Интервью

«Дипломмен ауылға жобасы ескірген»: бағдарламаның тиімсіз тұстары көп

Әсия Мұрапбаева - жас маман

«Дипломмен ауылға» жобасы 2009 жылдан бері бар. Бағдарлама арқылы ауылды жерлерге барып жұмыс істейтін маманға бір реттік 306 мың теңге төлем төленеді. Оған қоса 4,6 миллион теңге тұрғын үй сатып алу үшін 0,01 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен кредит беріледі. Бастысы – жобаның аясында маман шалғай елді мекенде 3 жыл еңбек ету шарт. Azattyq Ruhy тілшісі жас маманмен сұхбаттасып, бағдарламаның тиімсіз тұстарын анықтап білді.

Үш баланың анасы алматылық Әсия Мұрапбаева – қазақ тілі мен әдебиетінің пәнінің мұғалімі. Дипомын былтыр қолына алған. Бұл – оның меңгерген екінші мамандығы. Алайда осы уақытқа дейін жұмыс таппай жүр. Өйткені, барлық білім ордалары еңбек өтіліңіз жоқ немесе бос орын қалмады деп шығарып салады екен. Дипломы шаң басып жатпасын деп ауылға да ұстаз болып баруға дайын екенін айтты. Бірақ бағдарламаның шарттары тиімсіз деп отыр. Оның үстіне ауылдағы кейбір мектептерде зейнет жасынан асқан мұғалімдердің жастарға орын бермейтіні кедергі келтіреді дейді.

«Үш ұлым бар. Мемлекеттен беретін бір реттік 306 мың теңге неге жетеді!? Қазір азық-түліктің ауылдағы құны қаладағы бағамен бірдей ғой. Ауылда құр қара жерді 4-5 миллион теңгеге аласыз. Сонда біз сол ауылда «квартинат» болып жүреміз бе? Бағдарлама арқылы барған күннің өзінде де жолдасымның жұмыс тауып кетуі екіталай. Жалпы бұл бағдарламаға түбегейлі өзгерістер енгізу керек. Кем дегенде 3 баласымен баратын отбасы үшін орнығып алғанша, 3-4 ай 1 миллион теңгеден төленсе, ал баспана мәселесін шешу үшін тым құрығанда 10 миллион теңге қайтарымсыз берілуі керек. Бірақ қазіргідей 3 жыл емес, 5 жыл ауылды жерде еңбек ету керек деген талап қойылғаны дұрыс. Бізге сол уақыт аралығында мұғалім-сарапшы деңгейіне дейін көтерілу керек болса да, біз зор құлшыныспен жұмыс істейтін едік. Күйбең тіршілікпен жүрген кез-келген адамның қоғамның игілігі үшін бар күш-жігерімен жұмыс істеу қиынға соғады. Бүгінде әр ұстаз педагог деген статусты алу үшін арнайы тестілеуден өтеді. Ол дұрыс», — деді ол.

 

Сөзін жалғай отырып, ауылды жерлерде зейнет жасындағы мамандардың әлі де көп екенін айрықша қозғап өтті.

«Ауылды жерде еңбек етіп жүрген білікті зейнеткер ұстаздар көп. Олардың барлығы орындарын босатпаса, жастар қайда барады?! Мен қаладан ауылға барып, тәжірибе жинауға дайынмын. Өйткені, қалада еңбек өтіліңіз жоқ деп алмайды. Ауылға барсақ, кейбір мектептерде зейнет жасындағы мұғалімдер әрі қарай 10 жылдап еңбек ете береді, сәйкесінше орын жоқ. Меніңше, зейнет жасына жеткен кадрлар жұмыстан кетуі керек. Нақты заң қабылдануы керек. Бұл әділетті шешім болар еді. Менің екінші дипломымды алғаныма небәрі бір жыл болды. Сонда біз қайда баруымыз керек!? Тіпті «жастар практикасы» бойынша уақытша 6 айлық жұмысқа да алмайды. Өйткені, 29 жас деп шектеу қойған. Менің қазіргі жасым 31-де. Қайда барсақ та, шектеу көп. Енді ауылдың деңгейін көтеруге дайын мен сияқты мамандарға бағдарламаның шарттарын мемлекет тиімді етіп өзгертсін!» — деді алматылық Әсия Мұрапбаева.

Бағдарлама бойынша ауылды елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтегі әкімдік аппаратының мемлекеттік қызметшілері бара алады. 2009 жылдан 2021 жылға дейін, 85 мыңнан астам маман бағдарлама аясында жұмысқа орналасқан. Оларға бас-аяғы 14,1 млрд теңге сомасына көтерме жәрдемақы төленіпті.

«Жобаның шеңберінде 100 АЕК (306,3 мың теңге) біржолғы көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу үшін 1 500 АЕК-тен (4,6 млн теңге) аспайтын сомада бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шаралары көзделеді. Жобаны іске асыру кезеңінде 2009 жылдан бастап 2021 жылға дейін 85 мыңнан астам маман 14,1 млрд теңге сомасына көтерме жәрдемақы алды, ал 40 мыңнан астам маманға 123,5 млрд теңге сомасына тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит берілді. 2022 жылға 4,3 мың маманға тұрғын үй сатып алу үшін 20,0 млрд теңге бюджеттік кредит беру көзделген. 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 2,6 мың маманға 11,8 млрд теңге сомасында бюджеттік кредит берілді», — деп мәлімдеді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.

11 жылдың ішінде бағдарлама аясында 60 мың маман білім беру, 18 мың кадр денсаулық сақтау, 2302 адам мәдениет саласына, 1512 азамат спорт саласына, 2743 маман агроөнеркәсіп кешен саласына, 699 адам әлеуметтік қамсыздандыру бағытына, 12 қызметкер кент, ауыл әкімдіктеріне жұмысқа тартылған. Ұлттық экономика министрлгі бағдарламаға қаржылық жағынан өзгерістер енгізілуі мүмкін деп отыр. Олардың есебінше, енді азаматтар аудан орталығынан 7,5 миллон теңгеге баспана сатып ала алады екен.

«Министрлік пен жергілікті атқарушы органдар бірлесе, өңірлердегі тұрғын үй құнына қосымша талдау жүргізілді. Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша ауылдық аудан орталықтарында орташа ауданы 70 шаршы метр тұрғын үйдің орташа құны 7,5 млн теңге, ал басқа ауылдарда 5,5 млн теңге құрайтынын көрсетті. Қазіргі уақытта, министрлікпен бюджеттік кредит мөлшерін саралау және аудан орталықтары үшін 2 500 айлық есептік көрсеткішке дейін және қалған ауылдық елді мекендер үшін 2 000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту, сондай-ақ шалғайдағы және шекара маңындағы ауылдардағы мамандар үшін көтерме жәрдемақы мөлшерін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту жөнінде ұсыныс қалыптастырылып жатыр», — деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.

Бүгінде бағдарлама арқылы ауылды жерге барып, кредит алғандардың 96%-ы қойылған міндеттемелерді орындап жатыр екен.

Биыл «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы 4 мың 353 маманға көрсетілген қаржылай қолдау 20 миллион теңгені құрапты. Басым бөлігі Қызылорда, Түркістан облыстарына жолдама алған.

 

Другие новости

Back to top button