Госорганы

Депутат әскерге бармаған азаматтардың мерзімді борышын өтеу тәртібін ұсынды

Константин Авершин министрге сауал жолдады

Мәжіліс депутаты Константин Авершин депутаттық сауалында әскерге шақырылмағандардың борышын өтеу тәртібін қарастыру мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

 

«Бүгінде Қазақстан Қарулы күштерінің жағдайы туралы әртүрлі пікір бар. Жағдай шиеленісіп тұр. Өкінішке қарай, мұны әскери борышын өтемеген, әскери салаға қатысы жоқ «диван сарапшылары» айтады. Бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, бос сөзге жол беруге болмайды», — деді ол.

Депутат халық Қазақстан Қарулы күштеріндегі істің жайынан жақсы хабардар болуға тиіс дейді.

«Бұл ұлттық қауіпсіздікпен және әскерге шақырушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей байланысты. Себебі, олар да біреудің баласы, ағасы мен туысы. Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Қазақстанның «Жалпыға бірдей әскери міндет және әскери қызмет туралы» заңына сәйкес (кейінге қалдыру не басқа да негіздер бойынша) әскери бөлімдерде тиісті әскери-дәрігерлік комиссияны өткеннен кейін әскерге шақырылмаған азаматтарды мерзімді әскери қызмет өтеу шарттары негізінде ерікті тәртіппен әскерде (1-3 ай) болу мүмкіндігін пысықтау», — деді ол.

Бұл шара әскери қызмет туралы шынайы ақпарат таратқысы келетін мүдделі тұлғалар: блогерлер, журналистер, қоғамдық пікір көшбасшыларына мүмкіндік беріп, олар әскердің атмосферасын сезіне алады. Қоғамға Қазақстан Қарулы күштері қатарынан репортаждар ұсынылады.

«Сондай-ақ бұл барлық ниет білдірушіге, нағыз патриоттарға іс жүзінде елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға өз үлесін қосуға мүмкіндік береді. Олар әскери қызметтің барлық қиындығы мен аутпалығын сезінетін болады. Менің ойымша, бұл олардың дүниетанымын өзгертеді.

Осылайша, әскери қызмет туралы ақпарат тарататын тұлғалардың жауапкершілігі де артады. Сондай-ақ бұл шара қандайда бір жағдайға байланысты Отан алдындағы борышын өтемеген, қолында автомат ұстамаған адамдарға алғашқы әскери дайындықтан өтуге мүмкіндік береді», — деді ол.

Авершин Қазақстан Қорғаныс министрлігіне осы мәселені қарауды, нормативтік-құқықтық актілерге, Қорғаныс министрлігінің бұйрықтарына тиісті өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар дайындауды, қажет болса, азаматтардың әскери жиындардан өтуіне қатысты жаңа бұйрықтар әзірлеуді ұсынды.

Другие новости

Back to top button