғы маусымдарының жеңімпазы Владислав Голярко болды. Ол EcoCashback мобильді қосымшасының әзірлеушісі ретінде де танымал. Қосымша экологиялық саудаға ынталандырып, кэшбэк жүйесі арқылы қайта өңдеуге қатысуды қолдайды. Бұл жоба цифрлық технологиялардың экологиялық әдеттерді қолдап, жастар арасында саналы тұтыну мәдениетін қалыптастыруға ықпал ете алатынын көрсетті.
«Бүгінде адамдар қоқысты бөлек жинаудың не екенін және оның маңыздылығын біледі. Бірақ мәселе инфрақұрылымның дайын еместігінде: қайта өңдеу ашық емес, шикізаттың басым бөлігі шетелге кетеді. Сондықтан бізге акциялар ғана емес, жүйелі өзгерістер қажет – заңнамада, логистикада, тәсілдерде. Сонда ғана қысқа мерзімді бастамаларды тұрақты жүйеге айналдыра аламыз», — деді Владислав Голярко.
Экоакциялар сериясы қазақстандықтардың экологиялық тақырыптарға жоғары қызығушылығын растады және қоқысты бөлек жинау мен қайта өңдеу барған сайын үйреншікті тәжірибеге айналып келе жатқанын көрсетті. Мұндай бастамаларға бизнестің қатысуы басты рөл атқарады: компаниялар өз қызметкерлері мен серіктестерін тарта отырып, жоғары деңгейдегі ынтымақтастықты көрсетеді және қоғамды экологиялық жауапты мінез-құлыққа ынталандыратын үлгі болады. Алайда тұрақты жүйе қалыптастыру үшін қоғам мен бизнестің күш-жігері жеткіліксіз – мемлекет тарапынан белсенді қатысу, ашық инфрақұрылым құру және заңнамалық бастамаларды қолдау қажет. Бұл қоқысты бөлек жинау мен қайта өңдеуді ұзақ мерзімді негізде орнықтырады.