Ақша

Долларлану күшейеді – Сүлейменов базалық мөлшерлемені 10-12% төмендетуге келіспеді

Бұрын бұл бастаманы парламентте «Ақ жол» партиясының депуаттары көтерген еді. Алайда Ұлттық банк өз позициясында қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДЕПУТАТТАР ҰСЫНЫСЫ

Депутаттар бұған дейін сауал жолдаған кезде базалық мөлшерлеменің жоғарылығынан несиенің үстіне 21-23% қосылатынын, мұндай несиелеумен кәсіпкерлер тек алып сатумен айналысатынын айтысқан. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені өткен айда 15,25% деңгейінде қалдырғанын сынаған. Мөлшерлемені  10-12% деңгейінде төмендету керек дескен.

СҮЛЕЙМЕНОВ НЕГЕ КЕЛІСПЕДІ

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов депутаттарға берген жауабында 2024 жылы желтоқсанда инфляция 8,6% деңгейінде қалыптасып, 2025 жылдың қаңтарында ол 8,9%-ке дейін өскенін, алайда халық оны бұдан да жоғары бағалайтынын (сауалнамаға сәйкес 13,2%) атап өткен. Мұндай жағдайда базалық мөлшерлемені төмендету елеулі салдарға әкелетінін ескерткен. Сүлейменовтің пікірінше, егер мөлшерлеме инфляция деңгейінен және халықтың, кәсіпорындардың, қаржы ұйымдарының күтулерінен төмен болса, онда қазіргі кезде 32,0 трлн теңгені құрайтын теңгелік салымдар депозиттік ставкалардың төмен болуына байланысты өз тартымдылығын жоғалтып, айтарлықтай қысқарады. Адамдар бағаның одан ары өсетінін күтіп, тауарлар мен қызметтерді тез тұтына бастайды. Қаражаттардың валюталық активтерге аударуы, банк жүйесінен депозиттердің кетуі, қолма-қол ақшаның өсуі, жылжымайтын мүлікті қоса алғанда, баға мен бағамдық күтулердің өсуіне байланысты ұзақ мерзімді тұтыну тауарларын сатып алуы күшейтіледі.

Қазіргі инфляция деңгейі (8,9%) мен жоғары инфляция күтілерін (14,6%) ескере отырып, және дәйексіз ақша-кредит саясаты кезінде базалық мөлшерлеменің 10-12% деңгейінде сақталуы мөлшерлемелердің төмендеуіне алып келмейді. Бұл, ең алдымен, банктер инфляция бойынша күту деңгейінен төмен мөлшерлемелер бойынша кредиттер бермейтініне байланысты. Осы аталғандардың бәрі пайыздық мөлшерлемелер деңгейіне шешуші әсер етіп, олардың төмендеуіне кедергі келтіреді, тіпті базалық мөлшерлеме төмендеген жағдайда да, – дейді Сүлейменов жауабында.

Өз аргументтерін тізе келе Тимур Сүлейменов үздіксіз және ұстамды қатаң ақша-кредит саясатын жүргізу инфляцияны екі еседен астам төмендетуге мүмкіндік бергенін, 2023 жылғы ақпандағы 21,3%-тегі ең жоғары деңгейден 2025 жылғы қаңтарда 8,9%-ке дейін түскенін айтады. Егер қатаң шаралар қабылданбағанда, инфляция әлдеқайда жоғары болып қалар еді деп болжайды.

Қазіргі факторлар жиынтығы, соның ішінде сыртқы белгісіздік, ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын одан әрі сақтауды талап етеді. Ал, мөлшерлемені мерзімінен бұрын төмендету жағдайында айтарлықтай баға қысымы сақталып, инфляциялық процестердің жеделдеуі, долларланудың күшеюі және халық жинақтарының құнсыздануы орын алады. Ұлттық банк инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа қол жеткізу және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін дәйекті ақша-кредит саясатын жалғастырады. Бір реттік шешімдер емес, азаматтардың табысын қорғауға және тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыс маңызды екеніне сенімдіміз, – дейді Сүлейменов.

Яғни, бұл жауабымен Ұлттық банк төрағасы базалық мөлшерлемені 10-12% төмендетуге келіспейтінін білдіріп отыр.

Другие новости

Back to top button